Күйдіргі – малдан адамға жұғатын аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі.
Аурудың негізгі көзі әртүрлі ауылшаруашылық малдар, қой, ірі қара мал, жылқы, ешкі, есек, түйе , шошқа. Жануарлар күйдіргі ауруын алиментарлы жол арқылы (шөппен, сумен, жеммен бірге топырақты жұтып) жұқтырады.
Күйдіргі ауруының қоздырғышы (микробы) сыртқы ортаның әсеріне өте шыдамды. Спорлар топырақта бірнеше жылдарға (кейбір де ректерде 120 жылға) дейін шыдайды. Малдың немесе адамның денесіне енгенде спорлар тез арада өзгереді, ауру қоздыратын түріне қайта айналады.
Малдар бұл аурудың қоздырғыштарын көбінесе жаз, күз айларында шөбі қысқа, күйдіргіден қолайсыз деп есептелінетін жайылымдардағы топырақтан, ауырған малдың етінен жұқтырады. Ал адамдарға күйдіргімен ауырған малдарды сою, терісін сыпырып, етін жіліктеу, тамаққа пайдалану, жүнін өңдеу кезінде жұғуы мүмкін.
Адам денесіне қоздырғыштардың қандай жолмен (тері, тыныс алу, ас қорыту) енуіне сәйкес күйдіргінің де ауыр және жеңіл түрлері болады.
Ең көп таралған түрі – терінің зақымдануы, оның ішінде, қолдың саусақтары, білек, мойын, бет, аяқ, т.б. мүшелер. Терінің зақымдалған жерінде қатты қышитын қызыл дақ пайда болып, күлдіреп 2-3 күннің ішінде бетінде көмірдей қара қабыршығы бар жараға айналады. Жараның айналасы қызарып, жалтырап ісіп тұрғанымен, ұстағанда ауырмайды. Дененің қызуы көтеріледі. Уақытында ем қолданылмаса микроб қанға өтіп (сепсис) денеге жайылып аурудың өлімге әкеліп соғуы ықтимал.
Күйдіргі сияқты аса қауіпті аурудың алдын алу үшін қандай шаралар жасау керек:
- мал шаруашылығымен айналысатын жеке меншік мал иелері, жергілікті мал дәрігерімен келісіп жылына екі рет малдарын түгелдей күйдіргіге қарсы егу:
- малдары кенеттен ауырған немесе өлгенде міндетті түрде мал дәрігеріне хабарлау;
- малды соятын немесе сататын жағдайда, алдын-ала мал дәрігеріне көрсетіп анықтама алу;
- малшыларды, т.б. мал шаруашылығымен шұғылданатын адамдарға күйдіргіге қарсы ем қолдану;
- мал ұстайтын қора жайларда тазалық сақтау шараларын әрдайым жүзеге асырып отыру қажет.
Қала түрғындарға ескертеміз: мал тағамдарын (ет, сүт) арнайы рұқсаты бар сауда орындарынан сатып алыңыздар, денсаулықтарыңызға немқұрайлы қарамаңыздар, аурудың алғашқы белгілері білінісімен дәрігерге қаралу қажет.
А. Карабекова,
«Саран қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ басшысы