Сіздерді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз!
1992 жылдың 4 маусым күні – Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздерін қабылдау күні ретінде Отанымыздың атаулы күндер күнтізбесінде ерекше орын алады.
Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Елтаңба, Ту, Әнұран – Тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарының көрінісі, бейбітшіліктің, бірлік пен келісімнің, өсіп-өркендеудің белгісі. Біз халқымыздың мүддесін қорғайтын күшті, беделді мемлекет құру жолында биік белестерге бірге жетеміз».
Тәуелсіздіктің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, құрмет тұту - әрқайсымыздың қасиетті борышымыз.
Қазақстандық рәміздерді бүгінде бүкіл әлем біледі.
Біздің көк Туымыз - Қазақстан халқы бірлігінің нышаны. Біздің Елтаңбамыз – бұл шаңырақтың отбасы-мемлекеттің негізі ретіндегі бейнесі. Біздің Әнұраныз – бұл салтанатты ән, бейбітшілік пен достықты, бақытты болашаққа деген сенімді жария еткен көпұлтты Қазақстан халқының символы.
Құрметті жерлестер!
Тәуелсіздігіміздің алтын күмбезі саналатын мемлекеттік рәміздердің мәртебесі арта берсін. Мерейлі мерекеде барлықтарыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға мол бақыт тілейміз. Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман болсын!