Дина ӘБДІҒАЛИЕВА
Суретті түсірген автор
БИЫЛ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН «ЕРТЕГІДЕЙ БАЛАЛЫҚ ШАҚ» АТТЫ ҚАЛАЛЫҚ БАЛАЛАР ОЙЫН-САУЫҚ МЕРЕКЕСІ САРАН ҚАЛАСЫНДА БАР СӘН-САЛТАНАТЫМЕН АТАЛЫП ӨТТІ. МЕРЕКЕЛІК КЕШТЕ БАЛДЫРҒАНДАР ӘН ШЫРҚАП, БИ БИЛЕП, КОНЦЕРТТІК БАҒДАРЛАМАНЫ ТАМАШАЛАДЫ.
1 маусым күні қала тұрғындарын көптеген тосын сыйлар күтіп тұрды. Оларға Саран қаласының білім бөліміне қарасты білім ордалары спорттық жарыстарды, оригамиден шығармашылық әлемді, көңілді эстафеталар мен театрландырылған қойылымдарды, Самоделкиннің шеберханасын, мольбертте сурет салу фестивалін, шахмат, тоғыз құмалақ зияткерлік ойындарын және судан балық аулау ойынын ұйымдастырды. Тек аталғандармен ғана шектелмей, көңілдерін аулайтын түрлі қызықты бағдарламалар қамтылды. Асфальтта сурет салу байқауы да өткізілді.
Орталық кітапхана ұжымы ашық аспан астында оқу залын ұсынып жатса, LED экранда мультфильмдер көрсетіліп, көңілді әуендер ойналды. «Автодром» мен аттракциондар ұлдар мен қыздардың бірдей көңілінен шықты. Бүлдіршіндердің бал-бұл жанған жүздерінен қуаныштың нұрын көрген ата-аналар да күнделікті қарбаластан тынығып, бір сәтке болсын балалық шаққа оралды.
- Бүгінгі мереке бізге өте ұнап жатыр. Менің баламның ең алғашқы мерекесі. Балам қуанып жүр. Айналамызда қаншама қызықтар. Өзімнің де көңілімнен шығып жатыр. Барлығын әкімдік жақсы ұйымдастырыпты, біздің әкімімізге көп рақмет, - деп ризашылығын жеткізді кішкентай ұлымен мерекелік бағдарламаны тамашалауға келген Саран қаласының тұрғыны Айсана Сарбай.
1 маусым күні Ленин даңғылындағы скверде ине шаншар жер болмады. Ата-аналар мен ата-әжелер балаларымен, немерелерімен бірге еріп келіп, естелікке суретке түсіп, кейбір жарыстарға да қатысып, көңілді өтуіне атсалысып жатты. Шараға орай сауда шатырлары құрылып, тәтті мақта, попкорн мен түрлі тәттіліктер және бұйымдар сатылды.
- Мереке жақсы өтуде. Балаларға қуаныш сыйлауда. Өзімде де мерекелік көңіл-күй қалыптасуда, - деп пікірін қалдырды Саран қаласының тұрғыны Александр Орлачев.
Мерекелік бағларлама аясында ырғақты әндерді қосып көңілді көтерген №6 жалпы білім беретін мектебі қаламыздың кішкентай тұрғындарына арнап би жарысын ұйымдастырып, қатысушыларға шағын естелік сыйлықтарын дайындаған.
- Біздің алаң екі бөліктен құралған. Бірінде, балалар ертегі кейіпкерлерімен суретке түсе алатын фотозона жасалса, екіншісінде – «Танцбаттл» би жарысы. Яғни, онда балалар бір-бірімен биден жарысып, соңында сыйлыққа кенелмек, - деп атап өтті №6 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Антон Чагин.
Биыл «Балалар жылында» қала тұрғындарына дәстүрлі түрде тегін тәтті балмұздақтар мен сыйлықтар үлестірілді, балғындарға түрлі-түсті әуе шарлары таратылды. Жастар ресурстық орталығы «Жомарт жүрек» еріктілер қозғалысымен бірге Балаларды қорғау күніне орай қайырымдылық акциясын өткізді. Сонымен қатар, ересектер мен балалар «Ойын қалашығын» тамашалай алды. Ойын алаңдарының қатысушыларына жүлделерді «Оптима» супермаркеті ұсынды.
Бәрінен, ойын-сауық мерекесін ертегі кейіпкерлері: Алдар Көсе, Белоснежка, Песенка, Чудесенка, Пинки-Пай, Вреднюга, Клоун-Покус, Кикимора, гном, жаз мен гүлдер феясы қыздыра түсті. Қала тұрғындарымен бірге жаздың алғашқы күнін қарсы алуға асыққан кейіпкерлер таңғажайыпқа толы қойылым көрсетіп, тұрғындармен бірге би билеп, ертегі әлеміне саяхат жасады. «Детство» үлгілі би ансамблі, «Амадеус» би ансамблі, «Realize» көше билері клубы, қалалық мәдениет үйінің өнерлі өнерпаздары мен балалар өнер мектебінің шәкірттері мың бұрала би билеп, әсем әндерімен қошеметке бөленді.
Одан бөлек, балалар төтенше жағдайлар, аурухана, полиция бөлімдерінің техникасы мен жабдықтарымен жақын танысып, тіпті үстілеріне де киіп көре алды. Жұмыла атқарылған салтанатты шарадан балалар да, қала тұрғындары мен қонақтары да мәз-мейрам болып қайтты.