ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ФУТЗАЛЫ ДӘУРЕНДЕП ТҰР. АЙНАЛДЫРҒАН ОНШАҚТЫ ЖЫЛ ІШІНДЕ ДҮНИЕНІҢ ДҮРКІРЕГЕН ДОДАСЫНДА ТОП ЖАРЫП ЖҮР. ҚАЗАҚ ТОПЫРАҒЫНА ЕУРОПА КУБОГЫН ДА, ЕУРОПА БІРІНШІЛІГІНІҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕСІН ДЕ ӘКЕЛДІ. ҚОС ҚҰРЛЫҚТЫ ЖАЛПАҒЫНАН ЖАЙЛАҒАН АЛПАУЫТ РЕСЕЙ ӨТКІЗЕТІН ӨТЕ БЕДЕЛДІ «ЕРЕМЕНКО КУБОГЫН» ҮШ РЕТ ЖЕҢІП АЛДЫ.
Иә, елімізде футзал спорты жақсы қарқынмен дамып келеді. Соның бір дәлеліндей, үстіміздегі жылғы сәуір айының 26 мен 30 жұлдызы аралығында Қарағанды қаласында колледж студенттерінің I, II дивизионы арасында футзалдан облыстық жарыс өткен болатын. Теңбіл доп спартакиадасын «Ұлттық колледж лигасы» аясында «Сарыарқа дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды.
Салауатты өмір салтын насихаттауға арналған спорттық сайысқа облыс колледждерінің 340 студентінен құралған 34 команда қатысты. Әуесқой спортшылардың қарқыны көңіл қуантады.
Футзал спорты командалық спорт түрі болғандықтан жарысқа шыққан əрбір команда ережеге сай күш сынасты. Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің командасы жарысқа тас-түйін болып дайындалып барыпты. Тамаша ойын көрсеткен Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің командасы облыс орталығы болып есептелетін бас шаһарда өткен тартысты сайыста ұлдар арасындағы 1 дивизионда бірінші орынды қанжығаласа, 2 дивизионда бақ сынасқан Саран техникалық колледжінің командасы жүлделі үшінші орынға жайғасты.
Жеңімпаз ұлдарымыздың есімін мақтанышпен атап өтейік: Нұрислам Шарибеков, Темірлан Өмірбек, Ерхан Жалғасов, Әлихан Боранқұлов, Елдар Әлімханов, Нұржол Шәрибеков. Осылайша жерлестеріміз Саран спортының мерейін асқақтатты. Жеңімпаздарымыз мен олардың жетекшілері, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушылары Мұратбек Дәулетбай мен Ардан Баймолдинді жемісті жеңістерімен құттықтаймыз!
Иә, еліміз тәуелсіз мемлекет болған 30 жыл ішінде ел спортшылары едәуір жетістікке жеткені анық. Олимпиада ойындары мен әлемдік додаларда көк Туымыз сан мәрте желбіреп, Әнұранымыз шырқалды. Егемендік алғалы ғаламның ғаламат бәсекелерінде өз еншісінен қағылып көрген жоқ. Ел дамуының ерекше нышанының бірі – спорт саласындағы жетістік. Кей кемшіліктердің барына қарамастан, спорт саласының жетістігі жайлы ауыз толтырып баяндауға болады.
Бұл тұста қазақстандық жанкүйерлерді қуанышқа бөлеп жүрген спорт түрлерінің бірі – футзал. Үлкен футболдың қара шаңырағынан өткен ғасырдың 20-жылдары отау болып бөлініп шыққан футзал ойыны елде қарқынды дамып келеді. 2016 жылы Сербияда өткен Еуропа чемпионатында, яғни Қазақстан ұлттық құрамасы алғаш рет қатысқан қарт құрлық біріншілігінде қолаға қол созған еді. Араға аз уақыт салып, төрт жылда бір болатын әлем чемпионатында да жақсы өнер көрсетті. Ал 2018 жылы қыста өткен кезекті Еуропа чемпионатында қазақстандық футзалшылар жақсы нәтиже көрсетіп, төртінші орын алды. Бұл тұста 2021 жылы футзалдан әлем чемпионатындағы нәтижемізді қоса кеткен жөн. Жартылай финалға дейін сүрінбей жетіп, әлем үздіктерінің бірі Португалия құрамасынан, қола жүлде үшін таласта Бразилия құрамасына есе жібердік. Әйткенмен, мықтылардың өзі жеңісті әрең алды. Тартысты ойын көрсеттік. 3 ойыншымыз жалпы доданың үздік ойыншылары қатарына енді. Осылай әлем бойынша футзалдан алғашқы төрттікке кірдік.
Футзал дегенде ұлттық құрамадан бөлек, «Қайрат» футзал клубын да ерекше айтсақ. Алматылық команда Еуропада азулы ұжымдардың бірі саналады. Футзалдан UEFA кубогін екі мәрте жеңіп алды.
Осы тұста кейбір оқырман қауымда «футзал не?» «футбол не?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Ендеше ара-жігін ажыратып өтсек.
Залдағы футбол мен атшаптырым стадиондағы футболдың арасы жер мен көктей. Залдағы футболшыға найзағай жылдамдық, қасқағымда жасайтын техника керек. Қас-қағымда дұрыс шешім қабылдауға тиіссің. Залдағы футболда толғатуға уақыт жоқ. Қарсыласпен иық қағыса жүріп арпалысқа түсесің. Спорттың бұл түрі футболдың інісі саналады, бірақ футзал жеке спорт ретінде танымал болып үлгерді.
Футзал футболдан туған спорт, бірақ бұл барынша демократияшыл балама саналады. Футзалға ұқсас спорт ХХ ғасырдың 20-жылдары Бразилияда пайда болды деген деректер бар. 60-жылдары бұл спорттың нақты ережелері бекітілді. Футзалдың футболдан айырмашылығы, ойыншы доппен болғанда да, допсыз жүгіргенде де қарсыласымен үздіксіз байланыс орнатуы тиіс. Футзалда ойыншы аз, сәйкесінше таңдау да аз болады. Сондықтан футзал ойыншыларының ойлау жылдамдығы жоғары болады, ұзақ ойлануға мүмкіндік жоқ, спортшы миында екі-үш шешім жоспарланып тұрады, ол жылдам әрі дұрыс қимылдап, шешім қабылдауы қажет.
Футзал 40 минут және 40 мәселеден тұрады. Әрдайым қарсыласпен қарым-қатынаста болып, барлығын көз алдыңда ұстауың керек. Футболда алаң үлкен, қарсылас сенен 4-5 метр қашықта жүреді, ал футзалда бәрі итерісіп, әр метрге таласады.
Тағы бір айта кетерлігі, бұл спорт түрінің адам ағзасына да берер пайдасы мол. Мәселен, білікті мамандардың айтуынша футзал жылдамдық пен күшті дамытады, одан кейін барып спортшының шыдамы жетіледі. Жылдамдық пен күш туғаннан сақталады, оларды жоғалтып алу қиын, ал спортшының шыдамдылығы жылдар өте кете бастайды. Футзалда техника үлкен рөл атқарады, сондықтан 50 жаста да техникасы мықты ойыншы болуға болады. Сондықтан да мамандар футзалды өте демократияшыл спорт деп те атайды.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ