СӘРСЕНБІ КҮНІ ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ЕРАЛЫ ОСПАНОВТЫҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН ҚАЛА ӘКІМДІГІ ЖАНЫНДАҒЫ КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ІСТЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ.
Күн тәртібіндегі басты мәселе – кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу.
Жиынға қатысқан білім мекемелерінің өкілдері аталған мәселеге қатысты атқарылған шаруаларды баяндады.
Иә, қазіргі қоғамда орын алып тұрған келеңсіз қылықтың бірі – адамның өз жанына қиянат жасап, өз-өзіне қол салуы оқиғасы жиілеп тұр. Соңғы уақытта ақпарат құралдары, әсіресе, әлеуметтік желілерде балалар арасындағы суицид мәселесі қызу талқыланып жатыр. Бұндай жаратылысымызға жат әдеттерден арылудың жолы рухани кеселден өзімізді қорғау арқылы болмақ.
Бірінші болып Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің психологы Елена Козлова аталған мәселе бойынша оқу орнында атқарылған жұмыстар туралы баяндап өтті.
«Оқу жылының басында жаңадан келген контингентке сауалнама жүргізілді, нәтижесі-ЕПНАТЕС (ерекше педагогикалық назар аударуды талап ететін студенттер) тобы анықталды. Колледж директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары мен аталған оқу орнының психологы топ жетекшілеріне аталған жасөспірімдермен жұмыс жасау бойынша бірқатар ұсыныстар берді. Бұдан бөлек психологпен және сынып жетекшілерімен тәуекел тобындағы студенттерді анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде», - деді Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің психологы Елена Козлова.
Сонымен қатар психолог маманның айтуынша, аталған білім ошағында ай сайын студенттердің бос уақыттарда түрлі жұмыстармен қамтылуын қамтамасыз ете отыра, жастардың өмірге деген құлшынысын арттыратын денсаулық күндері, ал 1 және 2 курс студенттерімен «Шектен шықпа» тақырыбында семинар-тренингтер, аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу мақсатында ата-аналармен болатын жиналыстарда «Менің таңдауым - өмір» тақырыбындағы сұхбаттар, «тәуекел тобына» жататын студенттерді анықтау мақсатында студенттер арасында өзін-өзі тану мен өмірге деген құлшыныстарын арттыруға бағытталған түрлі сауалнамалар өткізіліп тұратын көрінеді.
Бұдан бөлек, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің психологы Елена Козлова «Колледж психологы күн сайын студенттерге психологиялық кеңес берсе, сынып жетекшілері студенттердің өз-өзіне қол жұмсауына қатысты мәселелер бойынша және зиянды заттарды (алкоголь, энергетик, вейп және т.б.) қолданудың алдын алу бойынша әңгімелер өткізіп тұрады. Сонымен қатар, өзін-өзі тану сабақтарында өмірге деген қарым-қатынас мәселелерін ашатын «Өзін-өзі тану жолы», «Өзіңе сен» және т.б. тақырыптарда түрлі дәрістер өткізіліп, ата-аналар жиналыстарында «Менің балам – жасөспірім» атты жадынамалары таратылды. Одан бөлек, колледждегі форум-театрдың студенттеріне «Буллинг» тақырыбындағы спектакль көрсетілді. Аталған іс-шарада оқу орнының 150-ден астам студенті қамтылды», - деді.
Сондай-ақ, колледж психологы Елена Оскаровна топ жетекшілеріне арналған «Білім беру кеңістігіндегі студент жастар арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бойынша профилактикалық іс-шаралар» тақырыбында семинар, ал «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі жастардың аутодеструктивті мінез-құлқының алдын алу бойынша тәрбие жұмысының аспектілері» тақырыбында жас топ жетекшілерімен кездесу өткізген екен.
Ал ата-аналармен жұмыс жасау мәселесіне келетін болсақ, бұл тұрғыда Елена Оскаровна топ жетекшілерімен бірлесе отыра, ата-аналарға балаларының бос уақытын бақылау және жасөспірімдердің әлеуметтік желілерін қадағалау бойынша әңгімелер мен түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
Осы тектес жұмыстар Саран техникалық колледжінде де жүргізілген екен. Бұл туралы комиссия отырысы барысында аталған оқу орны директорының орынбасары Айдана Битуова мәлімдеді.
Оның баяндауынша, Саран техникалық колледжінде студенттер арасындағы суицидалды мінез-құлықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарда келесідей міндеттер алдыға қойылған.
Біріншіден суицидалды мінез-құлықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар шұғыл әлеуметтік психологиялық көмекке мұқтаж балаларды анықтауға, екіншіден психикалық күйде, қарым-қатынаста, дамуда, оқытуда туындайтын проблемалардың уақтылы алдын-алу үшін студенттер мәртебесінің ерекшеліктерін зерттеуге, үшіншіден қиын өмірлік жағдайда білім алушыларды психологиялық-педагогикалық қолдау үшін жағдай жасауға, төртіншіден өзіндік позитивті бейнені, жеке тұлға мен өмір құндылықтарын қалыптастыру үшін жағдай жасауға, бесіншіден дағдарыс жағдайына тап болған баланың отбасына психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуге бағытталған.
Мәселен, үстіміздегі жылғы қыркүйек айында аталған оқу орнында 1-курс студенттерімен суицидтік мінез-құлыққа бейім студенттерді анықтау мақсатында жеке тұлғаның суицидтік бағытын зерттеу диагностикасы жүргізілген. Айдана Мейрамбекқызының айтуынша, зерттеу нәтижесінде суицидтік мінез-құлыққа бейім деп танылған студенттермен жұмыс жасау адамның өз-өзімен, өзгелермен және жалпы қоршаған ортамен қарым-қатынасындағы салыстырмалы тұрақты тепе-теңдікке жету процесі ретінде жасөспірімдерде оң өмірлік ұстанымды қалыптастыруға негізделген.
«Оқу жылының басында 1 курс студенттерімен оқытудың жаңа жағдайларына бейімделу деңгейінің диагностикасы, көшбасшылар мен қабылданбаған топтарды анықтау үшін топтардың социометриясы жүргізіледі, топ кураторлары мен топ шеберлері үшін ұсыныстар жасалады.
Ал «Тәуекел тобының» студенттерімен психологиялық сұхбаттар мен сабақтар, эмоционалды өзін-өзі реттеуге және аутогендік жаттығуларға, әлеуметтік дағдыларға, стрессті жеңе білуге, өзіне деген сенімділікті дамытуға, жетістікке жетуге ынталандыру бойынша тренингтер, өзін-өзі бағалауды көтеруге арналған тренингтер өткізіледі», - деп мәлімдеді Саран техникалық колледжі директорының орынбасары Айдана Битуова.
Мәселен, 1 курс студенттері арасында «Буллинг» тақырыбындағы сауалнама, «Колледжде буллинг пен кибербуллингтің алдын алу» тақырыбында психологиялық сағат өткізілген екен.
Одан бөлек, бірінші курс студенттерімен эмоционалдық зияткерлікті дамыту бойынша тренингтік сабақтар өткізілген. Айдана Мейрамбекқызының айтуынша, аталған сабақтардың мақсаты - өз эмоцияларын және басқа адамдардың эмоцияларын түсіну қабілетін дамыту негізінде дүниеге сенімді және шынайы қатынасты қалыптастыру, өз эмоцияларын басқару дағдыларын қалыптастыру және басқалармен эмоционалды қарым-қатынасты дамытуды көздейді дейді ол.
Сондай-ақ, Жыл бойы студенттердің ата-аналарымен «Суицидтің алдын алу. Буллинг, кибербуллинг» тақырыптарында жиналыстар өткізілген. Онда ата-аналар суицидтік мінез-құлықтың қауіп факторларымен, суицидке бейім адамды және буллингке ұшыраған баланы сипаттайтын сөздік, мінез-құлық және ситуациялық белгілермен таныстырылған.
«Жыл бойы педагогтермен эмоционалдық зияткерлікті дамытуға арналған тренингтік сабақтар өткізілді. Осы сабақтар барысында мұғалімдер мен топ шеберлері өздерінің және басқалардың эмоцияларын танып-білу және түсіну қабілеттерін арттырды, өзін-өзі түсіну және эмоционалды өзін-өзі бақылау дағдыларын дамытты, сонымен қатар олар өздерінің ассертивтіліктерін дамытты. Бұл өз кезегінде мұғалімдердің эмоционалды күйзеліс синдромының алдын-алуға мүмкіндік береді», - деді іс-шара барысында Айдана Битуова.
Сондай-ақ, оқу жылы барысында топ шеберлері, әлеуметтік педагог, психолог «Тәуекел тобындағы» студенттердің отбасыларына барып, ондағы тұрғын үй-тұрмыстық жағдайы актілерін жасайды, ата-аналармен сұхбат жүргізеді дейді ол.
Ал Саран қаласының білім бөлімінің әдіскері Елена Коробованың баяндауынша, кәмелетке толмағандар арасындағы суицид жағдайларының алдын алу мақсатында білім беру ұйымдарында келеңсіз көріністерден тұрақты бас тартуды қалыптастыру бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Қаладағы жалпы білім беретін мектептерде «Сенім» психологиялық қызметінің жұмысы ұйымдастырылған, аталған жұмыстар аясында ата-аналармен, балалармен және жасөспірімдермен тәрбиенің, құрдастар арасындағы, балалар мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынастың проблемалық мәселелері бойынша консультациялық жұмыстар өткізіледі дейді маман.
«Барлық жалпы білім беретін мектептерде ақпараттық стендтерде өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсететін және көмек көрсететін қызметтер мен ұйымдардың байланыс деректері көрсетілген тізімдері орналастырылған. Сондай-ақ, педагогикалық кеңестерде өз-өзіне қол жұмсау қаупі бар адамды анықтап, тиімді көмек көрсету мәселесі қаралды. Педагогикалық ұжымға анықтау және жұмыс істеу алгоритмі туралы ақпарат берілді.
Қаңтар айында ата-ана құзыреттілігін арттыру, яғни баланы тәрбиелеу саласында білімнің, іскерліктің, тәжірибенің болуы, сондай-ақ қажетті жеке қасиеттер мен уәждердің болуы үшін ата-аналар жиналысы өткізілді, онда қарастырылған тармақтардың бірі «Балалардың ақпараттық қауіпсіздігі» мәселесі болды, білім алушылардың ата-аналары стендте ілінген мектептердің сенім телефондарының нөмірлерімен таныстырылды. Жасөспірімдік суицидтің алдын алу бойынша ата-аналарға дәрістер өткізілді», - деп мәлімдеді жиын барысында Елена Александровна.
Бұдан бөлек, Елена Александровнаның мәлімдеуінше, педагог-психологтармен суицидтік көріністердің алдын алу бойынша күшейтілген жұмыс жүргізілген. Осы орайда қала мектептері базасында «сенім телефондарының» нөмірлері берілген стендтер ресімделіп, білім алушылар мен олардың ата-аналарына сенім телефондарының, атап айтқанда, «Сенім» әлеуметтік-психологиялық қызметінің «111» сенім телефонының жұмысы туралы ақпарат берілген. Сонымен қатар, жасөспірімдердің ата-аналарымен қарым-қатынасы мәселесі бойынша «жоғары сынып оқушысына кеңестер» жадынамалары таратылған, оқушыларға «сенім телефонының» мақсаттары мен міндеттері туралы ақпарат беріліп, оларға қиын өмірлік жағдайға тап болған жағдайда қайда және қандай көмек көрсетілетіні туралы ақпарат берілген екен. Ал буллингке қатысты ата-аналармен «Интернет желісіндегі балалардың ақпараттық қауіпсіздігі» тақырыбында жиналыс өткізілген.
Елена Александровнаның баяндауынша, балалар мен жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында қала мектептері құқықтық жалпы білім беруге жүйелі түрде қатысып тұрады. Студенттер мен оқытушылар дәрістер мен кеңестер түрінде мамандардан білікті көмек алады. Бүгінгі таңда 15 құқықтық әмбебап тренингтер өткізіліп үлгерген екен.
Кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу және «Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу жөніндегі жобаны» іске асыру мақсатында 8 жұмыс тобы құрылған. Мобильді топтардың құрамына бірінші басшылар, білім бөлімі мен полиция бөлімінің өкілдері, ата-аналар комитетінің, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері енгізілген.
«Кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу мақсатында білім беру ұйымдарының педагог-психологтары Қарағанды облысы білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығында өздерінің білімдерін жетілдіріп тұрады», - деді білім бөлімінің әдіскері.
Отырыс барысында Елена Коробова осы және басқа да атқарылып жатқан іс-шаралар жайлы айтып берді.
Жиынды қорытындылаған қала әкімінің орынбасары «Бүгінгі жиында маңызды мәселелер қаралды. Әсіресе балалар арасында суицид - өткір мәселелердің бірі. Біз комиссияның отырыстарын жүйелі түрде өткіземіз. Бұл жасанды жұмыс емес, біздің қоғамдағы өзекті мәселені талқылауға арналған отырыс. Осы бағытта алдағы уақытта түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек», - дей келе, жауапты сала мамандарына тиісті тапсырмалар жүктеді.
Өз ойым
Біз өз кеземізде суицидтің алдын алу үшін теологтарды да тартсақ, артықтық етпейді дер едік. Әдетте дін өкілдері өздерінің жұмыс жоспарына сәйкес Саран қаласындағы білім беру орындарының оқушыларымен, колледждер студенттерімен діни экстремизмның алдын алу бағытында түсінік жұмыстарын жүргізеді. Міне, сондай жиындардың күн тәртібіне міндетті түрде суицид мәселесін енгізсе дейміз. Теологтар өз-өзіне қол жұмсаудың екі дүниеде де тигізетін зардабы туралы жасөспірімдерге көбірек түсінік берсе, мүмкін, суицидке бейім жас райынан қайтар. Олай болса, теологтар мен мектеп психологтары осы бір дерттің тамырына балта шабу үшін бірлескен жұмыс жоспарын жасақтаса, уақыт өте келе ол өз нәтижесін берер деген үміттеміз. Өйткені, жүрегіне иман ұялаған жасөспірімнің мұсылманға жат әрекетке бармасы анық.
Әрине, бұл жерде, ең алдымен, баланың жанашыры ата-анасы болуы тиіс. Сондықтан ересектер баламен жылы қарым-қатынас орнатып, сенімді сырласы болуға бар ниетін салуы керек. Ойланыңыз: күйбең тірліктің соңында жүргенде ұрпақ тәрбиесін осалсытып алмадыңыз ба?! Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, суицид сыры тереңде жатыр. Оның себеп-салдарына үңілу үшін мәселенің мәнісін жан-жақты зерттей білуіміз қажет. Онсыз қоғамдық кеселге айналған өз-өзіне қол жұмсаудың кесірінен көбейетін өлім өзекті өртер өткір проблема күйінде қала бермек.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Суретті түсірген автор