ЖАЗҒЫ УАҚЫТ - ОЙЫНДАР МЕН МЕРЕКЕЛЕРГЕ ТОЛЫ ДЕМАЛЫС УАҚЫТЫ. ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС УАҚЫТЫНДА ЖАСӨСПІРІМДЕР МЕН БАЛАЛАР ШОМЫЛУ МАУСЫМЫН ЕРЕКШЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚПЕН КҮТЕТІНІН БІЛЕМІЗ.
Осыған орай, мамыр айының 31-і Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімі, Қарағанды облысы ТЖД медицина орталығы және Қарағанды облысы ТЖД жедел-құтқару жасағы бірлесе отырып, шаһардағы балаларға ауқымды үгіт-насихат шарасын өткізді.
Үгіт насихат шарасы Саран қаласының балалар мен жасөспірімдерге арналған олимпиадалық резерв мектебі орналасқан ғимараттың жанында бастау алып, соңыра аталған спорт мектебіндегі бассейнде жалғасын тапты.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – балалардың судағы қауіпсіздік туралы білімдерін жетілдіру, төтенше жағдайлардың алдын алу, қауіпті жағдайға тап болғанда дұрыс әрекет етуге және басқаларға көмек көрсетуге баулу болып табылады. Құтқарушылар құтқару қызметінің «112» телефон нөмірін демалушылардың естеріне салды.
Жасақ құтқарушылары жағажайда суға шомылып жатқан адамдардың абайсызда суға батуы кезінде ерікті құтқарушылардың суда адамды құтқаруы және оларға дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмекті қалай жасау керектігін көрсетті.
Сонымен қатар, олар өз қызметінің ерекшеліктері жайлы айтып беріп, сүңгуір жабдықтарын көрсетіп, қандай жағдайға арналған және қолдану тәсілдерімен егжей – тегжейлі таныстырды. Балалардың ерекше назарына акваланг құралы ие болды. Қалаған оқушы жабдықтармен жақынырақ танысып, қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
- Құтқарушылар балақайларға судағы қауіпсіздік ережелері, сақтық және бастапқы іс-әрекеттер туралы түсіндірді. Сондай-ақ спорт мектебінің бассейнінде суда жүзу тәсілдерін тәжірибе жүзінде көрсетті. Сонымен қатар, іс-шараның барысында балғындар үшін суда құтқару техникалары және құрал-жабдықтары туралы көрініс ұйымдастырылды. Осындай шаралардың негізінде өсіп келе жатқан балаларымыздың қауіпсіздік мәдениеті қалыптасуына әсер етеді, - деп мәлімдеді Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Сергей Анищенко.
Суға шомылу кезеңінде су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және адамдардың қаза болуына, соның ішінде суда балалардың қаза болуы жағдайларына жол бермеу мақсатында судағы қауіпсіздік профилактикалық іс-шаралары аймақта үздіксіз жүргізілуде. Балалардың қаза болуының негізгі себебі, ТЖ саласы мамандарының айтуынша, ата-ананың немесе үлкендердің қарауынсыз су айдындары маңында болуы және су айдындарының жабдықталмаған жерлерінде шомылу болып табылады.
Ал Саран қаласының төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері судағы қауіпсіздік ережелері туралы ескерту үнпарақшаларын таратты.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Фото: Камила ОСПАНОВА