САРАНДЫҚТАР ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНДА ҚАЗА БОЛҒАНДАРДЫ ЕСКЕ АЛДЫ. БИЫЛҒЫ ЖЫЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 77 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ ӨЗГЕШЕ АТАП ӨТІЛГЕНІ РАС. ДЕСЕКТЕ, ОНЫҢ ДА ӨЗІНДІК СЕБЕБІ БАР ЕКЕНІ ДАУСЫЗ.
9 мамыр күні сағат 11:00-де «Жеңіс Даңқы» стеласында басталған қалалық шара Мәңгілік алауға гүл шоғын қою рәсімімен аяқталды.
Даңқ монументінің жанындағы алаңға жүздеген сарандықтар жиналды. Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоюға Саран қаласының әкімідігі, қалалық мәслихат, ардагерлер ұйымы, қоғамдық кеңес, сот, прокуратура, полиция, қорғаныс істері жөніндегі бөлім, төтенше жағдай жөніндегі бөлім, денсаулық сақтау ұйымдары мен шаһардағы бірқатар өндірістік кәсіпорындардың өкілдері келген екен.
Сонымен қатар, шеруге мектеп оқушылары, студенттер, белсенділер және қала тұрғындары қатысты. Тәртіпті полиция қызметкерлері қадағалады. Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімі азалы марштың әуенімен жүргізілді.
Салтанатты шара барысында Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің солистері мен ұжымдарының қатысуымен қала тұрғындары үшін соғыс жылдарындағы және бейбітшілік пен достық, өркендеу мен туған жерге деген махаббат тақырыбындағы заманауи сүйікті әндер шырқалған арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Бұдан бөлек, биылғы жылы шаһарда «Батырларға тағзым» атты онлайн-акция ұйымдастырылды. Бұған дейін әлеуметтік желілерде қала тұрғындарына соғыс ардагерлерінің туысқандарының фотосуреттерін ұсыну туралы үндеу жарияланған болатын. Айта кету керек, қала тұрғындары бұл онлайн акцияға қолдауда белсенділік танытты, себебі шаһарымызда екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар туралы фотосуреттер мен мұрағат материалдары сақталған отбасылар қатары аз емес.
Тағы бір атап өтетін жайт, ол биыл Ұлы Отан соғысына арналған Даңқ Стеласының алаңында алғаш рет Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, Стелада орналасқан мемориалдық тақтада есімдері жазылған нағыз батырлардың суреттері, сондай-ақ біздің қаламыздың тұрғындары ұсынған фотосуреттер көрсетілген LED-экран жайғастырылды.
«Мәңгілік алау» – соғыс құрбандарын мәңгі есте сақтау мақсатында қойылған тоқтаусыз лаулап тұратын от. Үздіксіз жанып тұратын жалын газбен жұмыс жасайды. «Мәңгілік алау» соғыс символдарына жататын болған соң, жыл сайын халық алау маңына гүл шоқтарын қояды.
Қасиеті мен қасіреті қатар өрілген Ұлы Жеңістің 77 жылдығына арналған қалалық шарада Сарандықтар етігіне қан толып, толарсағымен саз кешкен жылдары оқ дауылының ішінде аттан салған жауынгерлер мен шейіт болған талай боздақтарды еске алып, рухтарына тағзым етті.
«Жеңіс күні – мен үшін ғана емес, еліміздің әрбір азаматы үшін ұлы мереке. Бүгінгі таңда Саран қаласында Ұлы Отан Соғысының екі-ақ ардагері қалды. Олардың қатары жылдан-жылға сиреп барады. Біз олардың әрқайсысын білеміз, құрметтейміз, мақтан тұтамыз. Ел қорғаны болған ардагерлердің әрбіріне мемлекет тарапынан барынша көңіл бөлініп, қамқорлық жасауға тырысады. Бүгін ардагерлердің ерен ерлігіне құрмет көрсетіп, еске алдық. Олардың ерлік жолын мақтан етеміз», - деді қаламыздың зейнеткер тұрғыны.
Ұлы Отан соғысында құрбан болғандар мәңгілік жүрегімізде! Арайлап атқан әрбір таңымыз бейбіт болсын! Сәбилеріміз бен аналарымыз, елін, жерін қорғайтын айбынды азаматтарымыз аман болсын!
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ Фото: Султанбек Егембергенов