Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

БИЫЛ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРІНЕ – 30 ЖЫЛ. АЙРЫҚША ДАТАҒА ОРАЙ ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ КІТАПХАНА ҰЖЫМЫ АТА-БАБАНЫҢ ӨМІР САЛТЫН, БОЛМЫС-БІТІМІН, АРМАН-АҢСАРЫН БІЛДІРЕТІН - ТУ, ЕЛТАҢБА, ӘНҰРАНҒА АРНАЛҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ ІС-ШАРАНЫҢ ӨТУІНЕ МҰРЫНДЫҚ БОЛДЫ.

Орталық қалалық кітапхананың қабырғасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына орай Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттеріне «Шырқалсын шаттық Әнұран әнім!» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында айрықша орын алатын айтулы мереке мемлекеттік Әнұранды орындаумен бастау алды. Шараны басынан-аяғына дейін жүргізген орталық қалалық кітапхана абонементінің кітапханашысы Татьяна Коняева мен балалар бөлімінің кітапханашысы Динара Елешова жалынды жастарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтай отырып, білімдерін кеңейту мақсатында егемендік пен тәуелсіздікті паш ететін нышандардың құрылу тарихы мен арнайы осы шараға дайындаған танымдық бейнематериалдарды пайдалана отырып, Елтаңбадағы шаңырақтың, қанатты тұлпар бейнесінің, көк Тудағы қыран мен күннің, Әнұранның маңыздылығын тереңнен талқылады.

Дөңгелек үстел барысында 1992 жылдың 4 маусымда Қазақстанның мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілгендігі, сондықтан бұл күн ел тарихында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталатындығы айтылып, қадір-қасиетіне аса көңіл бөлінді.

Жастар тарапы да бей-жай отырмай, тұғырлы Ту, еңселі Елтаңба мен айбарлы Әнұран жайлы орамды ойларын ортаға салып, Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу әрбір қазақстандықтың қасиетті міндеті екендігін айтты. Сондай-ақ, патриоттық сезімге, отансүйгіштікке толы, шын жүректен шыққан өлең жолдарын паш етті.

Одан бөлек жастардан осы іс-шарадан естіп-білген білімдерін пысықтайтын «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері» туралы online викторинасы ұйымдастырылды.  Қатысушылар заманға сай инновациялық технологиялардың көмегімен Мемлекеттік рәміздер туралы білімдерін орталық кітапхананың ішінде қолма-қол сол жерде тексеру мүмкіндігіне ие болды.

-              Видео-слайттардың көмегімен Мемлекеттік рәміздер туралы қосымша ақпараттар ұсынылды.  Сонымен қатар, онлайн викторинада жастарымыз алдын ала ұялы телефондарына арнайы программаны жүктеу арқылы, шара соңында білімдерін тексере алды, - деп атап өтті балалар бөлімінің кітапханашысы Динара Елешова.

Саран қаласының орталық кітапханасында жыл сайын айтулы даталарға, соның ішінде Мемлекеттік рәміздер күніне орай тағылымды іс-шаралар, викториналар мен кітап көрмелері назарға ұсынылады.  Жазғы демалыс уақытында да орта буын мен жастарды, қаламыздың кішкентай тұрғындарын қызықтыра білетін кітаптар топтамасы мен танымды, әрі әдеби-көркем бағдарламалар жоспарға сәйкес өткізіліп тұрады.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА