БӘРІМІЗ БІЛЕТІНДЕЙ, «ЖАЗ ЖАЙНАТЫП, КҮН КҮЛДІРІП» КЕЛЕТІН ЖАЗ МЕЗГІЛІН БАЛАЛАР АСЫҒА КҮТЕДІ-АҚ. АЛ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСТЫҢ ҚЫЗЫҒЫН ЛАГЕРЬГЕ БАРЫП ЕСЕЛЕЙ ТҮСУ БАЛАЛАР ҮШІН ҚУАНЫШ, ӘРИНЕ.
Иә, оқу жылы аяқталысымен мектеп оқушылары тынығу лагерьлеріне баруға асығады. Себебі, тоғыз ай бойы мектеп пен қосымша сабақтардан шаршаған балғындардың аяқ-қолын созып, еркін демалатын уақыты ғой бұл. Қазірдің өзінде балалардың бірі ауылдағы ата-әжесіне аттанса, енді бірі өзге қалалаларға қыдырып, демалысты бастап кеткенін әлеуметтік желілерден көріп отырмыз.
Осы тұрғыда Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі оқушылардың демалысын тиімді өткізу жолында оларды лагерьмен қамтып келеді.
Үстіміздегі жылғы маусым айының 1 жұлдызында Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледжінде балалардың «Lingvo land», «Қазына», «Шуақ» жазғы демалыс лагерьлерінің ашылу салтанаты болып өткен-тін. Алғашқы екеуі балалардың лингвистикалық қабілеттерін дамытуға арналған лагерьлер болса, соңғы «Шуақ» лагері - спорттық бағыттағы лагерь.
Яғни, «Lingvo land» және «Қазына» лагерьлерінде «Үш тұғырлы тіл» жобасы аясында оқушылар қазақ және ағылшын тілдерін меңгерсе, «Шуақ» лагерінде спортпен шұғылданып, шымырлықтарын шыңдамақ.
Тағы бір айта кетерлігі, аталмыш лагерьлер облысымыздағы лингвистикалық бағыттағы төрт жыл қатарынан бері үздіксіз жұмыс жасап келе жатқан жалғыз лагерь болып табылады.
Жазғы лагерьлердің әр күні балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, олардың жеке басына тән қасиеттерін жетілдіру, әлеуметтік және мәдени білім беру құндылықтарына араласу, жеке бас мүдделерін қанағаттандыру, ойын-сауыққа, денсаулығын нығайтуға арналатын болады.
Лагерьдің ашылуында сөз алған колледж директоры Владимир Закамолкин оқушыларға сәттілік тілеп, лагерьде көтеріңкі көңіл-күймен демалуларына өз тілектестігін білдірді.
«1-20 маусым аралығында қала тұрғындарының балалары лингвистикалық лагерьлерге тегін баратын болады. Әзірленген бағдарлама балаларды патриотизмге, толеранттылыққа тәрбиелей отырып, қазақ және ағылшын тілін меңгертуге, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Лагерь жұмысы жүйелі түрде ұйымдастырылады. Лагерьге қатысушыларды жинақтау мақсатында орта мектептерде үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Әр топ 20-30 баладан жасақталмақ. Ал лагерь жұмысы компъютер кабинеттерінде, лингофон кабинеттері мен спорт залында, табиғат аясындағы ойын алаңдарында ұйымдастырылатын болады. Сабақтарға келетін болсақ, олар заманауи үлгіде қозғалыс ойындары, жарыс сабақтары түрінде өткізіледі деп жоспарлап отырмыз. Лагерьдің жабылу салтанатында балалар 20 күн ішіндегі өздерінің көңіл-күйлерімен бөлісіп, ән айтып, би билеп, белсенді қатысқан оқушылар мақтау қағаздарымен және сертификаттармен марапатталатын болады», - дейді колледж директорының орынбасары Жанбол Жаяубаев.
Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласып, қызықты ойындар ойнатылды. Лагерьдің ашылу салтанатына арналған концерт барысында тәрбиешілер балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру жыл сайын жалғасын табады деген ойдамыз.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Суретті түсірген автор