Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ХХXI ОТЫРЫСЫНДА КОНСТИТУЦИЯҒА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗУ ЖӨНІНДЕ РЕФЕРЕНДУМ ӨТКІЗУДІ ҰСЫНҒАН ЕДІ. МАУСЫМ АЙЫНЫҢ 5 ЖҰЛДЫЗЫНДА МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҰСЫНҒАН КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМНЫҢ ДА УАҚЫТЫ КЕЛІП ЖЕТТІ-АУ.

Иә, бұл ел тарихындағы елеулі оқиға, жауапты кезең һәм тарихи сәт. Жаңа Қазақстан құру жолында жасалған соны бастама. Жалпыхалықтық референдум – халықтың талап-тілегі һәм еліміздегі саяси үдерістердің түбегейлі демократиялануының бастауы дер едім.

Енді сол маңызды күннің өзіне тоқталсақ. Референдумдағы дауыс беру процесі қалай өтті? Саяси науқандағы халықтың белсенділігі қаншалықты деңгейде болды? Тарихи сәттегі жауапты кезеңге ел тұрғындары қаншалықты жауапкершілікпен қадам басты? Міне, осы мәселелер төңірегінде тілге тиек етсек.

Республикалық БАҚ мәліметтеріне сүйенсек, жалпыхалықтық референдумда еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұрғындардың белсенділігі жоғары болды. Аға буын, танымал өнер қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері де саяси науқанға қатысып, өздерінің таңдауын жасаған.

Ел тарихындағы ең маңызды оқиғалардың бірі-жаппай халықтық референдумға сарандықтар да белсенді қатысты. Аймақ бойынша 20 сайлау учаскесі жұмыс жасады. Оның ішінде 15 сайлау учаскесі Саран шаһарында, ал 5 сайлау учаскесі Ақтас кентінде орналасты.

Учаскелердің ашылуы еліміздің Мемлекеттік Әнұранын орындаудан басталды. Таңғы 7-де жұмысын бастаған дауыс беру учаскелері кешкі 8-де жұмысын аяқтады. Дауыс беру барысында ешқандай өрескел заң бұзушылықтар анықталған жоқ, барлығы жұмыс тәртібі бойынша өтті. Қаладағы барлық референдум өтетін орындар мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустармен жабдықталған. Дауыс беру орталықтары жақын маңдағы шағын аудан тұрғындарының келуіне ыңғайлы етіп ұйымдастырылған. Оған сайлау учаскелерін аралау барысында көзімізді жеткіздік.

– Таңертең Мемлекеттік Әнұранымыз шырқалып, референдум учаскесін аштық. Сағат 7-ден ерте келген бірнеше сайлаушы есік сыртында күтіп тұрды. Міне, қазір сағат 09:30. Таңнан бері көбіне егде жастағы, орта жастағы азаматтарымыз келіп, дауыс беріп жатыр. Жастар жағы енді келеді деп күтіп отырмыз.  Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум болып жатқанына қуанып отырмын. Кешкі сағат 20:00-де дауыс беру аяқталады, – дейді Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінде орналасқан № 263 референдум учаскесінің комиссия төрағасы Жанат Нұрсалиева.

Әсіресе науқанның алғашқы сағаттарында дауыс берушілер саны көп болғанын айтады бақылаушылар. Әрбір тұрғын елімізге өзгерістер алып келетін тарихи кезеңде жоғары азаматтық белсенділіктерін көрсетуде. Ел болашағын айқындайтын бүгінгідей сындарлы сәтте тұрғындарымыздың белсенділік танытып, ынтымақ, бірлігін көрсете білуі Саран шаһарына тән асыл қасиеттердің бірі.

Ал, дауыс беруге келген тұрғындар еліміздегі тарихи сәтке куә болғандарына қуанышты. Осы сәтті естелікке қалдыру үшін учаскеде фотосуретке түсіп жатқандары да бар. Солардың бірі – Еркебұлан Жақсылықов. Ол туған жері – Қазақстанның өсіп-өркендеуі үшін дауыс беретінін айтады.

–  Еліміз өркендеуі жолында өзгерістерге дауыс бердім. Болашақ үшін дауыс беру – әр азаматтың еркі әрі борышы. Мен Қазақстанның болашағы жарқын болатынына бек сенімдімін, – дейді Еркебұлан Жақсылықов.

Ал елдегі саяси маңызды шара – рефрендумға елдің алды болып келген Мұсабековтер отбасы жұрттың ерекше назарын аударды. Таңертеңмен ерте тұрып, тайлы тұяғымен келіп, саяси мәнді науқанға атсалысқан Адамжан Мұсабеков бүгінгі елеулі шара ел үшін мерекелі дата екенін айтады.

– Ұсынылып отырған түзетулердің маңыздылығын түсіне отырып, біз бүгін дауыс беруге келдік. Еліміз үшін айтулы оқиға. Сондықтан қазақ елі үлкен белестерді бағындырып, әлемнің алдыңғы қатарлы озық елдерімен иық теңестіретін жан-жақты дамыған елге айналсын деген тілегім бар, – деді Адамжан ақсақал.

Референдум комиссиясы мүшелерінің де жұмыстары тыңғылықты. Келушілерді ретімен қабылдап, дауыс беруге қатысты сұрақтарға жауап беруде.

– Халық бүгін өте белсенді. Бір сағат ішінде 50-ге жуық адам келіп дауыс берді. Оның ішінде жастардың үлесі мол. Жалпы тұрғындар бұл саяси шараның маңыздылығын түсініп, айрықша көңіл-күймен келіп дауыс беріп жатыр. Байқаушыларымыз да, учаске қызметкерлері де өз жұмыстарын тиянақты атқарып жатыр, – дейді Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп ғимаратында орналасқан № 265 референдум учаскесінің комиссия төрағасы Гүлден Иманкулова.

Ал шаһардағы № 6 жалпы білім беретін мектепте орналасқан № 266 референдум учаскесінің комиссия төрағасы Кулинич Татьяна Ивановнаның айтуынша, тұрғындар референдум жайлы жақсы хабардар әрі саналы түрде дауыстарын беруде.

– Таңғы жетіден дауыс берушілер легі тоқтаған жоқ. Әсіресе таңертеңгі уақытта тұрғындардың қарасы көп болды. Түс ауа сәл сирегенімен кешке таман қайта көбейетініне сенімдімін. Халық мемлекетімізде өзгерістер болатынына әрі сол өзгерістердің жақсылыққа әкелетініне толық сенімді. Сондықтан да болар, дауыс берушілердің белсенділігі өте жоғары, – дейді Татьяна Ивановна.

Референдумның өту барысын қоғамдық және үкіметтік емес ұйым өкілдері қадағалаған екен. Олар  шаһардағы 20 референдум учаскелеріндегі дауыс беру процесін бақылады. Олардың барлығы да дәл осы уақытқа дейін ешқандай заң бұзушылық тіркелмегенін  және  жақсы  ұйымдастырып жатқанын атап өтті.

– Дауыс беру процесі тәртіпке сай өтіп жатыр. Дауыс берушілермен сөйлескен кезде бізді олардың референдумға қатысуға деген белсенділігі тәнті етті. Комиссия мүшелерінің де өз жұмыстарын өте жауапты орындап жатқанын ерекше атап өткіміз келеді. Сондай-ақ заңды бұзу фактісі тіркелген жоқ, арыз-шағымдар да болмады. Қазір дауыс беру жалғасып жатыр, осы ретте комиссия өз қызметін жалғастырып жатыр, – деп түсіндірді № 6 жалпы білім беретін мектепте орналасқан № 267 референдум учаскесіндегі дауыс беру науқанын бақылап отырған үкіметтік емес ұйымның өкілі.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Фото: Султанбек ЕГЕМБЕРГЕНОВ