ЖАЗ ҚЫЗЫҒЫ ЖАЙДАРЛЫ
«КОЛОБОК» БӨБЕКЖАЙ-БАҚШАСЫНЫҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІЛЕРІ КӨТЕРІҢКІ КӨҢІЛ-КҮЙГЕ БӨЛЕЙТІН ЖАЗДЫҢ ЖАЙМАШУАҚ КҮНДЕРІН ТАЛҚЫЛАП, ОЙЛАРЫН ОРТАҒА САЛДЫ.
1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл күн тек бүлдіршіндердің өздері үшін көңілді мереке ғана емес, сондай-ақ, ересектерді де қиял-ғажайып әлемге бір сәтке болсын апаратын жайдарлы мереке.
Барлық бала – бақытты болуға, армандауға жаралған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялап, балаларға ерекше көңіл бөлу керек екенін жеткізді.
«Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек», - деп атап өткен болатын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Отан – отбасынан басталады» демекші, тәрбиенің қайнар көзі де баланың бойына кішкентайынан бастап қалыптасады. Бүгінде балғындардың білімді, жан-жақты болуына өзінің сүбелі үлесін қосып келе жатқан бөбекжайлардың еңбегі ұшан-теңіз. Саран қаласында 1965 жылы бой көтерген «Колобок» бөбекжай-бақшасы бекітілген жоспарға сәйкес балалармен түрлі жанрда қызықты, бастысы тағылымды іс-шараларды өткізіп тұрады. Осы таяуда ғана «Ботақан» тобында жаз мезгілінің таңғажайып көріністеріне, көркем табиғатына толы «Лето» және «Лето! Ах! Лето!» атты қос іс-шара ұйымдастырылды. Балғындар ұжымдық жұмыста жұмыс істеп, түрлі түсті майлықтардың көмегімен шуағын шашып тұрған сап-сары күн нұрын, көк аспанды, жазық даланы өз қолдарымен жасап, әдемілеп безендіруді үйренді. Ал «Лето! Ах! Лето!» тақырыбы аясында өткен сабақ барысында дәстүрлі емес аппликацияны қолданып көрді. Жолақтарды квадраттарға кесіп, қарындаштарға айналдыра отырып, ақ парақ бетіне желімдеуді машықтады. Нәтижесінде - бойға жылулық, көңілге қуаныш сыйлайтын әдемі композиция пайда болды.
- Осы аптада біз балалармен жаздың ерекшеліктері, жаздың жарқын белгілері туралы сөйлестік. Барлық іс-шаралар белгіленген жоспарға сәйкес өткізіліп жатыр, - деді «Колобок» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Инна Анатольевна.
Бүгінде «Колобок» бөбекжай-бақшасында 5 топ бар. Балалар үшін әрдайым қызықты ойындар, іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Конкурстарға да белсене қатысады. Таяуда ғана «Болашақ» тобы «Зерек бала» атты зияткерлік қалалық байқауына қатысып, 1-орынды иеленді. Қазіргі таңда облыстық кезеңге дайындалып жүр.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА