31 МАМЫР КҮНІ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНДА ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҒЫ МЕН САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ БІЛІМ БӨЛІМІ БІРЛЕСЕ ОТЫРЫП «ӘЖЕМНІҢ ЕРТЕГІСІ» АТТЫ ОБЛЫСТЫҚ ӘЛЕУМЕТТІК-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ҚАЛАЛЫҚ СЕМИНАР ӨТКІЗДІ.
Саран қаласында мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарында және мектепалды сыныбында 2020 жылдан бастап қолға алынған жоба үш кезең бойынша жүзеге асырылды. Ең алдымен, тікелей педагогтермен жұмыс атқарылса, кейін бүлдіршіндер тыңдаған, естіген ертегілерін сомдап, шағын қойылымдарды назарға ұсынды. Үшінші кезекте ата-аналармен тығыз жұмыс жасалды.
- Ұлы ақын Абайды әжесі Зере алдына алып, ертегісімен сусындатып өсірген жоқ па? Міне, сол атамыздан қалған салт-дәстүрімізді бүгінгі таңда жаңғыртып, осындай «Әжемнің ертегісі» деген облыстық жобада жүзеге асуы - біз үшін де, бүлдіршін балаларымыз үшін де, педагогтеріміз үшін де, ата-аналар үшін де үлкен табыс деп білемін. Қалалық білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаевтың атынан сіздерге үлкен рақмет айтамын. Осындай жобаны жүзеге асырған Қарағанды облысының білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры Бакиткул Абдикероваға және Қарағанды облысында оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Алмагүл Бугубаеваға деген ризашылығымыз шексіз. Біздің болашағымызды жарқын ететін осындай үлгілі балаларымыз қанаттанып ұша берсін, - деп ізгі тілегін білдірді қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Сәулеш Шаймұратқызы.
Сол күні 2014 жылы бой көтерген «Сәуле» бөбекжайының қабырғасында әдістемелік кабинеттің әдіскерлері, мектепке дейінгі мекемелердің меңгерушілері, әдіскерлері, педагогтері мен ата-аналары үшін мазмұнды қалалық семинар ұйымдастырылды. Екі жыл ішінде көптеген вебинарлар, дөңгелек үстелдер мен шеберлік сыныптар көрсетілді. Соның жемісі ретінде семинар барысында әр мекеме ертегі кейіпкерлерімен өзінің жеке көрмесін, презентациясын ұсынды. Онда шын көңілден балалар мен ата-аналар бірігіп жасаған қоян, қасқыр, «Шалқан», «Бауырсақ», «Алдар көсе», «Жеті лақ» ертегі кейіпкерлері мен талай бүлдіршіннің көңілін аулаған «Маша мен аю» мультфильмдегі ну орманның дәл ортасында орналасқан ағаш үйдің макетін көре алдық.
Ең алғаш болып өзінің көрмесімен таныстырған «Березка» бөбекжайының тәрбиешісі Гүлбарша Куленбаева: «Мектепке дейінгі білім беру ұйымында «Әжемнің ертегісі» жобасын жүзеге асырудың маңызы зор. Өйткені оның мақсаты – халық ертегілерін пайдалана отырып, балалардың туған жеріне деген сүйіспеншілігі мен мәдениетімен таныстыру. Мында біз қоянның түсі төрт мезгілде қандай болатынын, магниттік заттар, ертегі кейіпкерлерін, жыл мезгілдеріне байланысты бұйымдарды, қолдан тоқылдан заттарды қойдық»,- деп балалармен, ата-аналармен бірігіп жасаған жұмыстарды таныстырып кетті.
«Сәуле» бөбекжайының тәрбиешісі Әмен Қымбат болса, аталмыш жобаға орай атқарылған жұмыстарды бір жерге топтастырып, заманауи үлгіде ұсына білген.
- «Әжемнің ертегісі» жобасы бойынша ата-аналармен, педагогтермен, балалармен бірге жұмыс істедік. Көрмеде осы жылдар ішінде жасаған жұмыстарымызды байқай аласыз. Өзім осындай QR-код арқылы біздің бір жыл бойы істеген барлық видео-есептерді, фотоларды көруге болатын ертегілер жинағын жасадым, - деп атап өтті Әмен Қымбат.
Семинар аясында қаламыздың бүлдіршіндері халық ертегілерін жетік меңгергендігін, сөздік қорлары көбейіп, математика, сурет салу пәндерінен машықтанғанын байқатты. «Бахыт» кешенді мектеп-бөбекжайы Ольга Цой жетекшілігімен баланың ұсақ және ірі қол маторикасын дамытатын, зейінін арттыратын «Құммен сурет салу» шеберлік сыныбын назарға ұсынды.
- Құммен сурет салу техникасы өте пайдалы. Онымен 2 жастан бастап та айналысуға болады. Баланың жасы ұлғайған сайын, сәйкесінше, тапсырмалар да күрделене түспек, - деп атап өтті түпнұсқа жанрының суретшісі Ольга Цой.
Сондай-ақ, «Колобок» бөбекжайы «Граттаж» техникасымен сурет салудың тәсілдерін түсіндерсе, «Балғын» бөбекжайы «Самрұқ» ертегісін қойды. «Малыш» бөбекжайы да «Сиқырлы сандықтың құпиялары» атты квест-ойынымен ерекшеленді. Ал «Колокольчик» бөбекжайы презентацияның көмегімен ертегі еліне қалай саяхат жасағандарын паш етіп, екі жылда қамтылған іс-шаралар легімен таныстырды. Соңында «Сәуле» бөбекжайы «Мақта қыз бен мысық» ертегісін қойып, жақсы көңіл-күйге бөледі.
«Әжемнің ертегісі» атты облыстық әлеуметтік-педагогикалық жобасы тек балалар мен педегогтерге ғана емес, сонымен қатар, ата-аналарға да өзінің зор септігін тигізді. Одан бөлек екі жыл көлемінде Саран қаласында өткен, бүгінде дәстүрге айналған «Әжемнің сыр сандығындағы ертегілер» байқауы да ата-аналар тарапынан қолдау тауып отыр.
- Білесіз бе, «Сәуле» бөбекжайына кірген бетте ертегілер әлеміне тап болғандаймын. Осында махаббатпен, жылулықпен, мейірімділікпен жасалған көптеген шығармашылық жұмыстарды көрдім. Мұның бәрі – «Әжемнің ертегісі» жобасының арқасында, - деп оң пікірін қалдырды семинарға ата-ана ретінде келген Саран қаласының тұрғыны Надежда Санькова.
Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, аталмыш ауқымды жоба осымен тоқтап қалмайды. Керісінше, өз жалғасын тауып, балғындардың бойына адамгершілік қасиеттерді, ұлттық құндылықтарды сіңірте бермек.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА
Фото: Камила ОСПАНОВА