Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Биыл Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздеріне – 30 жыл. 4 маусым күні Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтті. Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұраны алғаш рет ресми түрде 1992 жылы тағайындалды. Сол себепті осы атаулы мереке барша қазақстандықтар үшін маңызы зор айрықша мереке. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет әрқашанда басым болмақ. Себебі ол Отанға, жерге, елге деген құрмет.

Рәміз – грек тілінен аударғанда «символ» деген мағына береді. Дүниежүзіндегі мемлекеттің ресми рәмізділігі үш бірлікті білдіреді, олар Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Әнұран. Барлық әлемдік ареналарда Қазақстан дегенде көк байрағымыз желбіреп, көкке көтеріледі. Міне, сол сәтте Тәуелсіз еліміздің терезесі тең, керегесі кең төрткүл әлем елдерінің қасында қатар тұрғанын көргенде кеудені патриоттық сезіммен бірге қуаныш кернейді. Ал Мемлекеттік Әнұранымыз шырқалған кезде, қолыңды жүрегіңе қойып, Отанға деген барша ыстық сезіммен бірге қосылып, айта жөнелесің. Мемлекеттік Елтаңбаға қарап, оның әрбір  көркем белгілерінің әрқайсысы халқымыздың өткені мен бүгінгі мұратының айшықты жұлдызы екенін білесің. Иә, әрқайсысының құдіреттілігі мен қастерлігі осында. Әрине, барша қазақстандықтар осы айшықты асылымыздың авторларын білуі керек. Мемлекеттік Туымыздың авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков, Мемлекеттік Елтаңбамыздың авторлары – белгілі суретшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Ал Мемлекеттік Әнұранымыздың авторлары – Шәмші Қалдяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев.Тарихи сәтте ел іргесінің қаланып, одан әрі бекітіліп, нығаюына үлес қосқан  ел азаматтарының аты мәңгілікке халық жадында сақталары сөзсіз. Халқымыздың рухын, ұлттық салт-дәстүрін, батырлығы мен даналығын, болашаққа арнаған үмітін, арман мен тілегін жеткізетін қастерлі де құнды белгілеріміз – әр қазақтың жүрегінде. Себебі олар еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін жер жаһанға паш ететін мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және ертеңі арасындағы алтын көпірден құралған жарқын да жарық бейне. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет әрқашанда биік. Оларды жүрегіңе басып, тізерлеп тағзым етіп, маңдайымызға тигізіп қастерлейміз. Себебі күннің шығысы мен батысына дейін созылған ұлан ғайыр атырапты мекенді, ұшса құстың қанаты талатын  кең даланы ата-бабаларымыз жанын беріп қорғап, келер ұрпақтың кемел болашағына арнады. Сол ата-бабаларымыздың аманат арманы орындалып, бүгінгі тәуелсіздіктің көк Туы көк аспанда желбіресе, ал Елтаңбамыз төрімізде, Әнұранымыз жүрегімізде.

Ф. Несипбаева,

Саран қалалық қазынашылық басқарма басшысының орынбасары