Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

БИЫЛ ҚАЗАҚ ЖАЗУШЫСЫ, СУЫРЫП САЛМА АҚЫН, ХАЛЫҚ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ ҮЛГІЛЕРІН ЖИНАУШЫ ТӘҢІРБЕРГЕН ӘМІРЕНОВТІҢ ТУҒАНЫНА 115 ЖЫЛ.

Тәңірберген Әміренов – 1907 жылы 15 маусымда Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Сарыжал ауылында дүниеге келген. Кейбір деректерге сүйенсек, оның  әкесі жастайынан қайтыс болған. Сол себепті анасы басқа түскен қиыншылықтарға қарамастан ұлын барынша көзі ашық, көкірегі ояу, білімді азамат ретінде тәрбиелейді.

Ақын ауыл мұғалімінен оқып, білім алып, хат таныды. Кейін халық ауыз әдебиеті үлгілерін көшіріп, жаттауды үрдіс еткен. Ақындық жолында хакім Абайдың өлеңдерін өзіне үлгі етті.  Оның алғашқы туындылары 1930 жылдары баспа беттерінен жарық көре бастаған. Өзі Абай ауданында, Семей қаласында түрлі қызметтерді атқарды. Ұлы Отан соғысы жылдары Семейдің эстрадалық концерт бюросында қазақ труппасын басқарған. Ауыз әдебиетінде ежелден қалыптасқан, кең таралған суырып салма өнеріне де жақын болған. Кезінде Маясар Жапақовпен, Жолдыкей Нұрмағамбетовпен, Шәкір Әбеновпен, Қалихан Алтынбаевпен айтысқан.

Оның шығармалары терең мән-мағынаға толы. «Пернедегі термелер» (1965), «Ленин деп халық жырлайды» (1969) жинақтары мен «Жұмбақ тас» (1967), «Қанды қанжар» (1973), «Жол мұраты» (1977) атты өлеңдер жинағы жарық көрді.  1985 жылы «Жазушы» баспасынан «Өмір өткелдері» атты өлеңдері мен сықақтары жеке жинақ болып шыққан.   Ақын 1985 жылы Семей қаласында дүниеден өтті.

Саран қаласының орталық кітапханасынан Тәңірберген Әміренов туралы жазылған «Қазақ әдебиеті», «Литература Казахстана» атты энциклопедиялық анықтамалар мен «Писатели Казахстана» анықтама кітабын алып оқуға болады. Бұл баспалардың ішінде ақынның өмірбаяны мен мұра болып қалған шығармашылығы баяндалған. Тек қана Тәңірберген Әміренов жайлы ғана емес, сондай-ақ, қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын қалдырған ұлы тұлғалар туралы құнды деректерді табуға болады.

Материалды дайындаған: Дина ӘБДІҒАЛИЕВА