Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

25 МАМЫР КҮНІ ТАЛАЙ ДАРЫНДЫ ТҮЛЕКТЕРДІ ТҮЛЕТІП ҰШЫРҒАН, БІЛІМ ҰЯСЫНА АЙНАЛҒАН №1 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНДЕ КҮМІС ҚОҢЫРАУДЫҢ СЫҢҒЫРЫ ЕСТІЛІП, ЖАС ТҮЛЕКТЕРГЕ СӘТ-САПАР АЙТЫЛДЫ.

Сол күні 1962 жылы қаланған мектеп-лицейінің алды күндегіден де әсем, ажарлана түсті. Ілініп тұрған қызыл-жасыл шарлар, қолдарына гүл шоқтарын ұстап келген оқушылар мен ата-аналар, ата-әжелер мерекелік шараға ерекше әсер сыйлады. Кеше ғана мектеп табалдырығын имене аттап, тарыдай болып еніп, бүгінде таудай талаппен, кезекті бір кезеңге қадам басқан жас түлектердің жанарлары сүйікті мектепке деген қимастыққа толы еді.

 Сынып-сыныппен сарбаздай сап түзеген оқушылар оң қолдарын жүрек тұсына қойып, Әнұранның сөзі мен әуенін әсем үндерімен әуелете айтқанда, олармен жиналған қауым қосылып шырқағанда мектеп ауласын керемет бір толқын кернеп кеткендей болды.

Қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Қайырбек Омаров, білім беру саласының ардагері  Елена Рейслер мен білім бөлімі әдістемелік кабинеттің меңгерушісі, № 1 мектеп-лицейінің кураторы Сәулеш Шаймұрат салтанатты шараның құрметті қонағы ретінде мерекелік бағдарламаны басынан-аяғына дейін тамашалап, мектеп оқушыларына деген ізгі тілегін жолдады.

 

-              Құрметті оқушылар, ата-аналар мен әріптестер, шын жүректен бүгінгі мерейлі тойларыңызбен құттықтаймын! Еліміз, жеріміз аман болсын. Қойған мақсаттарыңызға жете беріңіздер, - деп құттықтау сөзінде атап өтті қоғамдық кеңестің төрағасы Қайырбек Омаров.

 

Биыл № 1 мектеп-лицейінде 958 оқушы білім алды. Оның 89-ы мектеп табалдырығын алғаш аттап бірінші сыныпқа барып, енді екінші сыныпқа көшіп отыр. Ыстық ұясынан 49 жас түлек түлеп ұшпақ. Үш оқушы «Алтын белгіге», алты білім алушы  «Үздік аттестатқа» үміткер.

-              Бітіруші сыныптардың әрқайсысы біздің білім ошағының жетістіктері мен табысына өз үлесін қосты. 11 «А» сыныбын – ең көпшіл, мейірімді және креативті сынып ретінде есте сақтаймыз. 11 «Б» сыныбы – қарапайым және интеллектуалды, әрқашан көмектесуге дайын тұрады. 9-сынып түлектері – тату-тәтті, әрі талантты. Ең батыл идеяларды жүзеге асыруға дайын шығармашылық топтың үлгісі. Балаларға мектептің ғылыми-зерттеу өмірін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтқым келеді, - деп ізгі тілегін білдірген мектеп директоры  Юлия Гляненко республикалық ғылыми жобалар конкурстарының жүлдегерлері: Екатерина Карпованы  ІІІ дәрежелі дипломмен және  Александр Штриккерді ІІ дәрежелі дипломмен  марапаттады.

 

Мерекелік шараға білім ордасын бітіріп кеткен түлектер де жиналды. Олардың қатарында Алина Ефименко әннен шашу шашса, 9-сынып оқушылары да сап тізгінін бұзбай «А мы любили» әнін, кезінде мектеп қабырғасын имене аттаған ұл-қыздар, бүгінде ойы толып, бойы өсіп, бастауыш буынмен қоштасқан 4-сынып оқушылары да дайындаған әндерін шырқап берді. Бірінші сынып оқушылары жатқа тақпақтарын оқып, жас түлектерге сәт-сапар тіледі. Сондай-ақ, 2021-2022 оқу жылында жақсы оқығаны үшін 4-сыныптың оқушыларына мақтау қағаздары табыс етілді.

Осы оқу жылу № 1 мектеп-лицейі үшін қанша қиындықтарға толы болса да, жеңісті де жемісті жылдардың бірі болды. Оқушылар ұстаздардың үміттерін ақтап, алған білімдерінің арқасында қалалық, облыстық, халықаралық деңгейдегі жетістіктерге жетіп отыр.  Таяуда ғана өткен Саран қаласында  ҚР Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Зарница» қалалық әскери-патриоттық ойынында мектеп оқушылары өздерін жақсы қырдан көрсетіп, марапаттарға кенелген. Күні кеше ғана қалалық мәдениет үйінде оқушылар олимпиадасы мен шығармашылық жетістіктердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері сахна төріне көтерілді.  Олардың қатарында №1 мектеп-лицейінің білім алушылары да болды.

 

-              Биылғы жыл әрине қиын болды. Пандемиядан кейін қалыпты өмірге, бұрынғыдай түсіндіріп жеткізе алатындай сабақтарымызға оралдық. Әдеттегідей, бізде олимпиада жеңімпаздары бар. Көптеген балалар қалалық, халықаралық деңгейде өнер көрсетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер атанды. Бізде ғылыми жобалар өте көп. 11 «А» сыныбымыз лицей сыныбы болғандықтан, олар жобалық іс-шаралармен сәтті айналысты. Біз ұзақ жылдар бойы академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетімен  қызмет етіп келеміз. Балалар өз жобаларын жақсы қорғап жүр. Бәлкім, қазір оқушылардың біразы болашақ мамандығын, әріқарай оқығысы келетін жоғары оқу орнын таңдап қойған да шығар, - деді  № 1 мектеп-лицейінің директоры Юлия Гляненко.

 

Сонымен қатар, іс-шарада 11 «А» сынып оқушылары сынып жетекшісі Светлана Глушковскаяға және 11 «Б» сынып оқушылары сынып жетекшілері Наталья Медведеваға деген игі тілегін айтып, он бір жыл бойы білім нәрімен сусундатқан аяулы ұстаздарына зор алғысын білдірді. Гитараның сүйемелдеуімен жанды дауыста ән шырқап, көріністен басталып аяғы бимен ұласып кеткен тосын-сыйларымен қуантты. Ақ ниетпен гүл шоқтарын табыстады.  Жас түлектердің қолдарына қалам ұстатып, алғаш сабақ берген мұғалімдері де қуаныштарына ортақтасып, ақ баталарын берді.

Қолдарына күміс қоңырауды алған 11 «Б» сынып оқушысы Инесса Малышева мен 1 «А» сынып оқушысы Муслим Аласай соңғы қоңыраудың үнін сыңғырлата соғып, жас түлектердің есінде мәңгі қалатын мерекелік шараның шымылдырығын түрді.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА

Фото: Камила ОСПАНОВА