Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

АДАМЗАТ ЖАРАТЫЛҒАННАН БЕРІ ӘР ТҮРЛІ ТАБИҒИ АПАТТАРДЫ БАСЫНАН ӨТКЕРІП, ТАБИҒАТ АНАНЫҢ ҚАНШАМА СҰРАПЫЛ, ЖОЙҚЫН, БҰЗУШЫ КҮШТЕРІНЕ КУӘ БОЛЫП КЕЛЕДІ. ТАБИҒИ АПАТТАРҒА – ЖЕР СІЛКІНІСІН, СЕЛ ЖҮРУДІ, ҚАР КӨШКІНІН, СУ ТАСҚЫНЫН, ҚАЛЫҢ ҚАР БАСУДЫ, ҚАТТЫ ДАУЫЛДЫ, ТАБИҒИ ӨРТТІ ЖАТҚЫЗУҒА БОЛАДЫ.

Қазақ халқы бұл тізбедегілерді «табиғи апаттар» деп ресми түрде айтпай-ақ, зілзала деп те атаған. Осы зілзалалардың қайсысының болсын табиғатқа да адамға да әкелетін зардабы мен шығыны аз болмайды. Зілзала көбінесе күтпеген жерден болатын болғандықтан, адамдардың қалыпты өмірінің аяқ астынан астаң кестеңін шығарады, материалдық тұрғыдан да зор зардабын тигізеді, тіпті адам өміріне қауіп төндіріп, ажалға да себеп болады. Зілзаланың тек белілі бір елді мекенге ғана емес, тұтастай мемлекетке әкелетін зияны мен шығыны шаш етектен болуы мүмкін. Біздің елдің алып жатқан жер көлемі өте үлкен екені баршаға аян. Осы кей байтақ жерде тау да, жазық та, өзен де, көл де, орман да, шөл дала да бар. Сол себепті де әр түрлі зілзала туу қаупі де жоқ емес.

Қандай апат болмасын, кез-келген төтенше жағдайда ең бастысы адам шығыны болмауы әр қашанда басты назарда болады. Әрине, зілзала мен төтенше жағдай кезіндегі материалдық шығынның да қандай елдің болсын экономикасына өз салқынын тигізбей қоймайтыны жасырын емес. Мемлекетті құрайтын қоғам болса, сол қоғамды құрайтын адам өмірін сақтап қалу қай елдің болсын ең басты миссиясы. Ал төтенше жағдай кезінде бұл жауапты іс, әрине төтенше жағдайлар қызметіне жүктеледі.

Төтенше жағдай кезінде құтқарушылар болсын, өрт сөндірушілер болсын, жалпы осы салада қызмет атқаратындардың қай-қайсысы да өзгенің өмірі үшін өз өмірін тәуекелге тігеді.

Төтенше жағдай қызметкерлері төтенше жағдайлардың алдын–алу бойынша сан түрлі шаралар ұйымдастырып тұрады. Төтенше жағдайдың алдын-алу - күні бұрын жүргізілетін және төтенше жағдайлардың туындау тәуекелін мүмкіндігінше барынша азайтуға, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтауға, олар туындаған жағдайда материалдық шығындардың мөлшерін азайтуға бағытталған іс-шаралар кешені. Бүгінгі күні мұндай іс-шаралар еліміздің бірқатар аймақтарында атқарылуда.

Мәселен, үстімідегі жылғы 19 және 20 мамыр күндері Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен Саран шаһарының аумағында «Бейбіт және соғыс уақытында төтенше жағдайлар туындаған жағдайда басқару органдарының, авариялық-құтқару қызметтері мен халықтың әрекеттері» тақырыбында командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізілді.

Командалық-штабтық оқу-жаттығуларына Қарағанды облысы ТЖД бөлімшелері, Саран қаласы әкімдігінің аппараты, ТЖ алдын алу және жою жөніндегі қалалық комиссия, эвакуациялық қабылдау комиссиясы, азаматтық қорғау қызметтері және ұйымдары тартылды.

Атап айтқанда, екі күнге созылған оқу-жаттығуларына барлығы 124 адамды құраған 12 азаматтық қорғау қызметі, іздеу және құтқару командасы, сауда және тамақтану қызметінің құтқару командасы, инженерлік топ, жол тобы, медициналық қызмет, қоғамдық тәртіпті қорғау, өртке қарсы қызмет және басқа да қызметтер жұмылдырылды.

Ондағы мақсат – азаматтық қорғаныстың қалалық жүйесінің жұмыс істеуінің түрлі режимдерінде авариялық-құтқару қызметтерінің басқару органдары, күштері мен құралдары басшыларының дағдылары мен іс-қимылдарын оқыту және пысықтау, олардың бейбіт және соғыс уақыттарда орын алатын төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарға әзірлігін арттыру болып табылды.

Оқу-жаттығу екі кезеңнен тұрды: қызметтер мен мекеме басшыларының, азаматтық қорғау құрамаларымен аудандық төтенше жағдайдын алдын алу және жою жүйесінің әр түрлі тәртіпте және Азаматтық қорғаныстың әр түрлі дайындық дәрежелерінде жұмыс істеуімен тәжірибелік іс-әрекеттері элементтерін өткізу, сондай-ақ әскери және бейбіт уақытындағы болуы мүмкін төтенше жағдайларды үлгілеу арқылы өткізу.

Бейбітшілік кезеңінде қауіп-қатерлер мен төтенше жағдайларға байланысты іс-әрекеттер, шаһардағы электрлі дабылдар мен дауыс зорайтқыштардың дайындығы тексерілді. Қалылық жедел әрекет ету құрама жасағы мен іздестіру және құтқару командалары қаралды. Басқару органдарының, азаматтық қорғаудың күштері мен құралдары бейбіттен соғыс жағдайына ауысқан кездегі іс-әрекеттерді пысықтады.

КШОЖ шеңберінде өртті сөндіру және ЖКО кезінде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу, аусыл ошағы пайда болған кездегі, табиғи өрт туындаған кездегі, құбыржолда жылу желілерін бұзу кезіндегі, сондай-ақ суда құтқару кезіндегі іс-қимылдары пысықталып, бөгеттің жарылу салдарын жою, адамдар көп жиналатын объектідегі өртті сөндіру және тағы да басқа арнайы-тактикалық оқу-жаттығулары өткізілді.

Сонымен қатар, оқу-жаттығу барысында жер сілкінісінің салдарын жоюға арналған қабылдау эвакуациялық пунктінің дайындығы қаралды. Оқу-жаттығу өту барысында азаматтық қорғау қызметтері басшыларының, Ақтас кенті әкімінің ТЖ режиміндегі іс-шараларды орындау және Азаматтық қорғаныстың бейбіт жағдайдан соғыс жағдайына ауыстыру бойынша баяндамалары тыңдалды.

Оқу-жаттығудың бірінші күнінде қалалық оқу-жаттығу штабына екі «Дауыл – 111» және «Апат-222» сигналдары келіп түсіп, 4 кіріспе іс-қимылдары пысықталды.

Оқу-жаттығу барысында Саран қ. ТЖ бөлімінің қызметкерлері оқу-жаттығуды өткізу штабымен бірлесіп, қалыптасқан жағдайды бағалау және кіріспе іс-қимылдарға сәйкес ТЖ салдарын жоюға шешімдер әзірлеу бойынша ТЖ комиссиялары, қызметтері, ұйымдары қызметінің алгоритміне бақылауды жүзеге асырды.

Саран қаласы бойынша барлығы 8 жергілікті құлақтандыру жүйесі іске қосылды, оның ішінде 2 электрлі дабыл. Хабарландыру жүйесі іске қосу кезеңінде штаттық режимде жұмыс жасады.

Ал екінші күні Алматы қаласы мен Алматы облысында жер сілкінісі болған жағдайда бөлінетін «Саран» және Т. Күзембаев атындағы шахталары базасында құрылған шұғыл әрекет ету жасағының, адамдарды іздеу және құтқару командасының дайындығы пысықталды. Сонымен қатар, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің жатақханасындағы және Абай атындағы мектептегі қабылдау эвакуациялық пункттерінің дайындығы тексерілді.

Саран қаласының әкімдігімен АҚ және ТЖ саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптары орындалуда. Осыған орай, ҚР АҚ және ТЖ саласындағы заңдарына, облыс әкімінің шешімдеріне, өкімдеріне, бұйрықтарына сәйкес Саран қаласы әкімінің тиісті нормативтік актілері шығарылған.

Саран қаласының азаматтық қорғанысының аумақтық кіші жүйесінің қызметі бекітілген жоспарларға сәйкес жүзеге асырылуда және халықты табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.

Айта кетейік, шаһардағы төтеншеліктердің мәлімдеуінше, үстіміздегі жылы Саран қаласының аумағында төтенше жағдайлар, адамдардың қаза болуы мен жарақаттану фактілері орын алмаған.

Екі күндік командалық-штабтық оқу-жаттығудың қорытындысы бойынша шаһардың барлық азаматтық қорғау қызметтері бағаланды.

Сөз соңында айтпағымыз, апат айтып келмейтіні рас, дегенмен «сақтансаң сақтаймын» деген де тәмсіл бар.

Адам болжап біле алмайтын, кенеттен келетін зілзаладан бөлек, түрлі құрылғылардың көмегімен құтқару қызметі болжап, біліп отыратын ауа-райының қолайсыздығы туралы әр біреуіміздің ұялы телефонымызға келетін хабарламаға да мән беріп сақ жүргеніміз жөн. Сол себепті де ондай ескертулерге селсоқ қарауға болмайды.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Фото: Камила ОСПАНОВА