РЕФЕРЕНДУМ – МЕМЛЕКЕТТІ ЖЕТІЛДІРУДІ, ЖАҢҒЫРТУ ЖӘНЕ НЫҒАЙТУДЫ КӨЗДЕЙДІ
ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ КОНСТИТУЦИЯҒА ТҮЗЕТУЛЕР ЕНГІЗУ БОЙЫНША 5 МАУСЫМДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМ ӨТКІЗУДІ ҰСЫНДЫ. РЕФЕРЕНДУМ – ҚОҒАМ АРАСЫНДА ҚЫЗУ ТАЛҚЫЛАНЫП, ҚОЛДАУ ТАУЫП ОТЫР. КОНСТИТУЦИЯНЫ БҮКІЛХАЛЫҚТЫҚ ДАУЫС БЕРУ АРҚЫЛЫ ӨЗГЕРТУ – ХАЛЫҚТЫҢ ЕРКІН БІЛДІРУІНІҢ АЙҚЫН КӨРІНІСІ.
Осы орайда республикалық референдумды қолдауға бағытталған ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының үгіт-насихат жұмыстары бастау алған болатын. Атап айтқанда, Парламент Мәжілісі депутаттары Қарағанды облысы тұрғындарымен референдум бойынша насихат жұмыстарын жүргізуде.
Үстіміздегі жылдың 16 мамырында Парламент Мәжілісінің депутаты Осин Шамиль Абзалетдинович Саран шаһарына ат басын тіреген болатын. Ондағы мақсат жергілікті тұрғындарға ақпараттық-түсіндіру шараларын өткізу.
Шамиль Осиннің Саран қаласындағы бір күндік жұмыс сапары шаһардағы Мәдениет үйінде және 100 жылдық тарихы бар білім ордасының қара шаңырағы Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінде өтті. Онда референдумда қаралатын мәселелер, Ата Заңға енгізілетін өзгерістер жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сапар аясында мемлекеттік мекемелердің, Ардагерлер ұйымының, қалалық Аналар кеңесінің, зиялы қауым өкілдерімен, сондай-ақ жастармен сұқбат өрбітті.
Кездесуге Саран қаласының әкімі Ержан Темирханов пен әкімнің орынбасары Ералы Оспанов та қатысты.
Кездесуде «Президент ұсынған оң өзгерістер мен реформалардың іске асуына, Жаңа Қазақстанның қалыптасуына үлес қосу – әрқайсымыздың негізгі азаматтық борышымыз», - деп атап өтті Парламент Мәжілісінің депутаты Шамиль Абзалетдинович. Осы тұрғыда біздердің Қазақстанның демократиялы, әділетті және өркениетті мемлекет болып құрылуына үлес қосуымыз керектігін жеткізді депутат. Өз кезегінде шаһардың зиялы қауым өкілдері бұл жобаны қолдап, игі істерге бата берді.
Парламент Мәжілісінің депутаты Шамиль Абзалетдинович осы жолғы өзгерістердің ауқымы өте кең екеніне тоқталды.
Депутаттың айтуынша, конституцияға енгізілетін түзетулер билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастардың оңтайлы тепе-теңдігін қалыптастыруға және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтуге көмектеседі.
Саран жұртшылығы осындай өзгерістерді қолдап, 5 маусымда референдумға қатысатындықтарын жеткізді. Ал Шамиль Абзалетдинович: «Әрбір азамат референдумға жай қатысып қана қоймай, қандай өзгерістер үшін дауыс беріп жатқанын түсініп, оның мәнін ұғынуы тиіс», – деді.
Депутат атап өткендей, ең бастысы мемлекеттік жүйе, Парламенттің өкілеттілігі мен сот жүйесінен бастап, қоғам өмірінің барлық негізгі салаларын қамтитын өзгерістер болып отыр. Тұрғындар еліміздің заман талабына сай енгізіліп жатқан өзгерістерді қолдайтынын және науқанда белсенділік танытатындарын жеткізді.
Жиынға қатысушылар Президенттің өкілеттілігі кезінде жақын туыстарына белгілі бір лауазымдарды атқаруға тыйым салу туралы сұрады.
Сонымен қатар, азаматтардың талап-тілектері де назардан тыс қалмады. Мәселен, қала тұрғындарының шаһардағы дәрігерлердің қабылдауына жазылу кезінде туындайтын қиындықтары туралы көтерген мәселелері халық қалаулысының жеке бақылауына алынып, ол тиісті министрліктер арқылы оңтайлы шешілуіне атсалыспақ.
Шаһар тұрғындарына Конституциялық реформаның мән-маңызын айтқан Парламент Мәжілісінің депутаты, азаматтардың талап-тілектерін де тыңдады. Сонымен қатар, кездесу барысында депутатқа бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылды. Ал ардагерлер депутатқа ақ батасын беріп, ел амандығын тіледі.
– Біз өмірімізге өзгерістер енгізбей «Жаңа Қазақстанды» құра алмаймыз. Ұран мен сөз күйінде қалмауы үшін нақты істер жүргізуіміз керек. Бұл референдумның ерекшелігі – өзгерісті халық жасайды. Яғни тікелей өзінің дауысымен өзгеріске үлес қосады. Сондықтан әрбір дауыс біз үшін өте маңызды. Мемлекет басшысы үлкен өзгерістердің бастамашысы болып, өзгерісті өзінен бастады. Ол өзінің өкілеттігін шектей отырып, өкілеттікті халыққа беріп отыр. Сондықтан әр қазақстандық қолдау көрсетуі керек, – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Шамиль Абзалетдинович.
Естеріңізге сала кетсек, 6 мамыр күні ел көлемінде референдумға үгіт-насихат жұмыстары басталған болатын. Ол 3 маусымға дейін жалғасады. Ал 4 маусым тыныштық күні. Президент жарлығымен жалпыхалықтық референдум жаздың алғашқы жексенбісі, яғни 5 маусымда өтеді.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Фото: Камила Оспанова