Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

20 МАМЫР КҮНІ САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ ОРТАЛЫҚ ҚАЛАЛЫҚ КІТАПХАНАСЫНДА «ПОЛЕТ ДУШИ» АТТЫ ПОЭТИКАЛЫҚ КЕШ ӨТТІ. ӘДЕБИ ШАРАҒА ШЫҒАРМАШЫЛЫҚҚА БҮЙРЕГІ БҰРҒАН ЖАНДАР ЖИНАЛДЫ. ОЛАРДЫҢ ҚАТАРЫНДА ӨҢІРГЕ ТАНЫМАЛ АҚЫНДАР МЕН ЕНДІ ҒАНА АЛҒАШҚЫ ТУЫНДЫЛАРЫН ЖАРЫҚҚА ШЫҒАРЫП ЖҮРГЕН МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ, КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТТЕРІ БОЛДЫ.

Орталық кітапхананың аға кітапханашысы Ольга Лаухина кездесудің кіріспе сөзін өзі бастап, жиналған қауымды журналист, «Капельки счастья в брызгах дождя», «Души нетронутые струны», «Солнечный зайчик» атты поэтикалық жинақтардың авторы, жергілікті ақын Татьяна Стрельчуктің шығармаларымен таныстырды. Өлеңдері нәзіктілікке, сезімге толы ақынның өзі де жастармен тілдесіп, шығармашылығынан сыр шертті.

- Мен өлеңдерімді 7-сыныптан бастап шығара бастадым. Алғашқы махаббат - алғашқы поэтикалық жолдардың жазылуына себеп болды. Дәл сол сезімнің арқасында қабілетімнің барын түсіндім. Алайда өлең деп айтуға келетін салмақты туындыларым ересек шағымнан бастау алып отыр. Бірақ әлі күнге дейін мен өзімді «ақын» деп санамаймын. Александр Сергеевич Пушкин, Абай Құнанбаев мен үшін ұлы ақындар. Жазу, өлең шығару маған берілген үлкен сый деп білемін. Бұл үлкен бақыт. Оны жоғалтып алудан да қорқамын. Сол себепті, менің ойымша шығармашылыққа қызығушылығы бар адамдармен бөлісу керек. Оны қандай шеберлік сыныптарға барсаңызда үйрене алмайсыз. Әдемі туындылар жүректен шығады, - деп өз сөзінде атап өтті Татьяна Стрельчук.

Он екі жасынан бастап шығармашылыққа бет бұрған, Қарағанды қаласынан келген танымал ақын, Саран қаласының құрдасы, «Не забывайте о войне!», «Душа ранима, что греха таить...», «Жизнь, любовь, судьба», «В поисках истины» атты кітаптардың авторы Вера Голобородько да бұл шараға қатысып, ақындық өнердің тыныс-тіршілігіне біраз тоқталып, жастарды өзінің авторлық жинақтарымен таныстырып шықты. Келесі болып сөз алған Қарағандылық ақын Константин Семенюк жастарға поэзияға кеш бет бұрса да, бүгінде бес жинақ шығарғанын айтып, шығармашылықпен айналысудың ерте не кеші жоқ екенін баян етті.

Сондай-ақ, орталық қалалық кітапханаға қонақ болып бірінші рет келген Қарағандылық ақын Николай Федоров та өзінің тәжірибесімен бөлісіп, Николай Алексеевич Некрасовтың: «Поэтом можешь ты не быть, но гражданином быть обязан!» деген өлең шумақтарын мысалға келтіре отырып: «Өз жеріңді, тұрып жатқан қалаңды сүй. Қазақстан Республикасын, ортақ Отанымызды құрметтей біліңдер», - деп жастарға деген ізгі тілегін арнады. Жергілікті ақын, талай шәкірттерді түлетіп ұшырған ұлағатты ұстаз Оралхан Жетенқызы да бұл шараға қатысып, жастарды өзінің шығармашылығымен, өлеңнің қыр-сырымен таныстырып шықты.

Кездесу барысында ақындар авторлық өлеңдерін оқып берсе, олардан көз алмай, ұйып тыңдап отырған жастар да алғашқы шығарған туындыларымен бөлісіп, тағылымды шараға деген ризашылығын білдірді.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА