САРАН ШАҺАРЫНДА ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІ МЕН ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 77 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ТЫЛ АРДАГЕРЛЕРІНЕ СЫЙ-ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ.
Күні кеше ғана Саран қаласының орталық ауруханасының қабырғасында сұрапыл соғыс жылдарында бел жазбай еңбек етіп, қиямет-қайым қиындықтарды жеңе білген тыл ардагерлеріне арнап ақ дастархан жайылып, рухани шара ұйымдастырылды.
Көпті көрген қазыналы жандарды қастерлі мерекемен құттықтау үшін орталық аурухана директорының медицина жұмысы жөніндегі орынбасары Руслан Умурзаков құттықтау сөз сөйлеп, отты жылдардағы тыл ардагерлерінің ерен еңбегін атап өтті.
- Сіздерді Ұлы Жеңіс күнімен және 7 мамыр - Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтағым келеді. Әлемнің барлық асыл да, жылы сөздерін сіздерге арнаймыз. Себебі сіздер сол бір зұлмат жылдардың куәгерісіздер. Бастарыңыздан талай қиындықтарды өткердіңіз. 1941-1945 жылдары қаншама тарландарымыз, туған-туыстарымыз, достарымыз бейбітшілік үшін жанын берді. Сол жылдары тыл ардагерлері де аянып қалмады. Бар күш-жігерін салды. «Денсаулық – зор байлық» деп бекерден-бекер айтылмаса керек. Сіздерге ең алдымен мықты денсаулық тілейміз», - деді өзінің құттықтау сөзінде Руслан Умурзаков.
Тарихтан сыр шерткен, орамды ойлар ортаға салынған бұл шараның өтуіне орталық аурухана мен орталық аурухананың кәсіподақ комитеті өздерінің сүбелі үлестерін қосып отыр.
Кәсіподақ комитеті әрдайым қазыналы қарияларды ардақтап, мерейлі күндерде қастарынан табылып, қуаныштарына ортақтасып, керек кезде қол ұшын беріп те жүреді. Қашанда қолдау көрсетуге әзір. Осы жолы да дәстүрге сәйкес тыл ардагерлердің басын бір дастарханда қосып, көңілді марқайтатын, бастысы жүрекке жылу, көңілге қуаныш ұялататын шараның басы-қасында жүрді.
- Біз ардагерлер кеңесінің активін барлық іс-шараға шақырамыз. Себебі олар біздің барлық зейнеткерлерімізбен жыл бойы қажырлы жұмыс жасайды. Біздің ардагерлер кеңесі өте жақсы. Бүгінгі шарада барлық тыл ардагерлерімізді атаулы мерекелермен құттықтай отырып, дендеріне саулық, қажымас қайрат тілейміз. Осылай тың қалпыңыздан таймай, арамызда аман-есен жүре беріңіздер, - деп орталық аурухана кәсіподақ комитетінің төрағасы Зура Нұрғалиева өзінің ізгі тілегін білдірді.
Ардагерлер кеңесінің бастауыш денсаулық сақтау ұйымының төрағасы, «Лира» поэтикалық клубының жетекшісі, тыл ардагері Тамаша Кучеренко барлық жиналған қонақтармен бірге болып, іс-шараның жоғарғы деңгейде өтуіне атсалысты. Өзінің авторлық өлеңін жатқа оқып, бүгінгі күні ортамызда екі Ұлы Отан соғысының ардагері ғана қалғандығын атап өтті.
- Біз бұл мерекені әрдайым атап өтеміз. Бас дәрігерлер өзгеріп тұрса да, бірақ кәсіподақ ұйымы өзгерген жоқ. Зура Сырымжанқызы жыл сайын тыл еңбеккерлерін мерекелеуге және құттықтауға әрқашан осындай мүмкіндік береді, - деп ризашылығын білдірді тыл ардагері Тамара Кучеренко.
Сондай-ақ, «Арлагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Саран қалалық филиалының төрайымы Жұмабике Токушева тағылымды кездесуге қатысты.
- Менің де Жеңіс күніне тікелей қатысым бар. Менің екі ағам соғысқан. Әкем тыл еңбеккері еді. Ол Омбы қаласында колхоздың төрағасы болды, біз бұрын сонда тұрдық. Ол кезде ет, бидай, жылы-киімдердің барлығы майданға жіберіледі. Міне, сонда осындай өмір болды. Сүйікті ер азаматтарымызға, ұлдарымызға зор денсаулық тілеймін. Аспанымыз ашық, еліміз бейбіт, мұратымыз асыл болсын, - деп атап өтті Жұмабике Токушева.
Өсиет пен өнегеге толы кездесуде қатысушылар бір-біріне деген ыстық ықыласын, елімізге деген игі тілектерін айта отырып, алған әсерлерімен, естеліктерімен бөлісті. Сол күні қадірменді тыл ардагерлеріне кәсіподақ комитеті атынан шын көңілден сый-сияпаттар ұсынылды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА