ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 77 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН ӘДЕБИ КЕШТЕ ҚАРАҒАНДЫЛЫҚ АҚЫН ВЕРА ГОЛОБОРОДЬКОНЫҢ «НЕ ЗАБЫВАЙТЕ О ВОЙНЕ» АТТЫ ЖАҢА КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ.
Таяуда Саран шаһарында Ұлы Жеңістің 77 жылдығына арналған «Ақындар жеңісті жырлайды» атты әдеби кеште Қарағанды өңірінің шығармашылық интеллигенциясы кездесті.
Іс-шараға қатысқан қалалық білім бөлімінің әдіскері Елена Коробова: «Бізде Ұлы Жеңіс күнін мерекелеу қарсаңында Қарағанды өңірінің ақындарымен кездесу жақсы дәстүрге айналды. Сіздерді қаламыздағы «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында көргенімізге қуаныштымыз. Уақыт қанша жерден жүйрік болғанымен, жадымызда сақталған естеліктер бізбен бірге болмақ. Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, соғыс балаларына ерен ерліктері үшін алғыс айтамыз. Біз бәріміз жанын пида етіп, бейбіт күнді сыйлаған жандарға мәңгі қарыздармыз, - деп өзінің алғы сөзінде атап өтті.
Әр ақын үшін жаңа кітап шығару – оның өмірінде ғана емес, поэзия әлемінде де өте маңызды оқиғалардың бірі. Осы жолғы кездесуде бірнеше рет республикалық, қалалық деңгейдегі грамоталармен және дипломдармен марапатталған танымал Қарағандылық ақын Вера Голобородьконың «Не забывайте о войне» атты сиясы кеппеген жаңа кітабының тұсауы кесілді. Бұл ақынның төртінші жинағы. Оған дейін «Душа ранима, что греха таить...», «Жизнь. Любовь. Судьба», «В поисках истины» атты жинақтары шыққан.
- Кітаптың ішінде барлық жылдар бойы жиналған өлеңдерім бар. Мұнда басылған 11 өлеңімді және әлі басып шығарылмаған 11 өлеңімді табасыздар. Бұл кітап - Ұлы Жеңістің 77 жылдығына арналған. Маған сіздерде өлең оқыған ұнайды. Себебі мен Саран қаласының құрдасымын,- деп Қарағандылық ақын Вера Александровна жаңа туындысы жайлы айтып берді.
Жарық көрген жаңа кітаптың ішіне ақынның 22 өлеңі кірген. Кітаптың алғашқы бетінде өзінің атауына сәйкес келетін «Не забывайте о войне» атты ақынның өлеңін оқысақ, жиырма екінші өлеңі «Я не приветствую войну» атты туындысымен аяқталған. Әр жыр шумақтары автордың жүрегінен ойып тұрып орын алған, әрбірінің өзіндік пайда болу тарихы мен құндылығы бар. Сол себепті ақын ешқайсысын да бөліп жармайды. Барлығын бірдей жақсы көріп, қадір тұтады. Кездесу барысында көрермендер қауымына өзінің екі авторлық өлеңін оқып, барлық Саран қаласының тұрғындарын Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады.
- Құрметті Саран қаласының тұрғындары сіздерді келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық пен мол бақыт тілеймін. Ең бастысы аспанымыз ашық болсын, - деп ізгі тілегін білдірді Қарағандылық ақын.
Ұлы Отан соғысына арналған әдеби кездесу Қарағанды облысы Жазушылар одағының мүшесі, Теміртау қаласы «Магнит» әдеби бірлестігінің жетекшісі Иван Елефтериадидің, Қарағанды облысы Жазушылар одағының мүшесі, Теміртау қаласы «Магнит» әдеби бірлестігінің өкілі Ольга Воротынскаяның және Қарағанды қаласының ақындары: Константин Семенюктің, Николай Федоров пен Саран қаласының «Лира» поэтикалық клубының жетекшісі Тамара Кучеренконың авторлық өлеңдерімен жалғасын тапты. Ақындардың жыр-шумақтарында балалық шақ, үлкен үміт пен орындалмай қалған арман, сол кездің батырлары туралы қастерлі һәм мұңлы естеліктер кестеленген. Арада қанша жыл өтсе де майданда «Отан үшін!» деп алға ұмтылған, қаһармандықпен ерен ерліктің үлгісін көрсеткен жауынгерлер есімі ұлықталды.
Кеште орын алған тағы бір тарихи сәттердің бірі - қалалық білім бөліміне қарасты сегіз мектептің кітапхана қоржынына бірдей бір кітаптың сыйлануы.
Қарағанды облысы Жазушылар одағының мүшесі Иван Елефтериади Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай басылып шығарылған «Память огненных лет» атты жинақ кітапшасын әр білім орданың «Жас ұлан» өкілдеріне салтанатты түрде табыс етті.
Қалалық білім бөлімі, «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы мен ардагерлер кеңесі бірлесе ұйымдастырған шарада білім беру ардагерлер кеңесінің бастауыш ұйымының төрайымы Надежда Скачкова, Саран қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі, № 2 жалпы білім беретін мектеп мұражайының жетекшісі Илья Карпов пен балалар қоғамдық бірлестіктерінің өкілі, № 7 мектеп-интернатының Президенті Дастан Куттимуратов ата-бабалардың даңқты ерлігі, өжеттілігі мен қаһармандығы мәңгі есте, жадымызда болатындығын айтты. Сахнаға шығып өнер көрсеткен жас буын өкілдері болса, «Өзіңе сен», «В небе беркут», «Байтақ елім» әндерін жанды дауыста орындап берді. Шара соңында оқушылар ақындармен естелік суретке түсіп, қолтаңбаларын алды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА