Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ОТАНДЫҚ ӨНІМНІҢ НӘТИЖЕСІ, САРАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ «QAZTEHNA» ЗАУЫТЫНДА ҚҰРАСТЫРЫЛҒАН YUTONG МАРКАЛЫ ОН БІР ЖАҢА АВТОБУС ШАҺАРДАҒЫ МАРШРУТТАРҒА БЕРІЛДІ. АТАЛҒАН ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕР БАРЛЫҚ ЗАМАНАУИ ТАЛАПТАРҒА ЖӘНЕ ЕВРО-5 ЭКОЛОГИЯЛЫҚ КЛАСЫНА СӘЙКЕС КЕЛЕДІ, ДЕП ХАБАРЛАЙДЫ САРАН ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ.

Арбаға таңылған мүгедектерге арналған пандустармен және алаңшалармен, балалы аналарға арналған орындармен жабдықталған, оған қоса әр автобустың сыртқы жағында жүргізушіні шақыру үшін мүгедектерге арналған қоңырау түймесі орнатылған. Автобустар 20 орындықпен қамтылған, ал барлық сыйымдылығы – 51 адамды құрайды.

Осылайша шаһардағы тасымалдаушы компания паркі 83%-ға жаңартылды. «QAZTEHNA» зауыты өкілдерінің мәліметіне сүйенер болсақ, автобустардың пайдалы қызмет жасы 10 жылды құрайтын көрінеді.

«Қалаға берілген сужаңа қоғамдық көліктер № 1 «Б»,  2,  3,  4, 9 маршруттар бойынша жүретін болады. Автобустарда электронды билеттеу жүйесі орнатылған. Тек бір айта кетерлігі, бүгінгі таңда электронды билеттеу жүйесі Алматы және Қарағанды шаһарларында ғана қолжетімді», – дейді Саран қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Марғұлан Анаев.

Саран қаласының әкімі Ержан Темирханов қоғамдық көліктерге мініп, автобустардың сапасын және жолаушыларға ыңғайлы болу деңгейін тексеріп, оң бағасын берді. Сонымен қатар, Ержан Оралұлы тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтады. Қала әкімі жолаушылар тасымалына қойылатын талаптарды сақтау жергілікті билік тарапынан бақыланатынын атап өтті. Әрі бұл сарандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам деді.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ