Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ – ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ

№17 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫЛАРЫ СОҒЫС ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ТЫЛ ЕҢБЕККЕРЛЕРІ МЕН ЕҢБЕК АРДАГЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ.

№17 мектеп-гимназиясының қабырғасында Ұлы Отан соғысының қатысушыларына және соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне арналған тағылымды кеш өтті.

Саран қаласының ардагерлер ұйымының мұрындық болуымен өткен шарада Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері қалалық кеңесінің активі, тыл және еңбек ардагерлері, білім орданың ұстаздары мен оқушылары отты жылдардағы ерен ерлікке көз жүгіртіп, тарихқа тереңнен үңілді. Заманауи техниканың көмегімен кезінде түсірілген тыл ардагерлердің бейнежазбаларын көріп, сол бір кездерді көз алдарына елестетті десек те болады.

Отан үшін отқа түсіп, қаншама боздақтарымыз сұм соғыстың құрбаны болды. Олардың басым көпшілігі халқымыздың ерлік рухын асқақтатты. Назарға ұсынылған бейнежазбалардың бірінде майданға өз еркімен сұранып, 1942 жылы 28 наурызда Люблинский аудандық әскери комиссариаты майданына шақырылып, 171-ші атқыштар дивизиясының 713-ші атқыштар полкінің құрамындағы ержүректі жауынгер Уали Утебаевтың сұпапыл соғыста көрсеткен ерлігі айтылды. Сонымен қатар, тыл ардагерлердің өжеттілігі мен қайсарлығы баяндалды.

Шараға қатысқан тыл еңбеккерлері: Айман Хайруллина, Тамара Кучеренко, Нина Парохненко бастарынан өткен қиын-қыстау кезеңді еске түсіріп, бейбіт заманда өмір сүріп жүрген жас ұрпаққа зор денсаулық тілей отырып, еліміздің еңсесін биік ұстар патриот азамат болуға шақырды. Еңбек ардагері Серік Мұстафин де соғыстың кесірі көптеген айрандай ұйып отырған отбасыны асыраушысынан, ер жүректі ұлдарынан айырғандығын айтып, сол кезде ауыр жүктің басым бөлігі нәзік жандылардың мойнына жүктелгендігіне тоқталып кетті.

Сондай-ақ, биыл облыстық ардагерлер кеңесіне – 35 жыл. Мерейлі датаға орай Саран қаласының ардагерлер кеңесінің төрайымы Жұмабике Токушева ардагерлер ұйымының дамуына үлес қосқан және облыстың қоғамдық-саяси өміріне, жастарға рухани-патриоттық тәрбие беруге белсене атсалысқаны үшін облыстық ардагерлер кеңесі атынан Саран қаласының ардагерлер кеңесінің мүшесі Надежда Скачковаға алғыс білдіріп, арнайы дипломмен марапаттаса, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Екатерина Бурдукскаяға Құрмет граматасын салтанатты түрде табыс етті.

- Барлықтарыңызды шын жүректен құттықтаймын. Еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын. Ардагерлерімізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін, ізімізді басып келе жатқан жастарымыз білімді, жігерлі болсын. Бейбіт заманды сыйлаған ата-бабаның ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Осындай тағылымды іс-шара №17 мектеп-гимназиясында өтіп жатқанына қуаныштымын, - деді «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Саран қалалық филиалының төрайымы Жұмабике Токушева.

Кездесу барысында тыл еңбеккерлердің әңгімелерінен үлкен әсер алып, ұйып тыңдаған білім алушылар да ардагерлермен бірге жанды дауыста соғыс туралы әндерді шырқап, ара арасында өлең жолдарын айтып отырды.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА