Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Жер тарихы - ел тарихы. Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан болмысы, танымы, тағдыры елді мекен, жер-су атауларында жатыр. Еліміздің жер-су елді мекен, көше атауларына көңіл бөлу, оларды тарихи тұрғыдан реттеу жұмыстары егемендік алғаннан кейін қолға алынды. Ономастика қазіргі уақытта тіл саясатының жетекші бағыттарының бірі, өзекті мәселесі. Бүгінгі таңда Саран қаласының аумағы бойынша 240 көше бар. Оның 90% пайызы идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар. Атап айтсақ, Арычная, Безымянная, Веселая, Вахтерская, Виноградная, Вишневая, Крайняя, Томатная, Фруктовая т.б. Бұл ескірген, мән-мағынасы жоқ атаулардан арылып, төл атауларымызды толықтай қалпына келтіру жұмыстарын қолға алуымыз керек. Біріншіден, көшелерді жаңаша атау кезінде қазақ тіліндегі мағынасы мазмұнды, дыбысталуы көңілге де, құлаққа да жағымды атауларға мән берілгені жөн. Екіншіден, халықтық дәстүрді естен шығармауымыз керек.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер»  жобасы аясында елді мекендердің тарихи атауларын қайтару және оның құрамдас бөліктерін ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен қайта атау сияқты біршама міндеттер жүктеліп отыр. Сол себепті биылғы жылы қаламызда алғаш рет мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, тілдерді дамыту орталығы «Ұлттық ономастика – ел айнасы» байқауын өткізді. Байқаудың мақсаты: азаматтарды мемлекеттік тілді, төл тарихты білуге баулу, олардың отансүйгіштік сезімін ояту, қазақ халқының көне салт-ғұрпын, дәстүрлі таным-түсінігін және көнерген сөздерді жаңғырту болды.

Байқауға Саран қаласының мемлекеттік мекеме мамандары мен мемлекет меншігіндегі мекеме қызметкерлерінен құрылған командалар қатысты. Төрт кезеңнен тұратын бұл сайыста қатысушылар еліміздің белгілі тұлғалары, тарихи орындар, көрікті жерлер, көнерген сөздер бойынша білімдерін сынады. Болашақта байқауды жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп отыру жоспарланып отыр.

Бүгінгі жаңа атау - ертеңгі мұра, халықтың бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабар берер дүниелер. Ономастика саясаты ең алдымен мемлекет тәуелсіздігіне, ел мен жерді ұлықтауға қызмет етуі тиіс. Сонда ғана ата-баба мұрасы жаңғырып, ел мен жердің сәні кіріп, халқымыздың рухы күшейеді.

Д. Жупенова,

«Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру

және спорт бөлімі» ММ тілдер жөніндегі бас маман