Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ӘЛЕМ БАЛАЛАР КӨЗІМЕН

БАЛАЛАРДЫҢ ӨЗ ҚОЛЫМЕН ЖАСАҒАН ЕРЕКШЕ ТУЫНДЫЛАРЫ КӨРМЕГЕ ҚОЙЫЛДЫ.

«Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының көрме залында «Творчество» сәндік-қолданбалы өнер студиясының оқушылары оқу жылының аяқталуына орай «Бұл әлем қандай керемет» атты көрмесін назарға ұсынды.

Көрме балалардың әр түрлі уақытта, мезгілде салынған туындыларынан тұрды. Қойылған жиырма жеті жұмыстың әрқайсысы өзіне тән даралығымен ерекшеленді.

«Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының қосымша білім беру педагогі, «Творчество» сәндік-қолданбалы өнер студиясының жетекшісі Елена Ламанның айтуы бойынша, олардың барлығы «Батик» техникасы арқылы жасалғанымен, әр жұмыстың өзіндік тарихы мен мазмұны бар.

- Менде үш топ бар. Екеуі осы Саран қаласында болса, үшіншісі Ақтас кентінде. Біз жылына бірнеше рет көрме ұйымдастырамыз. Осы жолғысын оқу жылының аяқталуына байланыстырып отырмыз, - деді «Творчество» сәндік-қолданбалы өнер студиясының жетекшісі Елена Ламан.

Үйірмеде балалар тек әдемі сурет салу мен бұйымдарды жасауды ғана үйреніп қоймайды, өнермен бірге зейіндері, ойлау қабілеттері де дами түседі. Түрлі қағаздардан, табиғи материалдардан, мата мен былғарыдан, түрлі-түсті бисерлерден көздің жауын алатын заттарды жасап, жіптермен сурет салуды үйреніп, тоқу шеберліктерін де шыңдай алады.

«Мен оқушыларға сендердің қолдарынан бәрі де келеді деп жиі айтамын. Себебі балалар жаңа туындыны көргенде жасай алмаймыз, қолымыздан келмейді деп бірден ойлай бастайды. Алайда «Көз қорқақ, қол батыр» демекші, кейін істі бастап кеткен соң, қорқыныштары бәсендейді. Маған оқушыларымның шығармашылық жағынан дамуы аса маңызды. Уақыт өте келе балалар өздерінің авторлық туындыларын да жасай бастайды»,- деп толықтырып кетті Елена Николаевна.

Осы уақыт аралығында «Творчество» сәндік-қолданбалы өнер студиясынан талай Саран қаласы мен Ақтас кентінің жас өрендері түлеп ұшқан. Қазіргі таңда үйірме үш топтап құралған. Үзбей сабаққа 42 бала келіп, сәндік-қолданбалы өнердің қыр-сырын меңгеріп жүр. Топтағы ең кішкентай баланың жасы - жетіде. Бәрінен жасы кіші болғанымен, үйірмеге қатысып жүргеніне екі жылдың жүзі боп қалды.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА