Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Бұрнағы күні, яғни 25 мамырда еліміздегі барлық мектептерде соңғы қоңыраудың күміс үні сыңғырлаған күн болып өтті. Биыл ғана мектеп табалдырығын аттаған балдырғандар мен оқу жылы жалғасатын оқушылар үшін соңғы қоңырау жазғы демалыстың басталғанын білдірсе, алтын ұясынан түлеп ұшқалы отырған түлектер үшін шын мәнісіндегі «соңғы қоңырау».

Жыл сайын еліміздің барлық өңірлерінде өтетін бұл шара көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлайтыны да рас. Өйткені, ақ бантик таққан арулар мен ақ жейделі ұлдар барлық шаһарлар мен өңірлердің сәні мен мәнін келістіретіні сөзсіз.

Осы бір тарихи салтанатты шара Саран шаһарында ерекше сән-салтанатымен, «Балалар жылы» аясында өтті.

Иә, тағы бір оқу жылы аяқталды. 2021-2022 оқу жылында қала бойынша білім беру ұйымдарын 169 түлек бітіреді. Биылғы түлектер ішінен «Алтын белгіге» 10 үміткер бар.

Көңілдерде қимастық сезімі ұялап, тарыдай болып аттаған табалдырықтан көкке қанат жайған соңғы қоңырау үні шаһардағы Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте де сыңғырлады. Биыл 19 түлек Абай атындағы мектеп қабырғасынан түлеп ұшты. Мектеп табалдырығын аттаған сәттен үздіктер қатарынан көрініп, 11 жылды «бестік» бағамен қорытындылаған 3 түлек «Алтын белгіге» ұсынылуда. Оқушылардың үздіктер қатарынан көрінуіне мектеп директоры Гүлден Иманқұлованың да, 11 «б» сыныбының жетекшісі Муратбек Кенжетаев пен 11 «а» сыныбының жетекшісі Жанна Амангельдиеваның да еңбектері баршылық.

Мыңдаған түлектерді қанаттандырған оқу ордасына сол күні қалалық мәслихаттың депутаты Жанбол Жаяубаев пен қалалық білім бөлімінің әдіскері һәм Абай атындағы мектептің кураторы болып табылатын Дәурен Бейсенұлы да табан тіреген екен. Ондағы мақсат – 11 жыл қатарынан білім алған алтын ұяларынан ұшқалы отырған түлектерге қазақы дәстүрге сай ағалық ақ баталарын беріп, сән-салтананымен шығарып салу.

Одан әрі салтанатты рәсім дәстүрге сай, мектеп бітіргелі тұрған түлектер сынып жетекшілерімен бірге ортаға шықты. Сонаң соң Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы енгізіліп, Әнұран орындалды. Жүргізушілер салтанатты шараның мәртебелі қонақтарын жиналғандарға таныстырды. Шара барысында мектеп кураторы, білім бөлімінің әдіскері Дәурен Бейсенұлы мектеп бітірушілерге жылы лебізін білдіріп, жаңа өмірге игі қадаммен басып, жаңа баспалдақты ақ пейіл һәм адал абыроймен аттауларына  тілектес екендігін жеткізді.

- Мемлекетіміздің болашағы - жастардың қолында. Сондықтан, құрметті бітіруші түлектер, сіздерге артар сеніміміз мол. Соңғы қоңырау сіздер үшін қимастық пен қуаныш сезімі қатар жүретін ерекше сәт. Аттаған қадамдарыңыз оң болып, алдағы емтихандардан сүрінбей өтіп, армандаған жоғары оқу орнына қиындықсыз түсулеріңе тілектеспін, - деді Дәурен Бейсенұлы өз құттықтау сөзінде.

Осыдан 11 жыл бұрын мектеп табалдырығын аттаған балапандар, бүгінде қырандай жетіліп, ұстаздарының мақтанышына айналып, мектебімен қоштасар сәтке де жетті. Салтанатты сәтке мектеп түлектерімен бірге ата-аналар да қатысты.

Білімді шәкірттерді аялап, олардан жақсылығын аямайтын, жас ұрпақтың жанашыры, мектеп директоры Гүлден Ерденқызы да түлектерге жылы лебізін білдірді.

- Қоңырау үні. Бұл үн білім кемесі, мектеп қабырғасынан шыққан әрбір адамның құлағына таныс, жүрегіне жақын. Соңғы қоңырау - қимас қоштасу әуенімен ыстық. Түлектер өздерінің он бір жыл бойы білім алған ордаларымен қоштасса, ал ұстаздар болса сүйікті шәкірттерін болашаққа қанаттандырады. Барша жас түлектерді алда үлкен сын күтіп тұр. Сондықтан, қай кезде де терең білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңызға тілектеспін, - деді ол.

Биылғы салтанатты жиын тек мектеп бітірушілердің құрметіне ғана арналған жиын емес, сондай-ақ 2021-2022 оқу жылының қорытындысын шығару жиыны болды. Сол себепті де шара барысында мектеп директоры Гүлден Иманқұлова мен директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Динара Искакова оқу озаттары мен мектептің қоғамдық жұмысына белсене қатысқан, сондай-ақ үздік жетістіктерге жеткен оқушыларды 2021-2022 оқу жылындағы «Жыл оқушысы» номинациясымен, мақтау қағаздарымен марапаттады.

Өз кезегінде мектеп бітіруші түлектердің ата-аналары мектеп басшылығы мен ұстаздарға ризашылығын білдіріп, түлектерге жүрекжарды жылы лебіздерін жолдады.

Ал түлектер болса, ұстаздарына жүрекжарды өлеңдерін арнап, әсем әндерін жолдады. Жас түлектер жүрекжарды тілектерін жеткізген соң, соңғы қоңырау соғу рәсімі өтті.

Иә, алтын ұямен қоштасар сәт таяп, кешегі тұлымды ұл атжалын тартып, азамат болғанын, тұлымшақты қыз бой жеткенін бүгін ғана сезінгендей болып, көңілдері толқып, жүректері лүпілдейді. Алғаш әріп танытқан, бойларына жақсылықты дарытқан, балалығы мен шалалығын кешірген аяулы ұстаздарын қимаса да, қияға құлаш сермейді, аңсауға толы арманға қол созады. Мектеп бітірушілер бұдан кейін қоңырау олар үшін сыңғырламайтынын, мектеп партасына қайтып отырмайтынын білсе де, соның бәрін көкірегінің бір түкпіріне түйілген сырлы сағынышқа айналдырып кете бармақ. Ұстаздар он бір жыл бойы тәрбиесін шыңдаған, білімін жетілдіріп, қанаттандырған өрендерінің өздерін ешқашан ұмытпайтынына сенімді. Өйткені, бұл қайта айналып қайырыла бергің келетін, жыл сайын соңғы қоңырау соғылар күні жүрегің шымырлап, мектеп партасына жаңа отырған бала шәкірттей тебіренетін күн болып қала бермек.

Салтанатты шара соңында бітіруші түлектер дәстүр бойынша «Қоштасу вальсін» билеп, зеңгір көкке бейбітшілік символы ретінде түрлі-түсті шарларды қалықтатты.

Кеше ғана тарыдай боп кiрiп, бүгiн таудай боп шыққан қарлығаштардың алдында әлi талай асу бар. Мектеп бiтiрушiлердi күтiп тұрған асудың алғашқы баспалдағы – ҰБТ-дан сүрiнбей өтiп, өзi қалаған жоғары оқу орнына түсу. Мiне, бүгiн осы сындарлы сағатты тек біздің қаламыздың ғана емес, мұқым қазақ елiнiң барлық аймағындағы бiтiрушiлер тағатсыздана күтуде.

Ендеше, біз де өз тарапымыздан оларға сәттілік тілеп, «Жолың болсын, жас түлек!» демекпіз.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген автор