САРАН ШАҺАРЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ САЛТАНАТТЫ АВТО-МОТО ШЕРУІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛЫП, БЕЛСЕНДІ ЖАСТАР ҚАЛА ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ КӨШЕЛЕРДЕ КӨК ТУЫМЫЗДЫ АЛЫП ЖҮРДІ.
Айта кету керек, биыл Мемлекеттік рәміздерге 30 жыл толып отыр. Сонымен қатар, биылғы жылы 4 маусым референдум алдындағы тыныштық күні болып жарияланғандықтан, Мемлекеттік рәміздер күніне арналған автошеру маусымның 3 күні өткізілді. Шараның басты мақсаты – тәуелсіз еліміздің нышаны рәміздерімізге деген сүйіспеншілік пен асқан құрмет сезімді ояту.
Мемлекеттік рәміздер кез келген мемлекеттің тәуелсіздігін айғақтайтын маңызды нышан. Оны қорғау, құрметтеу әрбір Қазақстан азаматының парызы. Жылдағы дәстүр бойынша биыл да Мемлекеттік рәміздер күні шаһарымызда кең ауқымда аталып өтті.
Іс-шараны қалалық ішкі саясат бөлімінің мұрындық болуымен Саран қаласының жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.
«Автошеруге қаламыздағы автоклубтар, ерікті жастар және қала тұрғындары қатысып жатыр. Алдын ала хабарландыру берген едік, жастар бірден қолдау білдірді. Мақсат – мемлекеттік рәміздерге құрметімізді көрсету және патриотизмді насихаттау. Бүгінгі автошеруге қатысқандарға шексіз алғысымызды білдіреміз. Көк туымыз биікте желбірей берсін!», - дейді Саран қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Сәнді Мұстафина.
Бұл күні шаһардың барлық ұйымы мен мекемесінің қызметкерлері, мектеп оқушылар мен студент жастар, қарапайым тұрғындар «Сұңқар» стадионы алаңының алдына жиналды. Жүргізушілер мерекелік іс-шараның шымылдығын ашып, оқушылар салтанатты түрде Туды ортаға алып шықты. Барлық жиналған қауым бір кісідей Мемлекеттік Әнұранды орындады. Осылайша, Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты автошерудің шымылдығы түрілді.
Шараға 20-дан астам көлік жұмылдырылды. Еліміздің еңселі Елтаңбасы, аспан түстес көк Туы, айбарлы Әнұраны. Осыдан тура 30 жыл бұрын егемендігін енді алған елдің өз рәміздері пайда болды. Бүгінде міне тәуелсіз Қазақстанның ұрпағы байрақты биік ұстап, Әнұранды асқақтата шырқап айтулы мерекені атап өтуде.
Қаланың орталық көшелері бойынша көк Туды желбіретіп өткен көліктер көптің көңілін өзіне аудартты. Сарандықтар акция қатысушыларына барынша қолдау білдірді. Жүздеріне қуаныш пен мақтаныш сезімі ұялаған жерлестеріміз қолдарын былғап, темір тұлпар тізгіндеген азаматтар көліктерін дабылдатып жатты. Жалпы, бұл патриоттық шеруді жастар ресурстық орталығы ұйымдастырып отыр.
Аспан түстес байрағымыз халқымыздың арманын асқақтатып, қыран бүркіттей аспан әлемінде қалықтап тұр. Елтаңбамыз тарихымыздың тереңінен тамыр тартып, ұлттық рухымызды асқақтатып, шаңырағымыздың беріктігін паш етіп, республикамыздың қанатты тұлпардай ұшқырлығын айғақтап келеді. Осының бәрі - Қазақстанның жаңа тарихының қастерлі беттері. Себебі Отан - Мемлекетік Ту, Елтаңба және Әнұраннан бастау алады.
Еліміздің айбыны мен ажарын, бүкіл болмысын ашатын Туымыз, Елтаңба мен Әнұранымыз бар. Мына деректі қараңызшы, рәміздер сызбасын жасау конкурсына 600-ден астам адам қатысқан. Мемлекеттік Тудың 1200-ден астам эскизі дайындалған. Сондай-ақ конкурсқа Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі, ал Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылыпты.
Ұлттық құндылығын қадірлей білген Саран шаһарының 50 тарта жастары көк байрақты қолға алып, мерекенің басты атрибутымен безендірілген 12 автокөлік пен 10 шақты мотоцикл қаланың Жәкенов, Макаренко, Жамбыл, Жеңіс, Чкалов, Рабочая сынды ең басты көшелері мен Горняк ықшам ауданы бойынша жүріп өтті. «Сұңқар» стадионынан бастау алған автошеру шаһардың кіре беріс қақпасына айналған аркада өз мәресіне жетті.
Шара соңында еріктілер өз әсерімен бөлісті. Солардың бірі - қала жастарының көшбасшысы Дастан Аскеев:
«Бұл мереке жастардың отансүйгіштік сезімін оятып, елге, жерге деген құрметін арттыра түсетін маңызды мереке. Тәуелсіз ел екенімізді білдіретін көк Туымыз бен Елтаңбамыз, Әнұранымыз әрбір Қазақстан азаматы үшін аса қымбат екені сөзсіз. Сондықтан біз рәміздерімізді көздің қарашығындай сақтап, қорғап, құрметтеуіміз керек. Бұл патриотизмді насихаттайтын маңызды акциялардың бірі», - дейді ол.
Иә, Мемлекеттік рәміздер еліміздің ең қымбат құндылығы екені талассыз. Өйткені онда халқымыздың бүкіл тарихы, бүтіндей бір мәдениеті, рухы жатыр. Сондықтан ол отансүйгіштік сезімнің, өр рухтың қайнар бұлағы дер едік. Халқымыздың рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін рәміздер қазақ жұрты үшін қастерлі, қадірлі. Мәңгілік елдің аспанында көк туымыз желбірей берсін!
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Фото: Камила ОСПАНОВА