Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

АРМАНДАР ОРЫНДАЛАДЫ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ, ОБЛЫСТЫҚ ЖӘНЕ ҚАЛАЛЫҚ КОНКУРСТАРЫ МЕН ФЕСТИВАЛЬДЕРІНІҢ ЛАУРЕАТЫ «АМАДЕУС» БИ АНСАМБЛІ КӨПТЕН КҮТКЕН ЕСЕП БЕРУ КЕШІН БЕРДІ.

Биыл «Амадеус» би ансамблінің құрылғанына - 26 жыл. Бастапқыда 1996 жылы «Натали» деген атаумен шыққан би ансамблінің осы уақытқа дейін жиналып қалған көздің жауын алатын туындылары аз емес. 2021 жылы карантиндік шектеулерге байланысты ширек ғасырлық тарихы бар би ұжымы өзінің мерейтойын ойдағыдай бар сән-салтанатымен атап өте алмады. Сол себепті биыл қадірменді көрермендерімен қауышып, жиырма алты жылдығын дүйім жұртпен бірге атап өтуді жөн көрген.

Концерттік бағдарлама 15 мамыр күні - Отбасы күнімен тұспа-тұс келді. Қалалық мәдениет үйінің залында ине шаншар жер болмады. Жиырма екі нөмерден құралған мерекелік шараны тұрып та тамашалаған көрермендер де көп болды. Бәрінен, сахнада өнер көрсетіп жүрген балаларына қолдау білдіріп келген ата-аналардың қуаныштарында шек жоқ. Сондай-ақ, «Амадеус» би ансамблінің жетекшісі Наталья Кан кешті басынан-аяғынан дейін өзі жүргізіп, әрдайым белсенділік танытып жүрген балаларға, ата-аналарға, қамқор жандарға деген шексіз ризашылығын білдіріп отырды.

- Бізде көптен бері осындай есеп беру концертіміз болған жоқ. Іштей уайымдап та отырмыз. Барлығына ұнайды деп үміттенеміз, - деді «Амадеус» би ансаблінің жетекшісі Наталья Кан.

«Амадеус» ансаблінің ересектер тобы қазақ биімен алғашқы болып сахна шымылдырығын ашып берді. Мың бұралып билеген бишілердің қимылдары мен әуенді сезінуі көпті тәнті етті. Олардан кейін шыққан үнді, цыган билері концертті одан сайын қыздыра түсті. «Амадеус» ансаблінің ересектер, орта және кіші топтары, Қарағанды облысы Саран қаласының АӘҚКО «Жұлдыз» ансамблі және биыл ғана жұмыс істей бастаған «Латинский квартал» студиясы бұл кеште өздерінің ең әдемі, ең әсерлі деген нөмірлерін қойып, өнерлерін ортаға салды. Сахнадан көз алмай тамашалаған көрермендер әр нөмірді ерекше қабылдап, ыстық ду-қол қошеметін аямады. Барынша қолдап, қопаштап отырды.

- Концерт қызықты, әдемі өтуде. Балалар да өте жақсы өнер көрсетіп жатыр, - деп шара барысында алған әсерімен бөлісе кетті Саран қаласының тұрғыны Кристина Шаравина.

Ауқымды шараға бишілер тиянақты дайындалды. Бидегі ырғақтықты сезіну қимылдың бір уақытта бірдей қайталануы, үзіліс пен екпіннің дұрыс түсуі қажырлы еңбектің нәтижесін көрсетеді. Тіпті бидегі әуеннің өзіндік шығу тарихы бар. Осы тарихты сахнаға шыққан бишілер қимыл-қозғалыстарымен сипаттап, көрермендерге түпкі ойды жеткізе білуі тиіс.

- Іс жүзінде бұл іс-шараны біз өте ұзақ күттік. Бүгін біз өз концертімізде осы күнге дейін үйренгенімізді, танып-білгенімізді көрсете аламыз. «Амадеус» би ансамбліне қатысып жүргеніме он төрт жыл боп қалды. Осы уақыт аралығында Наталья Леонидовна маған екінші анамдай боп кетті. Ол мен білетін ең жақсы жетекші. Осында өнер көрсетіп жүргеніме қуаныштымын, - деп жылы лебізін білдіріп кетті «Амадеус» би ансамблінің бишісі Ангелина Арешкина.

Концерттік бағдарламаның жақсы өтуіне бүкіл ұжым мүшелері өзінің сүбелі үлесін қосты. Сахнада өнер көрсеткен жүз отыз бес адамның барлығы жұмыла еңбек етті. Өзінің шәкірттерімен бірге «Амадеус» би ансамблінің жетекшісі Наталья Леонидовна да барлығының ойдағыдай сәтті өтуін тіледі.

- Біз әрбір есеп беру концертімізде жаңа бір нәрсемен таңғалдыруға тырысамыз. Жаңа қойылымдар қоямыз. Осы жолы «Латинский квартал» біздің дебют болды. «Жұлдыз» ансамблінің де бізбен бірге өнер көрсетіп жүргеніне бірінші жыл емес. Біз жаңа қойылымдармен қуантуға тырысамыз, бүгін де солай болды. Ешкімнен бөлектенбейміз. Біз тек өзіміздің жұмысымызды, айналысып жүрген ісімізді жақсы көреміз. Бастысы – балаларға би өнерімен шұғылданған ұнайды. Ата-аналардың да көңілінен шығып жатыр. Жыл сайын қатарымыз жаңа бишілермен толығады. Оған біз әрдайым қуаныштымыз, - деді Наталья Леонидовна.

Концерттік бағадарлама барысында құшағы гүлге толған «Амадеус» би ансамблінің жетекшісі Наталья Кан барлық қатысушыларды, белсенділік танытқан ата-аналар мен жомарт жүректі жандарды арнайы дайындаған марапат қағазымен марапаттап, риясыз ризашылығын жеткізді.

Қазіргі уақытта «Амадеус» би ансамблінде жүзден аса бала би өнерінің қыр-сырын меңгеріп жүр. Қыркүйек айынан бастап ансамбль қайта жаңа тың ойларымен, жаңа леппен күш жинап, сүйікті көрермендерін өнерімен қуантатын болады.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА

Фото: Султанбек ЕГЕМБЕРГЕНОВ