ЕЛІМІЗДЕ ЖАС БАЛАЛАРДЫҢ, ОҚУШЫЛАРДЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ЖОЛ-КӨЛІК АПАТТАРЫ ЖИІ ОРЫН АЛАДЫ. МҰНДАЙ ОҚИҒАЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ ҮШІН ҚР ІІМ ЖЫЛ САЙЫН, ОҚУ ЖЫЛЫ БАСТАЛЫСЫМЕН ДӘСТҮРГЕ САЙ БІР АЙҒА ЖОСПАРЛАНҒАН «НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ, БАЛАЛАР!» АТТЫ АКЦИЯСЫН ӨТКІЗІП ТҰРАДЫ.
Жол полициясының мәліметі бойынша, осы шарадан кейін қайғылы оқиғалар статистикасы едәуір азаяды екен. Себебі, жаңа оқу жылының басында, жол бойында тәртіп сақшылары көп болып, жол қозғалысын мүмкіндігінше реттеп тұрады. Аталған жедел-профилактикалық іс-шараның негізгі мақсаты - балалардың жол-көлік оқиғаларынан жарақаттануына жол бермеу және жол-көлік оқиғаларын болдырмау жөніндегі жұмыстарды одан ары жандандыру болып табылады.
Осы мақсатта жылдағы дәстүрге сай биылғы жылы да «Назар аударыңыз, балалар!» акциясы жалғасын тапты. Үстіміздегі жылдың сәуір және мамыр айларының аралығында Саран шаһарында аталмыш акция бастау алған болатын. Акция шеңберінде қала полицейлері балалардың жол-көлік жарақатының алдын алу, көшелерде және жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын бекіту мақсатында танымдық, профилактикалық іс-шаралар өткізді.
Мәселен, мамыр айының 12-де қалалық полиция бөлімі Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімі мен балалар мен жасөспірімдерге арналған олимпиадалық резерв мектебімен бірлесе отыра, аталмыш акция аясында веложарыс ұйымдастырды.
Ондағы мақсат – салауатты өмір салтын насихаттау, мектеп оқушылары мен жастар арасында велоспортты дамыту және әйгілеу және балалар мен жасөспірімдердің жол жүру ережелері бойынша білімдерін арттыру болды.
Веложарыс 5 жасқа дейінгі, 10 жасқа дейінгі және 16 жасқа дейінгі жас санаттары бойынша үш топқа бөлініп өткізілді. 3 жас категориясы бойынша желмен жарысқан әуесқой велошабандоздар әр түрлі дистанцияларда бақ сынасты.
Мәселен, 5 жасқа дейінгі 1 категориядағы балдырған велошабандоздар 100 метр қашықтықта, 10 жасқа дейінгі 2 категориядағы жеткіншектер 1 шақырым қашықтықта, ал 16 жасқа дейінгі 3 категориядағы жасөспірімдер 2 шақырым қашықтықта өзара мықтыны анықтады.
– Жол-көлік оқиғаларына байланысты түрлі жазатайым жағдайлардың орын алуына тек көлік тізгіндеген азаматтар ғана емес, жаяу жүргіншілер мен велосипед жүргізушілері де себепші болып жатады. Сол себепті де, балалар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, оларды жол жарақаттарынан сақтау үшін, алдымен, көшеде жүру ережелерін, жолда жүру тәртібін үйретуіміз керек. Жас жеткіншектерге бірлесіп жол ережелері туралы үйретер болсақ, балалар ұшырайтын жол апатының алдын алар едік, – деді Саран қаласы полиция бөлімінің бастығы Ерлан Оспанов веломарафонның ашылу рәсімінде.
Ал полиция капитаны, ювеналды полицияның учаскелік инспекторы Мақсат Майпасов «Саран газетінің» тілшілеріне берген сұхбатында: «Тағы бір айтып кететін жайт, велосипед жүргізушілері жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршамнан өткенде велосипедті теуіп өтуге болмайды, бағдаршамның жасыл жанғанын күтіп, велосипедтен түсіп жаяу жүріп өтуі керек. Көптеген жол-көлік оқиғалары бағдаршамнан өту кезінде орын алады. Себебі жүргізуші велосипедті бағдаршамнан жоғары жылдамдықпен теуіп өтеді де, жеңіл автокөліктің қай жағынан келіп қалғанын байқамай қалады», - деп ескертіп өтті.
Иә, полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен болдырмаудың түрлі шаралар кешенін іске асыруда. Осы бойынша үнемі полиция қызметкерлері жол ережесін бұзғандарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, заң тұрғысынан ақпараттандырып та келеді.
Мейлінше рейдтік іс-шаралар кешенін іске асырып, нәтижелері БАҚ-та жариялануда.
Тәртіп сақшылары тарапынан ұйымдастырылған тағы игі шара мамыр айының 18 –ші жұлдызында өтті.
Бұл жолы полицейлер жылдамдықты асырып, жол белгілеріне назар аудармайтын, қарсы бетке шығып немесе мас халде көлік тізгіндеп, апатқа себепші болған жүргізушілерге арнап, жасөспірімдердің тілегі арқылы жүргізушілерге ой салуға талпынуда.
Қала бойынша жол апатынан қаза тапқандардың санын азайтуды көздеген сақшылар «Назар аударыңыз, балалар!» акциясы аясында мектеп оқушыларының қатысуымен «Жүргізушіге хат» акциясын өткізді.
«Акцияның мақсаты – жас өскіннің ішкі жан-дүниесіндегі ой-пікірін қағазға түсіртіп, соны көрсете отырып жол ережелерін сақтамайтын көлік жүргізушілеріне ой салу»,-дейді ұйымдастырушылар. Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушылары шығармашылық акцияда жоғарғы сынып оқушылары өздерінің жүргізушілерге арнаған хаттарын, жүрек түкпіріндегі тілектерін, орамды ойларын ақ қағазға түсіріп, полицейлермен бірге оларды көлік жүргізушілеріне табыстады.
Жүргізушілерге арналған хаттар мен суреттерде, оқушылар жолдардағы тәртіпті талқылап, жол жүру ережелерінің барлығына бірдей екендігін, сондықтан жол жүру ережелерін сақтап, көлік жүргізгенде ұялы телефонды қолданбауды, ішімдік ішіп жүргізбеуді, жүргізуші куәлігін оқымай тұрып алмауды жазып, пікірлерін білдірді.
Мәселен, «Қымбатты жүргізуші ағай, қоғамдық көліктің қызметін күнделікті пайдаланамыз: онымен жұмысқа барамыз, үйге қайтамыз. Көлікті абайлап жүргізсеңіз, барлығымыз аман боламыз, апаттардан сақ болу- өз қолдарыңызда! Сапарыңыз сәтті болғай», делінген хаттардың бірінде.
«Көлік тізгіндеген азаматтарды жазалап, айыппұлдар салынып жатса да, оған себепшілер саны азаяр емес. Сондықтан да ақ қағаз арқылы жүргізушіге талап-тілегін жеткізген оқушылардың пікірі арқылы заң бұзушылықтардың алдын алмақпыз. Акция барысында оқушылар жазған материалдар әрбір көлік тізгіндеген жүргізушіге көрсетілетін болады. Бұл хаттар жол апаттарының орын алмауына ұйытқы болады деп сенеміз»,- дейді іс-шараға мұрындық болған Саран қаласының полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Балабеков Ерболат Тыныбекұлы.
Осылайша, бала көзқарасын біле отырып, жылдамдықты асыратын, жалпы жол ережесін сақтамайтын көлік жүргізушілерінің болашақта қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, түрлі апаттарды болдырмаудың алдын алады деген сенімдеміз!
Түйін! Бала күнімізде жүк көліктерінің артына жазылған «Айналайын, асықпа!», «Сенбесең, озба!» деген сынды ескертулерді оқып, «онысы несі?» деуші едік.
Жұпынылау көлікке сырмен жазыла салған бұл сөздердің сыры тереңде екенін қазірдің өзінде бала түгілі, үлкендердің ұғына бермейтінін мойындамасқа лаж жоқ. Бұған салғырттық салдарынан жол бойында жиі орын алатын жан түршігерлік көлік оқиғалары мен адам өліміне апарып жатқан апаттар анық дәлел бола алады. Себептері белгілі жол апаттарының алдын алуға құлықсыздық танытатын да өзіміз.
Жол апаттарының себебі жайлы айта қалсақ, көбіне-көп жолдың жыртығын немесе басқа да себептерді алға тартамыз. Дұрысырағы, жүргізушілердің жауапкершілігінің төмендігінен көргеніміз абзал. Өйткені, әрбір жүргізуші жауапкершілікті өз міндетіне алуы тиіс.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Фото: Султанбек ЕГЕМБЕРГЕНОВ