ЖАСӨСПІРІМДЕР ЖАҒДАЙЫ ЖІТІ БАҚЫЛАУДА
ҚАШАН ДА БАЛА ҚҰҚЫҒЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ, ҚОРҒАУ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ, ЗАЙЫРЛЫ, ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК МЕМЛЕКЕТТІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ БАҒЫТЫ, ЗАМАННЫҢ АУҚЫМДЫ МӘСЕЛЕСІ САНАЛАДЫ.
Саран қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, олардың қараусыз және панасыз қалуының алдын алу, олардың құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау саласындағы мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметін үйлестіруді қамтамасыз ететін тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган болып табылады.
Үстіміздегі жылдың 25 мамырында шаһардағы мәдениет үйінде кәмелетке толмағандар істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі қалалық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Қала әкімінің орынбасары Ералы Оспановтың төрағалығымен өткен отырыстың күн тәртібінде «Оқушылар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша білім ұйымдарының жұмысы туралы және «Тәуекел тобындағы» оқушылардың сабақтан тыс уақытын ұйымдастыру», «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылығы орталығы» КМҚК-да кәмелетке толмағандардың бос уақытын өткізу қызметін ұйымдастыру туралы» мәселелер қарастырылды.
Оқушылар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша шаһардағы білім ұйымдарының жұмысы туралы және «Тәуекел тобындағы» оқушылардың сабақтан тыс уақытын ұйымдастыру туралы Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің директоры Гүлден Иманқұлова мен № 7 мектеп-интернатының директоры Людмила Сикидина баяндады.
Ал «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылығы орталығы» КМҚК кәмелетке толмағандардың бос уақытын өткізу қызметін ұйымдастыру туралы «Достық үйі» директорының м.а. Ольга Свиргун тілге тиек етті.
Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің директоры Гүлден Ерденқызының баяндауынша, 2021-2022 оқу жылында мектепішілік есепке 3 оқушы, ал тәуекел тобына 5 оқушы тіркелген.
Гүлден Ерденқызының айтуынша, мектепішілік тіркеу мен тәуекел тобындағы балалардың арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және олардың сабақтан тыс уақытын дұрыс ұйымдастыру мақсатында аталған білім ошағында түрлі шаралар өткізіліп және жоғарыда аталған оқушыларды қалалық мәдени-бұқаралық, спорттық іс-шараларға қатыстыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқан жайы бар.
Мәселен, ағымдағы жылы «Абайлаңыз, балалар!» қалалық акциясы аясында веложарыс ұйымдастырылған болатын. Аталған акцияға Абай атындағы мектептің мектепішілік тіркеуінде тұрған оқушылары қатысып, жақсы нәтижелер көрсеткен. Бұдан бөлек, «Спорт - неисчерпаемый корм, искусство - неисчерпаемое богатство» он күндік пән апталығының жоспары аясында 5-7 сынып оқушылары арасында асық, тоғызқұмалақ бойынша жарыстар және 9, 10, 11 сыныптар арасында арқан тартудан спортық ойындар мен сайыстар өткізіліп, оларға тәуекел тобындағы мектеп оқушылары қатыстырылған.
Сонымен қатар, тәуекел тобының оқушылары қаламыздың спорттық жарыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болған.
Айта кетерлігі, Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте ювеналды полицияның тіркеуінде тұрған оқушылар мүлдем жоқ. Отырыс барысында қала әкімінің орынбасары Ералы Серікұлы аталған оқу орнының осы тұстағы артықшылығын ерекше атап өтіп, мектеп ұжымының жұмысына оң баға берді.
Ал № 7 мектеп-интернатындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар мектеп пен қалалық Полиция бөліміне қарасты Жергілікті полиция қызметі бөлімшесі арасындағы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу бойынша бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізіледі деп мәлімдеді оқу орнының директоры Людмила Викторовна.
Людмила Викторовнаның баяндауынша, бұл саладағы жұмыстар көбіне білім алушылар арасында құқықтық мәдениет пен құқықтық санаға қатысты тәрбие беруге және кәмелетке толмағандардың қылмыс жасауының, құқық бұзушылықтарының және қадағалаусыз қалуының алдын алу мен ескертуге, құқық тәртібін нығайтуға, жанжалдардың алдын алуға, кәмелетке толмағандарды әлеуметтік қорғауға, салауатты өмір салтын насихаттауға, сабақтан тыс уақытта білім алушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған.
«Білім алушылар арасында құқықтық мәдениет пен құқықтық санаға тәрбиелеу мақсатында білім алушылар, ата-аналар, педагогтер үшін құқықтық білім мектебінің жұмысы ұйымдастырылған. Білім алушылармен сабақтар айына бір рет, педагогтермен - тоқсанына 1 рет, ата - аналармен-жылына 5 рет жалпы мектептік ата-аналар жиналыстарында өткізіледі.
Бұдан бөлек, мектеп оқушылары арасында сенім мен өзара түсіністік атмосферасын құру мақсатында мектепте Татуласу қызметі жұмыс жасайды.
Балалардың мектептегі Татуласу қызметіне 5-9 сынып оқушылары кіреді.
Ондағы топ жетекшілері өздері де оқи отыра, сонымен қатар өзгелерге де әртүрлі мәселелерді шешудің бірлескен жолдарын табуға көмектеседі» -, дейді № 7 мектеп-интернатының директоры Людмила Сикидина.
Бұдан бөлек, мектеп-интернатында мектепішілік тіркеу мен тәуекел тобындағы балалардың арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және олардың сабақтан тыс уақытын дұрыс ұйымдастыру мақсатында түрлі дәрістер, акциялар, шығармашылық сайыстар, әлеуметтік жобалар ұйымдастырылып, өткізіліп тұратын көрінеді.
Людмила Викторовнаның айтуына қарағанда, аталған іс-шаралар білім алушыларға даулы жағдайда дұрыс шешім табуға көмектеседі, білім алушыларда заңдар мен моральдық нормаларды білу және оларды сақтау қажеттілігі, адамдардың өзара іс-қимылы мен өзара қарым-қатынасын регламенттеуге құндылық қатынасы, сондай-ақ білім алушыларға жасөспірімдердің эгоцентризм көріністерін жеңуге көмектесетін заңға бағынатын мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға септігін тигізеді дейді.
Осылайша, мектепте оқушыларының девиантты мінез-құлқын тудырмайтын, алайда оларға қызықты әрі ұнайтын һәм олардың түрлі қабілеттерін көрсете алатын кеңістік алаңын кеңейтетін жағдайлар жасалуда дейді аталған оқу орнының директоры.
Ал «Достық үйі» директорының міндетін атқарушы Ольга Николаевнаның баяндауынша, балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығындағы кәмелетке толмағандардың бос уақытын өткізу қызметі балалардың шығармашылық қабілеттерін қалыптастыруға және дамытуға, олардың зияткерлік, адамгершілік және физикалық жетілуге деген жеке қажеттіліктерін қанағаттандыруға, салауатты және қауіпсіз өмір салты мәдениетін қалыптастыруға, денсаулықты нығайтуға, сондай-ақ олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған.
«Балалар мен жастардың бос уақытын ұйымдастыру «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылығы орталығының жұмысындағы маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Есепті кезеңде кәмелетке толмағандардың бос уақытын ұйымдастыру мақсатында «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы 3251 адамды қамти отырып, 122 қалалық және өңірлік іс-шаралар өткізді», - дейді Ольга Свиргун.
Сонымен қатар ол, кәмелетке толмағандарды патриоттық тәрбиелеу мақсатында «Достық үйінің» жанында «Жас Ұлан» бірыңғай балалар-жасөспірімдер ұйымы РҚБ қалалық филиалы жұмыс жасайтынын және аталған ұйым қаланың барлық жалпы білім беретін мектептері жұмысының үйлестірушісі болып табылатынын тілге тиек ете кетті.
Бұдан бөлек, Ольга Николаевна аталған орталықта кәмелетке толмағандардың бос уақытын өткізу қызметі бойынша мемлекеттік және орыс тілдеріндегі дебат, көңілді тапқырлар клубтары, баспасөз орталықтары, сонымен қатар түрлі спорттық үйірмелер мен секциялар жұмыс жасайтынын атап өтті.
Отырыста қаралған мәселелерге орай комиссия мүшелері өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Жиын соңында комиссия төрағасы Ералы Оспанов кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігі, жат әдет-қылықтардан аулақ болуы, қажетті деңгейде білім мен тәрбие алуы, олардың құқықтарының қорғалуы жауапты мекемелердің ұдайы назарында болуы қажеттігін айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Суретті түсірген автор