САРАН ҚАЛАСЫНДА АЛҒАШ РЕТ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕЛЕРІ АРАСЫНДА «ЗАРНИЦА» АТТЫ ҚАЛАЛЫҚ ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ ОЙЫНЫ ӨТТІ.
Оқушылардың қызығушылығын оята білген ойынды қалалық жастар ресурстық орталығы білім және қорғаныс істері жөніндегі бөлімдерімен бірлесе отырып ҚР Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырған.
- Бүгінгі жастар - Отанымыздың келешегі. Сол себепті іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың бойында патриоттық, отансүйгіштік сезімін қалыптастыру, - деп атап өтті қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Сәнді Мұстафина.
Биыл алты адамнан құралған 8 құрама командасы бірінші рет әскери-патриоттық ойынға қатысып көруге бел буған. Сақадай сай әзір болған мектеп оқушылары екі күн бойы ұйымдастырушылар дайындаған кедергілерден, тапсырмалардан мүдірмеу өтуге тырысты.
17 мамыр күні Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің қабырғасында қатысушылар жылдамдыққа Калашников автоматын бұзу және қайта жинау бойынша, сондай-ақ, Пневматикалық винтовкамен нысананы дәл көздеуден жарысты. Тартысты ойынның келесі күні «Сұңқар» стадионынан бастау алды. Төрт бөліктен құралған бұл кезеңде қатысушылар ең алдымен газқағармен елу метрлік аралыққа жүгірсе, кейін газқағарды шешпей тізеден ату жағдайында 10 метрдей қашықтықта тұрған қара шеңберді дәлдеді. Топ мүшелері жіберген әр қателік үшін 20 секундтық уақыт шегертілді. Одан кейін гранатаны лақтырудан бақталасты. Ойын шарты бойынша, әрбір ойыншы граната дәл түссе де, түспесе де жеткен қашықтыққа дейін жүгіріп, қолдан келесі топ мүшесіне беруі керек. Команданың соңғы қатысушысы гранатаны төрешінің қолына тапсырып отырды.
Төтенше жағдайда жарақат алған адамға алғашқы жәрдем жасау амалдары да пысықталынды. Осы тұрғыда оқушылардың шапшаңдылығы мен алғашқы көмекті дұрыс көрсетуін бағалайтын медициналық-санитарлық дайындық әзірленді. Ондағы басты мақсат – зардап шегушіге алғашқы көмек көрсете білу. Бұл тапсырманы да енсерген оқушылар ептілігіктерін көрсетіп, ойда жоқта тап болған төтенше жағдайда бірлік рухын жоғалтпай, тиянақтылық танытты.
Қаламыздың ардагері Виктор Назаренко мен ауған ардагерлері: Василий Казимир, Валерий Двирный және Сергей Перепеляк ойын барысында ережелер мен регламенттің сақталуын бағалап, қазы алқасы ретінде барлығының әділ болуына баса назар аударды. Ал Қарағанды облысы Саран қаласының қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Юрий Кривоносов бас төреші болды.
- Барлығы жақсы ұйымдастырылды. Бастысы - оқушылардың өздерінде ойынға деген қызығушылықтың болғанын байқадық, - деді жастардың ынтасына риза болған ауған ардагері Василий Михайлович.
Көптеген еңбек пен күшті талап еткен екі күндік ойынның қорытындысы бойынша «Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледж» құрамасы жүлделі 3-орынды иеленді. Олардан кейін күміс жүлде № 2 жалпы білім беретін мектептің оқушыларына бұйырды. Бәрінен оза шауып, дайындықтары артығырақ болған № 6 жалпы білім беретін мектептің білім алушылары жеңіске жетті.
- Біз жыл сайын дайындаламыз. Жыл сайын жаттығулар өтеді. Биыл бірінші рет осы ойынға қатысып көрдік. Әрине, оған да сақадай сай дайын болуға бар күшімізді салдық. Калашников автоматын бұзу және қайта жинауға, кроссқа, жүгіруге және тағы басқа да жаттығуларға дайын болдық. Басқа құрамалар да бірінші орынға ие болуға ұмтылғаны анық. Алайда сол күні сәттілік біздің жақта болып, күніміз оңынан туды. Бәрінің артында қажырлы дайындық тұр. Балаларға жарайсыңдар дегім келеді. Біздің құрамада 4 ер бала мен 2 қыз бала болды. Біреуі бұрыннан бері жаттығып жүрсе, біреуі бірінші жыл ғана айналысып келеді. Алайда соған қарамастан барлығы жақсы өтті,- деді № 6 жалпы білім беретін мектептің бастапқы әскери технологиялық дайындық оқытушы-ұйымдастырушысы Максим Викторович.
№ 6 жалпы білім беретін мектептің оқушылары үшін аталмыш әскери-патриоттық ойын таңсық емес. Себебі мектеп оқушылары алғашқы әскери дайындыққа әбден төселген. Орнынан секіру, алыс қашықтықты бағындыру секілді жаттығулардан қорықпайды.
- Бізде әрдайым жаттығулар өткізіледі. Аталмыш ойыннан бөлек, «Ұлан» және басқа да облыстық жарыстарға қатысамыз. Біздің мектепте атудан облыстық турнир де өтіп тұрады. Бұл біздің жұмысымыз, біз балалармен практикалық нормативтерді, сондай-ақ әскери кросстар блойынша айналысамыз, - деп толықтырып кетті Максим Викторович.
Қаламызда бірінші рет ұйымдастырылған «Зарница» атты қалалық әскери-патриоттық ойыны көпшіліктің көңілінен шыққандай. Сергіп қалған оқушылар алғашқы әскери дайындықтан дағдыларын шыңдап, тағы бір мәрте пысықтап алды. Жарыстан бөлек жастар 44803 әскери бөліміне экскурсия жасап, әскери өмірдің қыр-сырымен танысты.
Жеңімпаз топ пен жүлдегерлердің еңбегі де назарсыз қалмады. Жүлделі орын алған білім ордаларына қаржылай сый-сияпаттар көрсетіліп, арнайы диплом мен сертификаттар табысталды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА