«WORLDSKILLS KARAGANDA 2022» АЙМАҚТЫҚ ЧЕМПИОНАТЫНДА АБАЙ ҚҰНАНБАЕВ АТЫНДАҒЫ САРАН ЖОҒАРЫ ГУМАНИТАРЛЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ ЖЕҢІМПАЗДАРДЫҢ ҚАТАРЫНАН КӨРІНДІ.
Биыл «Worldskills Karaganda 2022» кәсіби шеберлік аймақтық чемпионатының «Кіші сыныптарда оқыту» және «Мектепке дейінгі тәрбие» құзіреттіліктері Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінде өтті. Бас-аяғы 52 құзыреттіліктен құралған аталмыш чемпионаттың осы екі құзыреттілігі Саран қаласында бірінші рет өтіп тұған жоқ. «Кіші сыныптарда оқыту» құзыреттілігі бес рет өтсе, «Мектепке дейінгі тәрбие» құзіреттілігі алтыншы рет ұйымдастырылып отыр.
Биыл «Кіші сыныптарда оқыту» құзыреттілігі төрт модульден тұрды. Оған Қарағанды облысы бойынша 8 колледж қатысса, үш модульден құралған «Мектепке дейінгі тәрбие» құзіреттілігіне 7 колледж қатысуға ниет білдірген.
- Жылда чемпионаттың «Кіші сыныптарда оқыту» және «Мектепке дейінгі тәрбие» құзіреттіліктері біздің колледжде өтеді. Биылғы чемпионаттың бір ерекшелігі бағалау жүйесі «CІS» бағдарламасымен бағаланды, - деп атап өтті Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің педагогика, психология пәндерінің оқытушысы, «Кіші сыныптарда оқыту» құзыреттілігінің бас сарапшысы Ақсәулем Копишева.
Үш күнге созылған байқауға сақадай сай дайындалған қатысушылар кәсіби білімі мен ұсынылған тақырып бойынша оқу тапсырмаларын орындау, интернет-ресурстармен жұмыс жасай білу, сонымен қатар заманауи білім беру және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана отырып, жасалған сабақ жоспарына сәйкес сабақтың үзіндісін жүргізу дағдыларын барынша көрсете білді. Бір жағынан кәсіби білімдерін шыңдауға зор мүмкіндікке ие болды. Ал, олардың жауаптары мен жұмыстарын эксперт-компатриоттар мен жоғары санатты мамандардан құралған әділ-қазы алқасы бағалады.
Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері жыл сайын жүлделі орындарға ие болады. Биыл да колледж студенттері ұсынылған модульдерден білімі мен дағдыларын тексеріп, оқытушыларының саялы үміттерін ақтап отыр.
Илай Салтанат - МД-9-18 тобының студенті. «Worldskills Karaganda 2022» кәсіби шеберлік аймақтық чемпионатына бірінші рет қатысты. Бұл байқауда оған Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Алтын Баймбетова жетекшілік етіп, бағыт-бағдар беріп отырды.
- Чемпионат, әрине, ұнады. Мен үшін мол тәжірибе болды. Себебі үлкен жауапкершілік болды. Барлығы үміт артып отырды. Сондықтан бар күш-жігерімді жинап қатысудың өзі үлкен тәжірибе, - деп чемпионат жайлы пікірін білдірді жеңімпаз қызымыз Илай Салтанат.
Дәстүрге айналған чемпионаттың қорытындысы бойынша «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» құзіреттілігі бойынша Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің студенті Полина Котова және Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Илай Салтанат І дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал, «Кіші сыныптарда оқыту» құзіреттілігі бойынша Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Малышева Камилла ІІ дәрежелі және «Web-дизайн және даму» құзыретілінде аталмыш колледждің студенті Олжас Рахметов ІІІ дәрежелі димломды иеленді.
Облыстық чемпионаттық жабылу салтанатында Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Владимир Закамолкин мен ұйымдастыруға белсене қатысқан колледж ұжымына алғыс хаттар табысталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер болса арнайы дәрежелі дипломдармен, медальдармен, ақшалай сертификаттармен марапатталды. Сондай-ақ, аталмыш аймақтық байқауының барлық қатысушыларына қатысушы сертификаттары берілді.
Алдағы уақытта бірінші орын алған студенттер «WorldSkills Kazakhstan 2022» Ұлттық чемпионатында Қарағанды облысының намысын қорғайтын болады.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА