ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНДА - Жаттықтырушы мен Шәкірті
ЖУЫРДА ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНДА IPAF БОЙЫНША КЛАССИКАЛЫҚ ЖАТЫП СЫҒЫМДАП КӨТЕРУДЕН, WPDA БОЙЫНША ХАЛЫҚТЫҚ БЕЛГЕ ТАРТУДАН, WPBPA БОЙЫНША ХАЛЫҚТЫҚ ЖАТЫП СЫҒЫМДАП КӨТЕРУДЕН, IPAF БОЙЫНША ХАЛЫҚТЫҚ БИЦЕПСКЕ КӨТЕРУ ЖӘНЕ IPAF БОЙЫНША ҚАТАҢ ТҮРДЕ БИЦЕПСКЕ КӨТЕРУДЕН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЧЕМПИОНАТЫ АЯСЫНДА «HALYK KYSHI-IV» ТУРНИРІ ӨТКЕН БОЛАТЫН.
Турнирді өткізудегі басты мақсат - Қазақстанның мықты спортшыларын анықтау, халықаралық деңгейдегі спорт шебері разрядын қоса алғанда спорттық разрядтарды орындау, жаңа күштік спорт түрлері мен салауатты өмір салтын насихаттау, ел аумағында күш қолданылатын спорт түрлерін танымал ету, жастарды дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту.
IPAF халықаралық федерациясы мен Қарағанды шаһарындағы «Pro Fit» фитнес клубы бірлесе отырып ұйымдастырған турнирге мұқым қазақ елінің түкпір-түкпірінен кілең атан тұлғалы алыптар ат басын терлетіп келген екен. Олардың қатарында жерлестеріміз, Саран шаһарындағы «Arystan CrossFit» клубының жаттықтырушысы Рустам Дәденбеков пен Рустам Талғатұлының тікелей қол астында жаттығатын «Arystan CrossFit» клубының 15 жасар атлеті Мадияр Мәженов те бар.
Күштік спорттың 5 түрі бойынша өткен турнирде Рустам Талғатұлы ерлер арасындағы халықтық белге тартудан 82.5 келі салмақ дәрежесінде, ал оның шәкірті Мадияр жасөспірімдер арасында 125 келі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Жалпы белге тарту бойынша сайыс ерлер, әйелдер және 14 пен 16 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында түрлі салмақ дәрежесінде өткен болатын.
Қазақ елінің кілең мықтылары жиналған жарыста сарандық зілтеміршілер әдеттегідей табысты өнер көрсетті. Рустам Талғатұлы мен оның шәкірті Мадияр Мәженов сын сағатта сыр бермеді.
Жеңіс тұғырына көтерілу үшін барлығы да жанын салды. Десекте ешбір ауыр атлет аянып қалмаған жарыс жолында Рустам Дәденбеков халықтық белге тартудан 82.5 келі салмақ дәрежесінде 1-орынды қанжығалап, спорт шебері нормативін орындап шықса, Мадияр күштік спорттың осы түрі бойынша жасөспірімдер арасында 125 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 1-орынды иемденіп, спорт шеберіне үміткер атанып отырған жайы бар. Осылайша жаттықтырушысы мен шәкірті республикалық дүбірлі додада дүйім жұрттың алдында сарандық спортшылардың мықтылығын тағы бір мәрте мойындатты.
Айтпақшы, Мадияр шаһардағы Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбын тәмамдаған. Бүгінде ол «Arystan CrossFit» клубында білікті жаттықтырушы Рустам Дәденбековтің қол астында жаттығады. Ауыр атлетикамен айналысқанына 5 айда уақыт болса керек. Осы уақыт аралығында ол екі мәрте күштік спорт түрлерінен сайыстарға қатысып, екеуінде де 1-орынды қанжығалап, жеңіс тұғырын бағынрып үлгерген. Екінші сайыс - біз тілге тиек етіп тұрған турнир. Мадияр жас та болса, болшағынан зор үміт күттіретін спортшылардың бірі.
Жерлестерімізді жемісті жеңістерімен және Рустамды спорт шебері атағын иемденуімен, ал оның шәкірті Мадиярды спорт шеберіне үміткер атануымен шын жүректен құттықтаймыз. Алдағы уақыттарда бұдан да биік белестерді бағындыруларына тілектеспіз! Саран спортының даңқы асқақтай берсін!
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ