Арысын ардақтаған Алаш жұрты. Биыл заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толып отыр. Мұхтар Әуезов туған халқының тарихын, өнері мен мәдениетін, тұрмыс - тіршілігімен бар болмысын әлемге паш еткен тұлға.
Мұхтар Әуезов – қазақтың ұлы жазушысы, ғұлама ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Оның әдебиетке қосқан үлесі орасан. 20-дан аса пьеса жазды. Жарық көрген шығармалары шет елдердің бірнеше тіліне аударылды.
Ендеше оқырман назарына қазақтың біртуар классик жазушысының өмірбаянын ұсынамыз.
Өскен ортасы мен еңбек жолы
Мұхтар Әуезов қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Бөрілі деген жерде 1897 жылы 28 қыркүйекте дүниеге келген. Әкесі Омархан мен атасы Әуез екеуі де хат танитын сауатты адам болған. Өз заманында ұлы Абаймен сырлас, ауылдары іргелес, аралас-құралас тіршілік кешкен. Бала Мұхтардың атасы Әуез – Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғанымның туған інісі. Абайдың өлеңдерін зор ықыласпен тыңдап, қағаз бетіне түскен тың туындыларымен танысып, пікір алмасатын жақын адамдарының бірі болған. Мұхтардың бала кезінен Абай мұрасына қызығушылығын оятқан да осы атасы еді. Ескіше сауаты бар, араб, парсы, түркі әдебиетімен таныс Әуезді Абай «Әуке аға», «Үлкен қожа» деп атаған. Мұхтар дүние есігін ашқанда, Абай Әуезовтердің шаңырағына шілдеханаға барған деген де естеліктер бар.
Он бір жасында әкесі Омархан қайтыс болады. Осыдан кейін Мұхтар ауылдан қалаға немере ағасы Қасымбектің тәрбиесіне көшеді. Шаһарда оқу-білім жолындағы біршама ұзақ сапары басталады.
Өз заманында Әуезов білімдар қазақтардың бірі болды. Алдымен, Семейдегі орыс гимназиясында бес жыл, мұғалімдер даярлайтын семинарияда төрт жыл оқиды.
Әуезов Семейде «Алаш жастары» одағын құрып, түрлі үйірмелердің ашылуына ұйытқы болады. 1918 жылы мамырда Омбыда өткен Жалпықазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Семейде «Абай» ғылыми-көпшілік журналын, «Қазақ тілі» газетін шығаруға атсалысқан. 1919 жылы семинарияны тәмамдап, қоғамдық-саяси жұмысқа белсене араласады. 1922 жылы күзде Ташкенттегі Орта Азия университетіне оқуға түсіп, «Шолпан» және «Сана» журналдарына жұмысқа орналасады. Жазушының «Қыр суреттері», «Қыр әңгімелері», «Үйлену», «Оқыған азамат», «Кім кінәлі», «Заман еркесі» әңгімелері осы басылымдарда жарық көрген. 1923 жылы маусым айында Ленинград мемлекеттік университетінің тіл-әдебиет бөліміне түседі. 1924-1925 жылдары аралығында Семейдегі мұғалімдер техникумында оқытушы болып істейді. Осы аралықта «Таң» журналын шығарады. 1925 жылы Ленинградқа оралып, оқуын қайта жалғастырады. 1928 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасына қабылданды. Бұдан бөлек Қазақ ағарту институтында сабақ берді. 1934-1961 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ұстаздық қызмет атқарды.
Замандастары Мұхтар Әуезовті елгезек, бауырмал, ізгілікті, сырбаз адам деп сипаттаған.
Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы
Қазақтың заңғар жазушысы артына мол әрі бай мұра қалдырды. Елдің оқу-ағарту ісіне, драматургия саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
20 жасында Әуезов өзінің тұңғыш көлемді туындысы «Еңлік-Кебекті» жазды. Шекспирдің Ромео мен Джульетта туралы хикаясымен желілес бұл пьеса күні бүгінге дейін қазақ сахнасынан түспей келеді. «Еңлік-Кебек» ең алғаш 1917 жылы Абайдың әйелі Әйгерімнің ауылында сахнаға қойылса, 1922 жылы Орынборда жеке кітап болып басылып шықты.
Қаламгердің көптеген көркем әңгімесі, тұңғыш пьесалары Семейде жазылып, Семейде сахналанды.
Әуезовтің қаламынан отыздан аса драмалық шығарма туды. Жеке пьесалардың нұсқаларын қосса, елуден асып жығылады. Мұхтар Әуезов драматургиядағы жанрлық формалардың бәрін қамтыған: трагедия, комедия, драма да бар.
Аса терең, мәнді шығарманың бірі – «Түнгі сарын». Туындыда таптық тартыс адам тағдырлары арқылы бейнеленеді. «Түнгі сарын» – қазақ драматургиясында жағымды кейіпкерлер проблемасын шешкен туынды. «Октябрь үшін», «Тартыс» пьесаларында Әуезов реалистік драма жасаудың түрлі-түрлі құралдарын пайдаланған.
Әуезовтің абақтыға жабылғанға дейінгі шығармашылығына көз жүгіртсек, қаламгердің ұлт-азаттық қозғалыс, әлеуметтік тақырыпқа өте жақын болғанын көреміз. 1928 жылы Әуезов «Хан Кене» драмасын жазып бітірді. Алайда бұл трагедия тек алты жылдан кейін ғана, 1934 жылы театр сахнасында қойылды. Мұнда Кенесарының, Наурызбай батырдың, қазақ, қырғыз билерінің реалистік бейнелері жасалып, тарихи шындық пен көркем шындық табиғи бірлік тапқан. Бұл шығарма қоғамда қызу пікірталас туғызып, оны сахналауға уақытша тыйым салынды. Әуезовтын айтуынша, пьесаны жазбастан бұрын Орынбордан, Омбыдағы Сібір ведомствосынан, қырғыз-қазақ арасынан көп материал жинаған. Оның пікірінше, әрбір тарихи деректі әркім өзінше пайымдауы мүмкін, бірақ өзіндік тарихи тұжырымдамасы жоқ автор тарихи тақырыпқа шығарма жаза алмайды.
Мұхтардың атын көпшілікке әйгілі еткен «Абай» журналы еді. Бас редакторы Жүсіпбек Аймауытов болды. Әуезов, көбінесе, журналист, публицист, ойшыл, философ ретінде көрініп, оның негізгі мақалаларын жазып отырды. Бертін келе «Қазақ тілі», «Шолпан», «Таң», «Сана», «Жас Азамат», «Еңбекші қазақ», «Кедей айнасы», «Жаңа мектеп», «Жас қайрат» және тағы басқа газет-журналдарда саяси, мәдени-ағартушылық, дүниетанымдық бағыттағы келелі ойларын алға тартып отырды. Ұлт-азаттық сарындары да осы кезеңде қалыптаса бастады. Алғашқы жылдары жазылған көркем шығармаларында елдің тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік жағдайы суреттелсе, 20-шы жылдардың ортасына қарай ұлт тағдырына деген алаңдаушылығы шығармаларында жиі көрініс тапты.
Әлемге әйгілі «Абай жолы»
роман-эпопеясы
«Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан». Бұл Абай елінде туып, жастайынан ақынның өсиеттерін құлағына сіңіріп өскен Мұхтар Әуезовтің сөзі.
«Бір жылы жазғытұрым өз әкем Абай кітабы келеді деп, өзімді көп уақыт бір үлкен сыйлық беретіндей дәмелендіріп жүріп, аяғында қар кетіп, ақ шығып келе жатқанда сол кітапты әкелді. Абайдың өлеңдерін жақсы көрдім. Бәрін ұқпасам да, ұйқастың өзі де қызығатындай әсер етеді. Бірақ әкем ылғи жаттатқанда, қайдағы ұзақ қиын сөздерді беретін. Соның ішінде «Ат сынынан бастап», «Алланың өзі де рас, сөзі рас» деген өлең сөздерін жаттағанымды білемін», -деп еске алған еді Әуезов.
Әуезовтің шығармашылығында «Абай жолы» романының орны бөлек. Әуезов Абайдай ұлт мақтанышын дүниежүзіне танытқан қаламы қарымды қаламгер. Әуезов өзінің роман-эпопеясында қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан-жақты ашып көрсетті. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы әлемдік деңгейде «ХX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» (Луи Арагон) деген жоғары бағаға ие болды.
Алайда «Абай жолы» оңай жазыла салған шығарма емес. Әуезов кесек туындыны дүниеге әкелу үшін талай мұрағатты ақтарып, қаншама адаммен сырласып, ұйқысыз түндер өткізді. Роман жарық көргеннен кейін де, қайта-қайта қудаланып, сынға ұшырады. Бірақ жазушы еш мойымады.
Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын жазуға 30 жыл уақыты кетті. Он тоғыз жасынан Абай туралы жазуды ойға алып, он жеті жыл үздіксіз ізденіп, он екі жыл ішінде жазып шықты. Әуезов алғашқыда екі кітаптан тұратын «Абай» (1942, 1947), одан кейін мұның жалғасы ретінде «Абай жолы» (бұл да екі кітаптан тұратын, 1952, 1956) романын жазды. Осы төрт томнан тұратын «Абай жолында» қазақ қоғамының алуан түрлі топтары кең қамтылып, сан қырлы тұтас галерея жасалды.
Алғашқы екі кітаптан тұратын «Абай» романы үшін жазушыға 1949 жылы КСРО мемлекеттік сыйлығы табысталды. Ал төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясы басылып шыққаннан кейін, 1959 жылы Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды. Кейіннен роман-эпопея бірнеше тілге аударылды.
Мұхтар Әуезовтің отбасы
Мұхтар Әуезов өмірінде төрт рет үйленген. 1917 жылы аттастыру салты бойынша ағайын-туыстың қалауымен 15 жастағы Райханмен отау құрады. 1918 жылы отбасында Мұғалима есімді қыз дүниеге келді, әкесі қызына өмір бойы қамқорлық көрсетіп өткен. Бір жылдан кейін Шоқан есімді ұлдары туады. Алайда ол ерте қайтыс болып кеткен. 1920 жылы Райхан 18 жасқа толғанда, Мұхтар онымен ажырасады. Сүйікті қызын өзімен бірге алып кетеді.
Кейін Мұхтар Абайдың ұлы Тұрағұлмен жақын достасып, оның қызына, яғни Абайдың немересі Кәмилаға үйленеді. Бірақ бұл неке де ұзаққа созылмайды.
1923 жылы Мұхтар Әуезов Ленинградта оқып жүргенде, болашақ жары Валентина Николаевна Кузьминамен (кейін Әуезова) танысады. Екі жас оқу бітірген соң, Ташкентке көшеді. Әуезов қаладағы Ортаазиялық университеттің аспирантурасына түседі. 1929 жылы ерлі-зайыптылардың Лейла есімді қызы, ал 1935 жылы Ернар есімді ұлдары дүние есігін ашады.
1937-38 репрессия жылдарынан кейін Мұхтар Әуезов Фатима Ғабитовамен бас қосады. Фатима Ғабитова Мұхтарға Мұрат есімді ұл сыйлайды.
Мұхтар Әуезовтің балаларының ішінде қазір Мұрат Әуезовтің ғана көзі тірі. Ол бүгінде белгілі мәдениеттанушы-ғалым, қоғам қайраткері.
sputnik.kz сайтынан алынды