ҚАРАҒАНДЫЛЫҚ РЕЖИССЕР АРМАН АЛИМЖАНОВТЫҢ БАСТАМАСЫМЕН «STARTKINO» ҚОҒАМДАСТЫҒЫ АЯСЫНДА САРАН ҚАЛАСЫНДА ТҮСІРІЛГЕН «ПОКА НЕ ПОЗДНО» АТТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫСҚАМЕТРАЖДЫ ФИЛЬМІ ЖАҚЫН АРАДА КӨРЕРМЕНДЕРГЕ ЖОЛ ТАРТПАҚ.
Құрылғанына аз уақыт өтсе де бүгінде киноматографияда кино және комьютерлік технологияның жастар шығармашылығын дамыту бойынша «STARTKINO» қоғамдастығында жігерлі де жалынды жастардан құралған бірнеше топтар бар. Қазіргі таңда Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск және жақын маңда орналасқан аудан орталықтарынан жиналған кино өнерінің жанашырлары әлеуметтік қысқаметражды фильмдерді шығару бойынша өндірістік оқыту циклынан өтуде. Жастар осы қарқынмен Қарағанды облысының барлық аймақтарын қамтуды қарастыруда.
- Біз бірте-бірте қай команда дайын болады, солармен жұмысты бастап кетіп, таңдалған белгілі бір тақырыптарқа қысқаметражді фильмдерді түсіреміз. Біздің жоспарымызда 6 қысқаметражды фильм бар. Міне, таяуда ғана Қарағандыда жаңа туындыны түсіруге бастап кеттік. Саран қаласында да ойдағыдай бәрін түсіріп шықтық, - деп атап өтті Қарағандылық ресижессер Арман Алимжанов.
Мазмұны өте қарапайым болып көрінгенімен, Саран қаласында түсірілген аталмыш фильм өзінің шынайылығымен көрерменді баурап алады. Жастардың ата-анаға деген құрметі, аға буынға деген ізеттілігі дәріптелген туындыдан «Еңбектегі ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», бірнеше Ұлы Отан соғысының жеңісіне арналған мерекелік медальдардың иегері, тылеңбеккері Галина Гымякина мен қала ардагері Рафиса Козлованың, жастардың актерлік шеберлігін және Саран қаласының тұрғындарын, күнде зырғып өтіп жатқан тіршіліктің қайнар көзін көруге болады.
Фильмнің сценарийін аталмыш қоғамдастықтың студенттері бір апта ішінде жазып шыққан. Арман Алимжанов тек режиссер ғана емес, сондай-ақ, «STARTKINO» қоғамдастығының төрағасы ретінде актерлердің камерамен дұрыс жұмыс істеуіне, сөйлеу техникасына, шеберлігіне баса назар аударады. Керек кезде үйретіп, бағыт-бағдар да беріп отырады. Тыңғылықты жүргізілген дайындықтың арқасында әлеуметтік туындыны бір тәулік ішінде түсіруге үлгерген.
- Фильмді сәтті түсіріп шықтық. Саран қаласында киноға деген қызығушылық барын байқадық. Біз әрдайым киноны дамытуға мүдделі жастарға қолдау көрсетуге әзірміз. Бізде шеберлік сыныптары, тренингтер, дайындық процестері, өндірістік оқыту жүргізіледі. Осының арқасында белгі бір тәжірибе жинақталады, - деді режиссер.
«Пока не поздно» әлеуметтік қысқаметражды фильмін осы айдың аяғында жария ету жоспарлануда. Алдымен ресми «YouTube» арналарында жарнамалары шықса, кейін телеарналардың бірінен тамашалап қалуымыз да ықтимал.
- Болашақта біз командамызды толықтыруды, адамдарды оқытуды жалғастыратын боламыз. Әр түрлі әлеуметтік қысқаметражды фильмдерді түсіреміз. Жаз мезгіліне көркем фильмдерді дайындаудамыз. Деректі фильмдер де болады. Кейін дәстүрлі фестивальдер өткізіп, өз еңбегімізді бағалайтын боламыз, - деп алдағы жоспарымен бөлісе кетті Арман Алимжанов.
Саран қаласының көшелерін, алаңдарын, тұрғындарын, жалпы қала тынысын дронның көмегімен құс самғар биіктен түсірген сәттерді, өмір иірімдерін көрсететін «Пока не поздно» әлеуметтік қысқаметражді фильмі көптің көңілінен шығуына тілектеспіз.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА