БАЛАЛАР ЖЫЛЫНДА «АҚ ОРДА» ЖАЗҒЫ ЛАГЕРІ ҚАЙТА ЖАНДАНЫП, ӘРТҮРЛІ СПОРТТЫҚ, ӘДЕБИ ШАРАЛАРЫМЕН ТОЛЫҚТЫ.
Қытымыр қыстан кейін, шұғылалы көктем келіп, артынан жадыраған көк майсалы жаз салтанат құрды. Жазғы демалысқа шыққан мектеп оқушылары осы күндерді мағыналы, әрі мәнді етіп өткізуге тырысады. Бірі – ауылды аңсаса, бірі – керісінше қалаға қарай ұмтылады. Оқудан босаған өрендердің кейбірі жазғы лагерьге барғанды қош көреді.
Жазғы лагерь – тек демалыс орны ғана емес, тәрбие мен насихат құралы. Балаларды жан-жақты дамытып, еңбекке бейімдейтін, зейіндерін ашатын орта. Саран қаласының білім бөліміне қарасты №13 жалпы білім беретін мектепте 2015 жылдан бастап «Ақ Орда» атты жазғы лагерь сәтті іске асырылуда.
Мектеп лагері жыл сайын мектеп оқушыларын қуантуға әзір. Оның мақсаты – келген әрбір оқушыны алдымен жақсылыққа, адамгершілікке, ұйымшылдыққа тәрбиелей отырып, оқушылардың жазғы демалыс уақытын тиімді пайдалана білуге үйрету, жаз мезгіліндегі демалысын, қауіпсіздік ережелерін үйрете отырып салауатты өмір салтын қалыптастыру, рухани және мәдени білімдерін жетілдіру, салт-дәстүрін дамыту, патриоттық сезімін арттыру. Алайда лагерь елде орын алған карантиндік талаптарға байланысты уақытша қызметін тоқтатып, «Балалар жылында» ғана қайта есігін айқара ашты.
Биыл лагерьдің салтанатты ашылу рәсімі халықаралық балаларды қорғау күнімен, жаз мезгілінің алғашқы күнімен тұспа-тұс келді. 1 маусым күні Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының алдында балаларға арналған фестиваль, ойын түрлері ұйымдастырылып жақсы көңіл-күй сыйланды.
Ой-өрісті дамытуға септігін тигізетін, талай-талай танымдық дүниелермен таныстыратын лагерьде өткен аптадан бастап білім алушылардың әрбір күні түрлі шаралармен қанықты. Оқушылар табиғатпен сырласуға, экологиялық сапарға шығуға, түрлі викториналық ойындарға және эстафеталарға қатысуға, мектеп жанынан ашық аспан астында пикник жасауға үлгерді.
Биыл өткен жылдармен салыстырғанда «Лагерьге келемін, іс-шараларға қатысамын» деушілердің қатары көбейгені, балалардың құлшынысы едәуір артқаны көңілді марқайтып отыр. Бір-біріне ұқсамайтын сегіз отряд құрылды. Бір жасақтың өзі 17-25-ке жуық баладан құралған. Шамамен жүз отыз бала лагерьдің бағдарламасымен танысып, бос уақыттарын тиімді өткізуде. Бас-аяғы жиырма тәлімгер бар.
- Екі жылдай үзіліс болғандықтан, биыл балалар лагерьге қатысуға деген ынтасы ашылып, үлкен қызығушылығын білдіруде. Белсенділіктері өте жоғары, бәріне белсене қатысып жүр, - деп бөлісе кетті информатика пәнінің мұғалімі, әрі «Ақ Орда» жазғы лагерінің жетекшісі Айгүл Аубакирова.
Дүйсенбіден бастап жұмаға дейін жұмыс істейтін жазғы лагерьде бастауыш сынып оқушылары мен 5-сыныптың білім алушылары және 6-7 сынып оқушылары тәлімгерлер жасағына қатысуда. Қазіргі таңда білім ордасында жоғарғы сынып оқушылары бір жағынан емтихан тапсырып, оқу жылында оқыған, меңгерген білімдерін тексеріп жатқандықтан, лагерьде қойылатын музыкалық қойылымдар мен нөмірлер көбіне балаларға қолайлы болатындай, бір-бірлеріне бөгет болмайтындай етіп жасалған.
Яғни, таңғы 9:00-ден бастап балалар бір қатарға тұрып денені ұйқыдан оятатын, бойды ширататын дене жаттығуларын жасап, күн тәртібімен танысса, сағат 10:00-де таңғы астарын ішуге аттанады. Таңғы асқа дейін және кейін жасақта немесе кесте бойынша бекітілген үйірмелердегі жұмыс жоспары қаралады. Ал 11:00-ден 12:00-ге дейін, бір сағат уақыт аралығында сегіз жасақтың біреуі ортақ бір іс-шараны қолға алып, қалған топ мүшелерімен жұмыла атқаруды әдетке айналдырып отыр. Осы арқылы оқушылар бір жағынан уақыттарын көңілді өткізсе, екінші жағынан топта жұмыс істеу дағдыларын жетілдіре түспек.
№13 жалпы білім беретін мектеп ұжымы жазғы лагерьде мектеп оқушыларының бос уақыттары тиімді, қызықты өтуіне әрдайым атсалысады. Түрлі ойындарды ойлап тауып, танымдық бағдарламаларды іздеп, жүздеріне қуаныш ұялатқысы келеді. Мектеп үйірмелері де тығыз балалармен жұмыс істеп келеді. Жазғы уақыт аралығында әуенге деген икемділіктерін, кітап оқуға деген ынтасын аша түсетін шаралар мен көркем және спорттық бағдарламалар ұйымдастырады. Күнде он-он адамнан топтасқан балалар Саран қаласына жүзумен айналысу үшін бассейнге барып, денелерін шынықтырып жүр. Алдағы уақытта оларды тарихи мұражайларға саяхат күтіп тұр. Соның ішінде Қарағанды облысының Долинка кентінде орналасқан КарЛаг лагерімен таныстыру да жоспарда бар. Әлбетте, эстафеталар өткізіліп, мектеп үйірмелерінде танымдық сабақтар да өтіп тұрады.
Оқушылар лагерьде шығармашылық жағынан да өздерін жаңа қырдан аша алады. Бір-бірімен тілдесіп, күндерін көңілді етіп өткізіп жүр. Тек қана балалар ғана емес, лагерьдің жұмысына ата-аналардың да көңілі толып отыр.
- Лагерьге барған бізге өте ұнайды. Баламыз лагерьге қуана-қуана барып жүр. Тіпті, демалыс күндері де «Лагерьге барғым келеді» деп айтады. Менің балам оқу озаты. Лагерьге бірінші рет барып жүр. Маған бәрінен ұнап жүргені, лагерьде зияткерлік ойындардың өтіп жатқаны. Балам жазғы демалыста жүрсе де үйге әлі күнге дейін 1-орын алған мадақтама қағаздарын әкеп тұрады. Тек қана физикалық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар, білімін де шыңдауда. Спортпен де шұғылдануда. Жан-жақты даму үстінде. Біз өзіміз қуаныштымыз. Баламыз да риза, - деп оң пікірін білдірді Ақтас кентінің тұрғыны Ольга Бамиллер.
№13 жалпы білім беретін мектептің «Ақ Орда» жазғы лагері осылайша білім алушыларға керемет демалыс сыйлап, олардың дамуына, алдағы оқу жылына ерекше көңіл-күймен баруына бар жағдайды жасап отыр. Жазғы лагері 24 маусымға дейін өз қызметін жалғастыратын болады.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА