Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

13 МАМЫРДА ДУБОВКА КЕНТІНДЕ ОРНАЛАСҚАН № 2 ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕПТЕ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУ ӨТТІ.

«Күміс алқа» иегері атанған көпбалалы ана, педагогикалық еңбек ардагері Елемесова Лира Сәбитқызы, Қазақстан ТЖМ құрметті ардагері, жалпы еңбек өтілдері 500 жылға жуық уақыт аралығын қамтитын һәм 19 өкілден тұратын отбасылық кеншілер еңбегі династиясының басшысы Номоконова Людмила Васильевна, Қарағанды қаласының ақыны, бірқатар өлең жинақтарының авторы Голобородько Вера Александровна, «Мудрость» ардагерлер хорының төрағасы Цепенюк Анна Ивановна Ұлы Отан соғысы тақырыбы мен Халықаралық отбасы күніне орайластырылған игі шараның құрметті қонақтары атанды.

Әдеби кеш барысында Саран қаласынан шыққан ақындардың туған жер, отбасы Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы ең таңдамалы деген шығармалары ұлықталды. Олардың ішінде қаламыздың құрметті азаматы, соғыс жылдарындағы тыл еңбеккері Курьянова Анна Михайловна, тыл еңбеккері, КСРО денсаулық сақтау саласының үздігі, шаһардағы ардагерлер ұйымының белсенді мүшелерінің бірі, бір кездері қалалық газетттің штаттан тыс тілшісі де болған Жданкина Анна Владимировна, қалалық ардагерлер ұйымы жанындағы «Лира» поэтикалық клубының жетекшісі, соғыс жылдарындағы тыл еңбеккері, денсаулық сақтау саласының ардагері Кучеренко Тамара Александровна, Бочарникова Надежда Александровна, Голобородько Вера Александровна және тағы да басқа ақындардың шығармаларын № 2 жалпы білім беретін мектептің оқушылары жатқа оқып берді.

Еліміздің өткен өміріндегі бел-белестеріне ойша көз жіберсек, Ұлы Отан соғысының отты жылдары еске түседі. Иә, бұл бір халықтың басына туған қиын-қыстау, сұрапыл кезең еді. Майдандағы жауынгерлер де, тылдағы еңбеккерлер де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бүкіл халқымыз жеңіс үшін қажеттің бәрін істеді.

Майдан мен тылдың біртұтас қимыл-әрекеті сол ұлы Жеңісті әкелді де. Сол бір жылдардың ізі өшкен жоқ ел көкейінен, соғыс өртінің шарпуы тимеген шаңырақ бар ма екен, сірә? «Майдан», «тыл» деген жай аты ғана. Әйтпесе, бірі мылтықты, бірі мылтықсыз – екеуі де жанкешті шайқас болатын. Ер азаматты оқ қинаған, бала-шағаны жоқ қинаған заман еді ғой.

Тағылымы мол игі шара барысында зиялы қауым өкілдерінің бүкпесіз ашық әңгімелерінен түйгеніміз осындай.

Кеш қонақтарының бірі соғыс жылдарындағы тарлан тарихтан жалынды жырлары арқылы тамыр тарқатса, енді бірі жастарға берген сүбелі сұхбатымен мәнді де мағыналы әңгіме өрбітті. Ал келесі бірі жасөспірім ұрпаққа отбасылық құндылықтар жайлы, ата-анаға деген құрмет пен Отанға деген сүйіспеншілік туралы насихат айтып, ел ертеңі жастарға ақ батасын беріп жатты.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ