АТАДАН ҰЛ ТУСА ИГІ, АТА ЖОЛЫН ҚУСА ИГІ. САРАН ҚАЛАСЫНДА ЖЫЛ САЙЫН ДӘСТҮРЛІ ТҮРДЕ ӨТКІЗІЛЕТІН «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» ҰЛТТЫҚ КОНКУРСЫНА ҚАТЫСУ ҮШІН ӨТІНІМДЕР ҚАБЫЛДАУ ЖАЛҒАСУДА.
Бұл жоба Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінен өрбіген. Яғни, ҚР Президентінің 2013 жылғы 6 желтоқсандағы №250 өкіміне сәйкес елімізде жыл сайын өткізіледі.
Мақсаты – ағайын-туысқа, көрші-қолаңға ғана емес, 17 миллион халыққа үлгілі отбасы институтын, адамгершілікті, руханиятты нығайту, жауапты ерлі-зайыптылықтың маңызын тану, ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және кеңінен насихаттау.
Конкурсқа қатысуға мүшелерінің еңбек, спорт, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жетістіктері бар, сондай-ақ қоғамдық пайдалы қызметке (волонтерлік, қайырымдылық, меценаттық, тәлімгерлік) қатысатын отбасылар жіберіледі. Ал қызметіне Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған ұйымдардың құрамына кіретін немесе кірген мүшелері бар, бұрын сотталған мүшелері бар отбасылар қатыстырылмайды.
Конкурс екі кезеңнен тұрады. Бірінші – аудандық, қалалық кезең, екінші – облыстық кезең.
Конкурсқа қатысу үшін өтінімдерді қажетті құжаттармен қоса, арнайы нысан бойынша аудандық, қалалық комиссияларға 2022 жылғы 15 маусымға дейін тапсыру қажет.
Конкурсты ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыруда.
Конкурсқа қатысуға өтінім қағаз және электрондық нұсқада қалалық комиссияға келесі құжаттар тапсырылады:
1) ата-аналардың (қорғаншылардың, қамқоршылардың) жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері, балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері;
2) асырап алушы (қорғаншы) отбасылар үшін – жергілікті уәкілетті органның кәмелетке толмаған балаға қорғаншылықты (қамқоршылықты) белгілеу туралы шешімінен үзінді көшірме;
3) неке қию туралы куәліктің көшірмесі;
4) ата-аналарының біреуі қайтыс болған жағдайда, қайтыс болу туралы куәліктің көшірмесі (болған жағдайда);
5) балаларды тәрбиелегені үшін алған көтермелеулердің, белгілі бір жетістіктері үшін алған көтермелеулердің бар екенін куәландыратын құжаттардың көшірмелері;
6) заңды және (немесе) жеке тұлғалардың ұсыным хаттары (кемінде екі);
7) отбасы мүшелерінің еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жоғары жетістіктерін куәландыратын құжаттардың көшірмелері;
8) дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім.
Құжаттарды көрсетілген мерзімнен кейін ұсынған үміткерлер конкурсқа қатысуға жіберілмейді.
Ұсынылатын құжаттардың көшірмелерін үміткерлер ұсынған түпнұсқалар негізінде аудандық (қалалық) комиссияның төрағасы куәландырады.
Комиссиялар үздік отбасыларды айқындау туралы шешім қабылдау кезінде мынадай критерийлерді басшылыққа алады:
1) отбасы мүшелері жетістіктерінің саны мен маңызы (отбасы тарихы визит карточкасы — таныстыру рәсімі);
2) отбасылық дәстүрлер және жәдігерлер;
3) отбасының рухани-адамгершілік кұндылықтары;
4) балаларының және немерелерінің жетістіктері (болған жағдайда);
5) ата-аналарының үлгі тұтарлықтай жетістіктері;
6) отбасы құрамы (отбасы мүшелерін саны – бір аумақта бірге тұрып жатқан бірнеше ұрпақтың өкілдері);
7) отбасының дарындары;
8) отбасының өмір сүру салты (саламатты өмір салты, бос уақыты және т.б.);
9) отбасының қоғамдағы беделі;
10) волонтерлікке, қайырымдылыққа, меценаттыққа қатысу;
11) облыстың (ауылдың, ауданның, қаланың) қоғамдық өміріне қатысу;
12) жетім балаларға қамқоршылық, тәлімгерлік.
Қалалық комиссияға ұсынылған құжаттар қайтарылмайды.
Құжаттар Саран қаласы әкімдігінің 209 кабинетіне, Жамбыл көшесі, 67 мекенжайына ұсынылады. Электрондық пошта Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра., анықтама телефоны: 74018.
Өз тілшімізден