Қай заманда болмасын елдің ерекшеліктерін көрсететін белгісі рәміздері болған. Рәміз – елдің ұлттық болмысы мен ұлтты танытатын белгі. Тәуелсіз елдердің барлығында Әнұран, Ту, Елтаңба Мемлекеттік рәміз болып табылады. Ал кей Еуропа елдерінде мемлекеттік тіл де рәміздер қатарына кіреді.
Қазақ та ежелден байрағын желбіретіп, ұранын аузынан тастамаған, таңбасын төрге қойып қастерлеген. Әр ру өз таңбасына ие болып, ұранға «Алашты» алған. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен соң Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының музыкалық редакциясы туралы» заңға 1992 жылдың 4 маусымында қол қойған болатын. Биыл осы рәміздерімізге 30 жыл толып отыр.
Елдің мемлекеттік рәміздері үнемі ұлттық ерекшеліктерімен ұштасып жатады. Кейбірінің ерекшеліктері бізге қызық көрінетіні де жасырын емес. Ендеше, біздің рәміздердің қандай ерекшеліктері бар екен? Оқырмандарға еліміздің Мемлекеттік рәміздері мен олардың авторлары туралы қызықты 25 дерек ұсынамыз.
- Елтаңба көрінісі Қазақстан Республикасының азаматының кез келген құжатында болады. Туу туралы куәліктен бастап зейнетақы кітапшасына дейін Елтаңбаның белгісі қолданылады.
- Ту үнемі оң жаққа қарай желбіреуі керек.
- «Герб» сөзі неміс тілінен аударғанда «ербо» – мұра деген мағынаны білдіреді. Бұл біздің «таңба» сөзімен мәндес.
- Тубегі. Ерте замандарда осындай ресми атақ, жоғары мәртебелі қызмет болған. Жоңғар жаугершілігіне қарсы алдында бас әмірші болып Әбілқайыр хан, ал тубегілігіне бас сардар Бөгенбай батыр сайланған. Мұндай шешім Ордабасындағы ұлы жиында қабылданған.
- Мемлекеттік Тудың айналасында 32 күн сәулесі бар.
- Қазақстан Республикасының жаңа Әнұраны бірінші рет 2006 жылы 11 қаңтарда Елбасының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.
- Туда түстер де арнайы мағынаға ие. Ту түстерінің мағынасын ашуда XVII ғасырдың танымал француз таңбатанушысы П.Асельмдің кестесі жиі қолданылады. Кесте бойынша көк түс – адалдықтың, бейбітшілік пен тұрақтылықтың, береке-байлықтың белгісі болып саналады.
- Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков Елтаңбаны жасауда киіз үйдің құрылымын негізге ала отырып жасаған.
- Елтаңбада бейленген пырақтардың мүйізінде жеті сақина бар. Ол – «жеті ата» мағынасында қолданылған. Қазақ үшін 7 саны ескіден қасиетті сан болып саналады.
- Кез келген мемлекеттік мекеменің маңдайшасына ҚР Туы болуы тиіс.
- Кезінде қазақ халқын құраған ру-тайпалардың өз ұрандары болғаны белгілі. Олар бір сөзден тұрады. Көбіне аруақты аталар мен аналардың атына құрылған. Ал бар қазаққа бірдей елұран – «Алаш» болатын. Тағы бір ортақ ұран - «Аруақ» сөзі. Мұндай елұрандар қазіргі Әнұранның басы болса керек.
- 1943 жылы Қазақ КСР-ның алғашқы Мемлекеттік Әнұранын жасауға байқау жарияланған болатын. Соңғы нұсқасы ретінде М.Төлебаев, Е.Брусиловский мен Л.Хамидидің әуеніне жазылған Ә. Тәжібаев, Қ.Мұқамедханов, Ғ.Мүсіреповтің мәтіні қабылданған.
- 1992 жылы қабылданған әнұран 750 жоба ішінен таңдалып алынған.
- 1992 жылдың 4 маусымында қабылданған Әнұранның 7 авторы бар. Әнұранның сөзін М. Әлімбаев, Қ. Мырзалиев, Т. Молдағалиев, Ж. Дәрібаева жазды. Ал Әнұран музыкасының авторлары: М. Төлебаев, Л. Хамиди, Е. Брусиловский.
- 1992-2006 жылдары қолданылған Әнұран 3 шумақ, 3 қайырмадан тұрған.
- ҚР Туының авторы Шәкен Ниязбеков 1992 жылы Қазақстан, ТМД, Түркия, Германия, Моңғолия елдерінен 1200-ге тарта суретші қатысқан конкурста жеңіп шыққан.
- Шәкен Ниязбеков кеңестік кезеңде «Волга» автокөлігінің дизайнын жасаушылардың құрамына қатысқан.
- Қазақстан Республикасының Туының өлшемі -1:2
- 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Елтаңба жасаудың жаңа стандарттары қабылданған.
- Елтаңбада шаңырақты көтеріп тұрған 72 уық бар. Ол «Бір ел, бір халық, бір мақсат» тұжырымдамасы негізінде жасалған.
- Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы – Жандарбек Мәлібеков «Өзбекстанның еңбек сіңірген сәулетшісі» атағының иесі.
- Қазақстан Республикасының заңнамалар жинағында рәміздерге арнайы 3 бап берілген.
- Қазақстандағы ең үлкен ту Астана – «Атамекен» этномемориалдық кешеніндегі Мемлекеттік рәміздер алаңында орналасқан. Биіктігі – 111 метр. Кешен 2009 жылы салынған.
- Қазақстан Әнұраны жазғы және қысқы Олимпиада ойындарында 36 рет шырқалды. Қазақстандық спортшылар тәуелсіз мемлекет тарихында нақ осынша алтын медальды жеңіп алды.
- 1992 жылы мемлекет рәміздеріне арналған байқаудың финалында Мемлекеттік Елтаңбаның 245 жобасы мен 67 сипаттамасы қарастырылған болатын.
yvision.kz сайтынан алынды