ТЫЛ ЕҢБЕККЕРІ МЕН ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ АҚЫНДАРЫ ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ.
6 мамыр күні Ұлы Жеңістің 77 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 30 жылдығына орай Саран қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінде «Мен өз елімнің патриотымын» атты тағылымды кездесу ұйымдастырылды.
Шараға таяуда ғана «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының қабырғасында тұсауы кесілген, Ұлы Жеңістің 77 жылдығына арнап шығарылған «Не забывайте о войне» кітабының авторы, танымал қарағандылық ақын Вера Голобородько алғаш рет қатысты. Сұрапыл жылдарды еске алған ақын жастарға көктегі бейбіт аспан ата-бабаның ерен ерлігінің арқасы екендігін айта отырып, 1941-1945 жылдарға арналған бірнеше авторлық өлеңдерін мәнерлеп оқып берді. Сондай-ақ, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжіне сиясы кеппеген «Не забывайте о войне» атты кітабын салтанатты түрде сыйға тарту етті.
- Мен өскелең ұрпаққа, әсіресе балаларға Отанымыздың киелі қабырғасынан басқа ештеңе жоқ екенін есте сақтауларын тілеймін. Сендер еліміздің болашағысыздар, қорғанысыздар. Сіздерге тек жақындарыңыз ғана емес, Отанымыз да зор үміт артуда. Барлықтарыңызға зор денсаулық, мол бақыт тілеймін, - деп ізгі тілегін білдірді қарағандылық ақын.
Шаһарымыздың ақыны Татьяна Стрельчук қаһарман қазақ қызы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың қаһармандығы мен өжеттілігі жайлы сөз қозғап, шын көңілден батыр қызға арнап шығарған авторлық өлеңін оқып берді. Кездесуге қатысқан «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Саран қалалық филиалының төрағасының орынбасары, сауда және қоғамдық тамақтану бастауыш ұйымының төрағасы, тыл ардагері Айман Хайруллина жастарға бастан кештен оқиғаларымен бөлісіп, бүгінгі мол мүмкіндіктер бар заманда бардын қадірін түсінуге шақырды.
- Тыл еңбеккері ретінде есіме біраз естеліктер түсіп отыр. Мен оқыған кезде қаламдар, дәптерлер, қарындаштар тапшы болған. Үшінші сыныпта оқып жүргенде жақсы оқығанымыз үшін кейде аптасына бір рет 200 грамм нан немесе қарындашы бар дәптер сыйға берілетін. Содан қателеспесем, төртінші сынып оқып жүргенде қолымызға ешқандай қолғап кимей зығыр жинайтынбыз. Сонда қолымыздан сау жер қалмайтын. Айта берсек көп, сондай кездер басымыздан өтті. Қазіргі жастарымыз бақытты. Еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын әрдайым,- деп тыл еңбеккері соғыс жылдарындағы естеліктерімен бөлісті.
Саран қаласының орталық кітапханасына келушілер көркем шығармалардан бөлек, тарихи, құнды баспалармен жақын таныса алады. Орталық қалалық кітапхананың библиографы Татьяна Панкратова сол күні кітап сөрелерінен табылатын соғыс туралы өлкетану баспаларға шолу жасап, QR-код арқылы тыңдауға болатын библиографиялық оқу құралымен таныстырды.
Шараны басынан-аяғына дейін жүргізген, тарихтан сыр шерткен орталық кітапхананың аға кітапханашысы Ольга Лаухина қадірменді қонақтарға: тыл ардагері Айман Хайруллинаға, қарағандылық ақын Вера Голобородькоға, жерлесіміз Татьяна Стрельчукке және Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушысы Асел Ахметоваға орталық кітапхананың атынан алғыс хаттарды табыстады.
Көрермендер қатарында отырған жастар, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері үшін де бұл кеш тағылымды болғаны анық. Жергілікті ақындармен кездесіп, Ұлы Жеңісті сыйлаған ата-бабамыздың ерлігіне құрмет көрсетті.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА