ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ ЖЕҢІС ТӨРІНДЕ
АБАЙ ҚҰНАНБАЕВ АТЫНДАҒЫ САРАН ЖОҒАРЫ ГУМАНИТАРЛЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ОҚЫТУШЫЛАРЫ ТҮРКІСТАНДА ӨТЕТІН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СПАРТАКИАДАҒА ЖОЛДАМА АЛДЫ.
Таяуда техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері, қызметкерлері арасындағы облыстық спартакиада ұйымдастырылды. Екі тәулікке созылған додада қатысушылар шағын футбол, волейбол, тоғызқұмалақ пен үстел теннисінен сынға түсті.
Салауатты өмір салтын насихаттау және республикалық жарыстарға қатысу үшін мықты командаларды анықтау мақсатында өткен жарысқа Саран қаласынан Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық - техникалық колледжінің оқытушылары қатысып, жүлдемен оралды.
Волейболдан ерлер мен әйелдер командасы да қарсыластарынан оза шауып, бірінші орынға ие болды. Тоғызқұмалақтан күміс медальді еншіледі. Шағын футбол ойынында төртінші орыннан көрінді. Бұл бірінші кезеңнің көрсеткіші ғана. Алда Түркістанда өтетін шешуші кезең күтіп тұр.
Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушыларын жүлделерімен құттықтаймыз! Жерлестерімізге жарыс жолында сәттілік тілейміз.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА