Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

САРАН ҚАЛАСЫНДА  «БАЛАЛАР ЖЫЛЫ» АЯСЫНДА БІРІНШІ РЕТ «ӨМІРЛІК ДАҒДЫЛАР» АТТЫ ҚАЛАЛЫҚ ФОРУМ ӨТТІ. АТА-АНАЛАР БАЛАЛАРЫМЕН БІРГЕ СПОРТТЫҚ СЕКЦИЯЛАРҒА, ТАНЫМДЫҚ ШЕБЕРЛІК СЫНЫПТАРҒА ҚАТЫСЫП, РОБОТЕХНИКАМЕН АЙНАЛЫСЫП, ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТРЕНИНГТЕН ӨТТІ. БҰЛ ФОРУМ ҚАМТЫҒАН ІС-ШАРАЛАР ЛЕГІНІҢ ҮШТЕН БІР БӨЛІГІ ҒАНА.

28 мамыр күні «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының іші сыңғырлаған баланың күлкісіне, ата-аналардың ақжарма көңіліне толды. Орталық қабырғасында алғаш рет ұйымдастырылған «Өмірлік дағдылар» қалалық форумында ата-аналар мен балалар тек көрермендер қатарында ғана отырмай, сондай-ақ, бұл форумның негізгі қатысушыларына айналды.

-              Құрметті ата-аналар, балалар, әріптестер, мен білім бөлімі атынан сіздерді бүгінгі күні білім басқармасының тапсырмасы бойынша бүкіл облыс бойынша ұйымдастыратын ата-аналар форумында көргеніме өте қуаныштымын. Сіздер, ата-аналар, балаларға махаббат пен қамқорлықтарыңызды беріп келесіздер. Президентіміздің саясатының арқасында балаларымыз бүгінгі таңда сапалы білім алып, шығармашылық әлеуетін дамытып, спортпен шұғылданып, қосымша білім алып, қосымша білім беру объектілері арқылы қосымша дағдыларды дамыта алады, - деп өзінің құттықтау сөзінде атап өтті қалалық білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев.

Шара барсында қаламыздағы қосымша білім беру нысандарының рөлі мен жемісті жетістіктері айтылды. Олардың қатарында «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы, балалар өнер мектебі, жас техниктер станциясының атаулары бірнеше рет аталып, еңбектері жоғары бағаланды.

Сонымен қатар, салтанатты ашылу салтанатында балалар өнер мектебінің қос күйшісі «Аққу» күйін орындаса, үрмелі аспаптар ансамблінің орындауында «Опавшие листья» туындысы тыңдалды. «Жұлдыз»  хореографиялық ұжымының кіші тобы «Гномы-лилиптики» биімен көпті өзіне тәнті етіп, жақсы көңіл-күй сыйлады. №16 жалпы білім беретін мектептің вокалдық тобы «Қазақстан балалары» әнін үш тілде  шырқап берді.

«Өмірлік дағдылар» форумының бағдарламасы 10 түрлі іс-шарадан құралды. Әрбірі қызықты тақырыптармен, өзіндік даралығымен ерекшеленді. Мәселен, «Элегия» театр студиясында ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтуға арналған жаттығулар, ойындар жасалса, «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер  шығармашылық орталығының алаңында қатысушылар футбол мен бокс спорт түрлерінен машықтанды.

-              Біздің мастер-класста біз бүкіл оқу жылында нені үйренгенімізді көрсеттік. Балалар допты қалай басқаруды, қалай ұруды, қалай соғуды, доппен бірге жаттығу жасауды көрсетті. Осының барлығы техниканың көрсеткіші. Сондай-ақ, ата-аналар да доппен жұмыс істеп көріп, сырттан оңай болып көрінгенімен, ойын барысында қаншалықты қиын екендігін түсінді, - деп атап өтті  «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының  жаттықтырушысы, футбол бойынша оқытушысы Иван Филатов.

Аталмыш орталықта қосымша білім беру педагогы, сәндік-қолданбалы өнер студиясының жетекшісі Елена Ламан форумда магнит жасаудан шеберлік сыныбын өткізді. Оған ата-аналар мен балалар қатысты. Басты талап – бірігіп жұмыс істеу. 

-              Бұл Фетрден магнит жасау бойынша мастер-класс. Мен киізден түрлі-түсті бөлшектерді дайындап, жасалу жолымен таныстырып шықтым. Қатысушылар өздеріне ұнағанын таңдап, бір-біріне желімдейді. Соңында балалармен бірлесе жасаған құс пішіні бар магниттер сыйға тартылады, - деді Елена Ламан.

Бұл шеберлік сыныпта ең алғаш болып құстың пішінін жасап болған қатысушылардың бірі –  Илья Костенко мен оның қызы еді.

- Біз мастер-классқа келіп, құстың фигурасын жасадық. Барлығы өте ұнады. Балалар да, ата-аналар да риза. Өзіме де ұнады. Балалармен қатысу өте қызықты. Келесі жылы да  қатысуға ниеттімін, - деп шеберлік сыныптап алған әсерімен бөлісті Саран қаласының тұрғыны Илья Костенко.

Дәл сол уақытта «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының фойесінде 3D модельдеуден шеберлік сынып өтіп жатты.  Ата-аналар  мен балалар бірігіп, 200 градусқа дейін қыздырылған пластиктің көмегімен естелікке түрлі пішіндес бұйымдарды жасап алды.

- Бұл өте қызықты, өте мазмұнды шеберлік сыныбы. Бірінші рет жасап көріп отырмын. Оған дейін жасап көрген емес едім. Маған өте ұнады. Менің ұлым екі жыл қатарынан қаламыздағы жас техниктер станциясына барып жүргеніне қуаныштымын.  3D модельдеуден, роботехникадан көп нәрсе  үйренді, - деп оң пікірін қалдырды Ақтас кентінің тұрғыны Татьяна Тарасик.

Жас техниктер станциясында 2016 жылдан бастап робототехникадан сабақ беріп жүрген Максим Дамбовский форумда роботехника бойынша «Легоқұрылымдау» шеберлік сыныбын өткізді. Оның көмегімен ата-аналар мен балалар «Lego wedo» конструкторы арқылы көзі-мұрны қимылдайтын робот-итті жасауды қолма-қол сол жерде үйренді.

- Тиісінше, олар өздерінің бағдарламасын жасады. Онда робот-иттің мұрны, көзі қозғалды. Бұл өте қызықты болды. Балалар мен ата-аналарға бірігіп, бір нәрсе жасау – бір жағынан танымды  болды. Жұмыс күндері ата-аналар бізден тек балаларды алып-кетіп жүрді. Ал мұнда балалармен бірге жасап, шыққан нәтижеге бірге қуанып, бар бақытты сезінуге мүмкіндік алды, - деді Максим Дамбовский.

«NEW ата-аналар жиналысы» тақырыбындағы ата-аналарға арналған тренингте отбасы құндылығына, жанұялық қарым-қатынасқа мән берілді.

- Осы бүгінгі жиында, ата-аналар мен балалар ең бірінші отбасының суретін салудан бастады. Бұл жерде бала көзімен және ата-ана көзімен отбасыны қалай түсінетінін көрдік. Сол кезде бала мен ата-аналар салған суреттерде ұқсастық бар екендігін байқадық. Жүз пайыз айта аламын, ата-ана мен бала арасындағы байланыс толыққанды болды деп, - деді Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің педагог-психологы  Ханшайым Нуркеева.

Одан бөлек қатысушылар «Бақытты балалар – бақытты ата-аналар» психологиялық тренингке, «Ойын технологиялары» жастар көшбасшыларының қауымдастығына, шахмат, каратэ-до мен қазақ күресіне, «Қозғалыс+музыка=жақсы көңіл-күй» атты хореографияға қатысып көрді.  Жоғары да аталған барлық іс-шаралардың соңында қатысушыларға «Өмірлік дағдылар» форумынан естелік ретінде сертификаттар табыс етілді.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаевтың айтуы бойынша, аталмыш форумды ендігі жылы да жалғастыру, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу жоспарда бар.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА

Фото: Камила ОСПАНОВА