«САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ, АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІ» МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ АЙДЫН МУХТАР САРАН ҚАЛАСЫНДА САНИТАРЛЫҚ ТАЗАЛАУ МЕН КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАЛАЙ ЖҮРІП ЖАТҚАНДЫҒЫ ЖАЙЛЫ АЙТЫП БЕРДІ.
Қала ажары тек сәнді де сәулетті ғимараттарымен, үйлерімен, жасыл желекті саябақтарымен өлшенбейді. Күн сайын келбетіне көрік қосып келе жатқан Саран қаласының ажары оның тазалығына да байланысты. «Тазалық табалдырықтан басталады» демекші, ауланы ретке келтіріп, ұқыпты таза ұстау санитарлық талап қана емес, мәдениеттіліктің белгісі. Сол себепті көктем мен күз мезгілдерінде қала тұрғындары жаппай сенбіліктерге атсалысып, қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлесін қосып келеді. Саран қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі де бұл тұрғыдан аянып қалмай, әр мезгіз сайын қолға алынатын тиісті жұмыстарды атқаруда.
- Саран қаласында экологиялық жағдайды жақсарту үшін жыл сайын скверлерде, саябақтарда және автомобиль жолдарының бойында жасыл желектер отырғызу жұмыстары жүргізіледі. Қала блойынша 2016-2021 жылдар аралығында гүл бақтарын күтіп ұстау, көктемгі және күзгі айлық және «Бүкілқазақстандық ағаш отыргызу күні» акциясы аясында 8500-ге жуық ағаш пен 3800-ге жуық бұта отырғызу жұмыстары жүргізілді. Оның шамамен 79 пайызы жерге бітіп, өсуде, - деп атап өтті «Саран қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекеме басшысының орынбасары Айдын Мұхтар.
Бүгінде қала бойынша көгалдандыру, ағаштардың түбін қопсыту, отырғызу орындарын дайындау, сырт келбетін көріктендіру бойынша жұмыстар жоспарға сәйкес істелінуде. Мамыр айында 100 түп қайың ағашы мен 30 қарағай отырғызылды. Сондай-ақ, гүл бағын күтіп ұстау аясында 36 мың гүл егілді.
Қаланың көркін ашатын да, келбетін келісті етіп, әрін арттыратын да – оның тазалығы мен жайқалған жасыл желегі екені анық. Осы тұрғыда халық тынығып дем алатын демалыс орындарға, скверлер мен аллеяларға ерекше көңіл бөлінуде. Аулалар көгалдандырылып, биыл егілген гүлдерге күтім жасап, баптау жұмыстары атқырылып тұрады. Түрлене түскен демалыс орындар да бүгінде көпшіліктің көңілінен шығып отыр.
- Қазір бізде өте әдемі. Кез-келген аллея болсын, кез-келген алаң болсын маған өте ұнайды. Гүлдер отырғызылып, оларға күтім жасалып тұратыны, тазалықты сақтап жүргені де көңілімнен шығып отыр. Маған біздің әкім ұнайды. Жолдарды да назардан тыс қалдырмауда, - деп пікірін білдірді Саран қаласының тұрғыны Валентина Рейнгардт.
Сонымен қатар, Саран қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі қар еріп, күн шуағы жердің бетін қыздырған шақта нөсер кәріздерін тазалауға кіріскен. Одан бөлек, автомобиль жолдары мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды тазалау бойынша жұмыстарды тұрақты түрде жалғастырып келеді. Шаң басып қалған аялдама павильондары да назардан тыс қалмады. Іші-сырты жуылып, қоқыс қалдықтарынан тазартылды. Автомобиль жолдары бойындағы бордюрлер де ақталынып, аппақ түске енді. Саран қаласының 9 мектеп-интернатының жанындағы шағын саябақты жарықтандыруды қалпына келтіру бойынша жұмыстар да қолға алынған. Тек ол ғана емес, көше жарықтарының шамдарын қалпына келтіру мен толықтыру бойынша да жұмыстар атқырылуда. Саябақтар қоқыс-қалдықтардан тазартылып тұрады. Скверлер аумағында балалардың ойын құрылымдары қалпына келтіріліп, көше жолдары реттелінуде. Инстаграм әлеуметтік желідегі ресми парақшаларына тұрғындардан келіп түсіп жатқан хат-хабарлар да назарсыз қалмай тиісті жауаптар қайтарылып, туындаған мәселелерді дер уақытта шешуге бар күштерін жұмылдыруда. Әр апта сайын қызу жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарының барлығы қала көркіне оң әсерін тигізуде. Ең алдымен, осының барлығы қала тұрғындарына жайлы орта қалыптастыру мен шаһардың түр-келбетін ажарландыру мақсатында істелініп жатыр.
- Білесіз бе, Саран соңғы екі-үш жыл ішінде өте әдемі боп қалды. Мен әкімге үлкен рақмет айтқым келеді. Осы жылдар аралығында Саран гүлдене түсті. Барлығы тұрғындарға байланысты. Бөтелкелерді, қағаздарды лақтырмау керек. Жарық жанып тұр, кешке серуендеуге шыға алатындай жер бар, - деді Саран қаласының тұрғыны Надежда Аймурзина.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, Саран қаласын көгалдандыру жұмыстары әлі де жалғасатын болады. Күз мезгілінде үш жүз елуге жуық ағаш отырғызу жоспарлануда. Әзірге қала климатына сай келетін қайың мен қарағай ағаш көшеттерін егу қарастырылуда.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА