Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Халық Қаһарманы Тоқтар ӘУБӘКІРОВ Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің жастарымен кездесті. Ғарышкерді университет жанынан құрылған әскери кафедраның сарбаздары салтанатпен сап түзеп қарсы алды. Жастар кездесу барысында көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Ал, университет ректоры Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ Тоқтар Оңғарбайұлына «Құрметті профессор» атағын тапсырды.

Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков сөз басында:

– Ағамызды білмейтін жан жоқ. Сондықтан, бұл кездесуге арнайы сценарийдің де қажеті жоқ. Әрі бұл кездесу басқалардан өзгерек болуы шарт. Сол себепті, жастар көкейіндегі сұрақтарға жауап алсын деген оймен еркін форматта ұйымдастырдық. Күні кеше Қарағанды университеті жоғары оқу орындары арасында ІІ орынға шықты. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Ал, осындай кездесулер студенттерге үлкен сабақ әрі тағылым болмақ, – деді. Студенттердің де күткені осы болса керек, сұрақтар бірінен соң бірі қойылып жатты.

– Мен ғарышқа елім үшін ұштым, – деп бастады сөзін Тоқтар Оңғарбайұлы. – Кеңес өкіметі уақытында туып-өскен адаммын. Бала кезімде «алдыма қандай арман қойсам, соған қайтсем де жетемін» деп ойлайтынмын. Өскен соң, сол арманға жетудің оңай емес екенін түсіндім. Олай дейтінім, «Сынақшы ұшқыш мектебіне түсемін» деп талай мәрте өтініш жазғанмын. Ол кезде Қиыр Шығыста ұшқыш болып жүргенмін. Кейін өтінішіме жауап келді. Ол жерде «Сен өзімізге керексің» деп жазылған. Алайда, бұның бәрі сылтау еді. Содан кейін «Соңғы 70 жылда Орта Азиядан шыққан сынақшы ұшқыш болды ма?» деп өз-өзіме сұрақ қойып, жауап іздей бастадым. Өкінішке қарай, таба алмадым. Содан бастап «сынақшы ұшқыш боламын» деп өз-өзіме серт бердім. Қанша мәрте хат жазсам да мардымды жауап ала алмадым. Кейін Алматыға келіп, Қазақстанның бірінші хатшысы болып тұрған Дінмұхамед Қонаевқа мән-жағдайды түсіндірмек болдым. Алайда, ол кісі жұмыс орынында болмады. Ол кісіге хат жазып, кіреберісінде отырған хатшыға тастап кеттім. Хат жазғанның өзінде, көп жазуға болмайды екен. Себебі, оқитын уақыты жоқ. Сөйтіп, айтарымды қысқа әрі нұсқа жазып қалдырып кеттім. Ол жерде «Осы уақытқа дейін Орта Азиядан бірде-бір сынақшы ұшқыш шықпаған. Ал, мен алғашқысы болғым келеді. Емтихандарымның бағалары – жоғары, денсаулығым – мықты. Көмектесіңіз!» дедім. Кейін ол кісі жоғарғы жақтан қол қойдырып, рұқсат алып берді. Қайтадан емтихан тапсырып, денсаулығымды тексерттім. Оқуға түстім. Бұл жердегі құпия – ортаазиялықтарды алмайтын көрінеді. Ал, мен алғашқысы болдым, – деп естелігімен бөлісті.

«Ғарыш жайлы әңгіме айтқанымызда ең бірінші сіздің есіміңіз ойға оралады. Сіз ғарышқа ұшқан уақытта жастардың бәрі «ғарышкер болсам» деп армандады. Келешекте ғарышқа ұшу үшін бүгінгінің жастарына не керек?» деп сұрады студенттер.

– Ия, ол кезде «Ғарышкер боламын» деген жастардың қарасы қалың болды. Бірақ, қазір де жоқ емес. Ғарышкер боламын десең, ең бірінші – білім ал. Ғылыммен шұғылдан. Егер, ол қолыңнан келсе, ғарышқа ұш. Себебі, ғарышқа ұшу – барлық жетістіктерден биік тұрады. Армандадың ба, соңына дейін күресу қажет. Сонда жетістікке жетесің, – деді ғарышкер.

«Әлемдегі ең үлкен ғарыш айлағы – біздің жерде. Солай бола тұра, тәуелсіздік алғалы бері бізден 3 ғарышкер ғана көкке көтерілді. Бұл жағдай сізді қынжылтпай ма?» деп сұрады.

– Бұл өте күрделі сұрақ. Бізде мамандар жоқ десек, артық айтқаным емес. Білім мен ғылым жолында аянбай тер төгуіміз қажет. Егер бұл жерді біз игере алмасақ – дұрыс болмайды. Қазір Ресейлік мамандармен жұмыс жасап, күш біріктіріп отырмыз. Осы жер келешекте сендерге мирас болып қалады. Сондықтан, бәрің білім мен ғылым жолында күш салу қажет. Ізден, үйрен, тәжірибе жина. Себебі, бұл сенің ертеңгі жемісің. Ал, білім қуған жанның алдында үлкен жетістіктің бары ақиқат, – деп жауап қайырды Тоқтар Оңғарбайұлы.

Ал, «Жолыңызды қуғысы келген балаларыңыз, немерелеріңіз болды ма?» деген сұраққа ғарышкер:

– Екі ұлым да орта жасқа келіп қалды. Олардың өз жолы болды. Оларға менің жолымды бермесін дедім. Себебі, «менің көрген қиындығымды олар көрмесе екен» дедім. Егер балаларымның бірі менің жолымды қуса, жүрегім шыдамас па еді?! Сондықтан оларға: «Мен өз табиғатымды білемін. Сол себепті осы жолмен келемін. Ал, сендер бұл жолдың соқпағына жарамайсыңдар. Сондықтан, алдарыңа мақсат қойып, басқа жолды таңдаңдар» дегенмін. Қазір үлкенім шаруашылығын басқарып отыр. Кішісі, соған көмектесіп жүр. Екеуі де талай жерде үлкен қызмет істеді. Алайда, түрлі кедергілер болғандықтан, ата-баба кәсібін жалғастыруға ден қойды, – деп жауап қатты.

Кездесу соңында ғарышкерге құрмет көрсетіліп, «Құрметті профессор» атағын табыстады.

Ербол ЕРБОЛАТ

ortalyq.kz