АБАЙ ҚҰНАНБАЕВ АТЫНДАҒЫ САРАН ЖОҒАРЫ ГУМАНИТАРЛЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНДЕ СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ.
Бір ғасырлық тарихы бар Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі - 2011-2012 жылдардың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының бес үздік колледждерінің қатарына енген, «Ұлағатты ұстаз» республикалық конкурсының, «Молодежь – ЕХРО 2017» инновациялық жобасының жеңімпаздары, халықаралық, облыстық байқаулардың лауреаттары атанған білікті мамандардан құралған, талай дарынды шәкірттерді түлетіп ұшырған, көпшіліктің көңілінен шыққан білім ордасы.
Оқу жылының соңында қара шаңырақтан 272 жас түлек білім нәрімен сусындап түлеп ұшпақ. Жас түлектердің құрметіне орай 30 мамыр күні қалалық мәдениет үйінде салтанатты түрде соңғы қоңырау соңылды.
- Төрт жыл қас қағым сәттей өте шықты. Кеше ғана колледж қабырғасына аяқ басқан студенттеріміз, бүгін ыстық ұямыздан ұшқалы тұр. Мен бүгін бірінші кезекте балалары үшін уайымдаған ата-аналарды, төрт жыл қатарынан түлектерге жан-жақты білім берген педагогтерімізді құттықтағым келеді. Сіздердің еңбектіріңіз елеулі. Әлбетте, жас түлектерімізді де құттықтаймын. Ақ жол болсын, - деді Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Владимир Закамолкин.
Колледжді тәмамдап жатқан 18 топтың студенттері биыл қолдарына көптен күткен дипломдарын ұстап, өздері қалаған мамандықтың иесі атануға бір табан жақындай түспек. Жас түлектер үшін соңғы қоңырау - естен кетпес іс-шараның біріне айналары хақ. Сахна төрінде ән де, би де, флешмоб та болды. Шәкірттерімен бірге жетекшілері де өнер көрсетіп, әрдайым өмірлік жолдары ақ болуын тіледі.
- Өмірде сіздерге талмас қанат тілеймін. Алдағы уақытта өздеріңіздің қалаған мамандықтарыңыздың ардақты бір белгісі боларлық дипломдарыңызды алып, жан-жаққа шартарапқа аттанайын деп отырсыздар. Әрбір еңбектеріңіздің жемісін көріп, төрт жыл бойы тақымын қысып, сіздердің тілеулеріңізді тілеген ата-аналарыңыздың перзенттік парызын өтеуге нәсіп етсін, - деп Ки-9-18 тобының топ жетекшісі Ернар Махаметчин жас түлектерге деген ізгі тілегін білдірді.
Дәстүрін жылдан-жылға жалғаған іс-шарада тек қана педагогтер, ата-аналар мен студенттер ғана емес, сондай-ақ, арнайы бұл мерекеге орай талай шәкірттердің жүрегіне нұр ұялатқан ардагер ұстаздар да қадірменді қонақтардың қатарында отырды.
- Бүгінгі түлектер, сіздер ең бақытты адамсыздар. Себебі, біздің колледжіміздің 100 жылдығына орай оқу бітіріп отырсыздар. Сіздер 100 жылдықтың түлектерісіздер. Осы біздің қара шаңырағымыздың атын шығарып, биіктен көрініңіздер, - деп 20 жыл бойы қазақ бөлімінің меңгерушісі болған, барлық өмірін ұстаздық жолға арнаған ардагер ұстаз Хорлан Ибраева ізгі тілегін жолдады.
Сахнада ән салған колледждің ардагер ұстазы Гүлжан Жүсіпбекова да жас түлектерге ақ жол тілеп, бойларында қайрат пен жігер, білім қатар жүріп, ең қажетті деген мамандықтың иесі болуларына тілектестігін білдірді.
Бойды тебіреткен, көңілді марқайтқан шарада әр ұстаз, әр ата-ана жас түлектерге деген жылы лебізін жеткізгісі келді.
- Сіздерге алдағы уақытта биік белестерге жетуге және де алдағы мемлекеттік емтихандардан сүрінбей, қолдарыңа димломдарыңызды алып, қалаған мамандыққа, жұмысқа барып, тұрақталуыңызға тілектеспін. Әрине осы төрт жыл ішінде көптеген қиындықтар мен жетістіктер болды. Дене тәрбиесі тобында облыстың үшдүркін чемпиондары, грек-рим күресінің чемпиондары, қазақ күресінің, үстел теннисінің чемпиондары отыр. Қазіргі таңда осы бітіруші топ ішінде үш студент республикада Саран колледжінің атағын қорғап отыр. Ата-аналарға көптен көп рақмет, - деп ризашылығын білдірді дене тәрбиесі және спорт бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Рымбеков.
Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері алдағы уақытта емтихан тапсырып, диплом беру рәсіміне дайындалатын болады. Жас түлектерге сәттілік тілейміз!
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА