АУЫЗАШАР БЕРУ ӨТЕ МАҢЫЗЫ ЗОР САУАПТЫ ІСТІҢ БІРІ. ЖОЛДА КЕТІП БАРА ЖАТЫП, КЕЗ-КЕЛГЕН АУЗЫ БЕРІК АДАМҒА БІР ДАНА ҚҰРМА НЕМЕСЕ КЕПКЕН ҚҰРМА ОЛ БОЛМАСА СУМЕН БОЛСАДА АУЫЗ АШАР БЕРУ САУАПҚА КЕНЕЛЕТІН ЖАҚСЫ АМАЛ.
Иә, дініміз бойынша, өзгелерге ас-су беру сауапты амал екендігін білеміз. Ал рамазан айында аузы бекіткен бауырларымызға тамақ беру одан да сауапты іс. Демек, мұсылман адам өзі ораза ұстап, шексіз сауапқа кенелгендей өзгелерге ауыз аштырып, солардың ұстаған оразаларындай тағы да сауапқа қол жеткізеді. Бұл қандай ғажап амал?! Мұндай сауабы мол амал ешбір дінде жоқ.
Рамазан айы кірісімен мұсылмандар бір-бірлерін ауызашарға шақыра бастайды. Әсіресе, міскін мен жағдайы төмен жандарды қонақ етуге тырысады. Мұсылмандар негізінен ағайын-туыс, жора-жолдас, дос-жарандарын ауыз ашарға шақырып, рамазан айының сауапты да игілікті амалдарының бірін орындауға ниет білдіріп жатады. Қонаққа шақырумен адамдар арасындағы қарым-қатынастар жақсара түседі. Мұндай игілікті іс өзгелердің жомарттық сезімдерін оятары анық.
Қасиетті рамазан айының соңына қарай шаһар әкімдігі Саран қалалық орталық мешітінің асханасында ораза ұстап, ауыз бекіткен барша қала тұрғындары мен мешіт жамағаттарына ауызашар берді.
Қасиетті рамазан айы мұсылман үшін Алланың рақымы мен шапағатына бөленетін, сауабы мен берекесі мол ай. Рамазан айының рамазан айы болуының өзіндік себептері бар. Біріншіден, бұл айда Құран түсті. Екіншіден, исламның бес парызының бірі оразаны осы айда ұстауға әмір етілді. Үшіншіден, мың айға тең келетін Қадір түні осы айдың еншісінде. Рамазан айының шарапаты мен сауабы тек ораза ұстаумен ғана шектелмейді. Бұл айда жасалған нәпіл амалдарымыз үшін сауап жазылмақ. Сол сауабы мол амалдың бірі - аузы берік жанға ауыз аштыру.
Ақшам намазы оқылып, жамағат сумен ауыз ашып, дастарханға жайғасқан соң бас имам Мұхамедқали қажы Саликов оразаның қасиетін паш етті. Оразаның парызы: ниет, уақыт және нәпсі қалауынан тыйылу екенін баса айтып, соңғысының барлық нәрседен тыйылу, яғни құлағымызбен жаман сөз естімей, ауызбен жаман сөз айтпау, оразада жамандықтан аулақ жүріп, оны ғибратты өткізу екенін мәлімдеді.
Қалалық мешіттің молдалары болса жиналған жамағатқа ауызашардың мол сауабы мен оразаның қасиеттері туралы уағыз айтты. Ал ауызашарға құрметті қонақ ретінде шақырылған ақсақалдар қала әкімдігіне ризалышылықтарын білдіріп, ислам дініне әсіресе жастардың бетбұрысы жылдан-жылға артып келетінін тілге тиек етті. Сонымен қатар, ауызашардың сауабын түсінген иманды жандардың да көбейуі көңілге қуаныш ұялатады деді олар.
Жамағаттың басын қосып, аузын аштырған әкімдік өкілдері Рамазан ол өмірімізде небір қайғы-қиындыққа себепкер болатын күнәларымыздың кешірілетін айы екенін айтты.
Бір үзім қара нан мен жұтым судың қадірін күні бойы ашқұрсақ болып, шөл қысып қиналған адам кешке ауызашарда ғана сезіне алады. Ораза - ешқандай шығынды қажет етпейтін диета. Әрі рухани, әрі дәрілік ем.
Берекелі дастарханнан дәм татқандар оразаны ең әуелі Алланың ризашылығы үшін тұтқанда ғана сауап берілетінін жеткізді.
Тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейтін адам асқазаны оразаның арқасында орта есеппен күніне төрт сағат тынығады екен. Есептей беріңіз, отыз күн бойы тұтқан оразаның арқасында 120 сағат тынығады деген сөз. Бұл – асқазан үшін үлкен жеңілдік. Осы аралықта бұл мүше өн бойындағы шлактардан, артық майлардан арылып, жаңа күш жинап үлгереді. Имамдар осындай орасан пайдасы бар Оразада сауаптан құр қалмауға шақырды.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ