ҚАСИЕТТІ МЕКЕН – ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА БІРІНШІ РЕТ ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КӘСІПТІК ОРТА БІЛІМНЕН КЕЙІНГІ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ ПЕДАГОГТЕРІ МЕН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ АРАСЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СПАРТАКИАДА ӨТТІ. БАЙРАҚТЫ БӘСЕКЕДЕ БІЗДІҢ ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ ҮЗДІКТЕРДІҢ ҚАТАРЫНАН КӨРІНДІ.
9-12 маусым аралығында Білім және ғылым министрлігі мен Салалық кәсіподақтың арасындағы әлеуметтік әріптестіктің және Түркістан облысының адами әлеуетті басқармасының ұйымдастыруымен, сондай-ақ, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары қызметкерлерінің арасында алғаш рет республикалық спартакиаданың тұсауы кесілді.
Әр өңірден кілең мықты командалардың басын қосқан жарыстың ашылу салтанаты Түркістан қаласындағы «Түркістан-Арена» көпфункционалды стадионында өтті. Екі күнге созылған тартысты жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 17 облыстан 400-ден астам техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарынан педагогтері мен қызметкерлері қатысып, өз бақтарын сынап көрді. Бұл үлкен додада Қарағанды облысының намысын қорғаған 4 колледждің ішінде Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушылары мен қызметкерлері ерлер мен әйелдер арасында өткен волейболдан бақталасты. Ерлер командасында: Жанбол Жаяубаев, Арман Байхадамов, Қуаныш Рымбеков, Иран Хайруллин, Әлішер Манаш, Жансерік Монголия мен Амангельды Козыбагаров және әйелдер тобында: Ирина Ходан, Светлана Якунина, Светлана Николаева, Гульзира Ибраева, Ляззат Жаяубаева, Юлия Горбатова мен Ирина Горшанова өнер көрсетті.
Нәтежесінде, волейбол, футбол, үстел теннисі мен тоғызқұмалақ спорт түрлерінен жиналған жалпы есептік көрсеткіш бойынша Қарағанды облысының атынан шыққан команда үшінші орынға ілігіп, 500 мың теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды. Түркістан облысы бірінші орынмен жеңіске жетсе, Қызылорда облысының намысын қорғаған команда екінші орынмен марапатталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің барлығы БжҒМ мен Салалық кәсіподақтың арнайы дипломдары мен кубоктарымен, сондай-ақ ақшалай сыйақыларымен марапатталды.
- Байрақты бәсекеде жеңімпаз деп танылған барша әріптестерді жеңістерімен құттықтаймын. Әр команданың ойыншылары осы жетістікке өзінің үлкен үлесін қосты. Бірінші рет өткізілген республикалык спартакиадада орын алу ол үлкен жетістік. Қуанышымызға шек жоқ! Енді осы жарыс жылда өтетін болды. Соған дайындалып жеңіске жете берейік. Осы спартакиадаға баруға қолдап көмек жасаған өзіміздің басшымызға, колледж кәсіподақ комитетіне, облыстық кәсіподақ комитетіне және Саран қаласының «Amanat» партиясына алғысымды білдіремін,- деп ризашылығын білдірді Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанбол Жаяубаев.
Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, биыл бірінші рет Түркістан қаласында өткен байрақты жарыс ендігі жылы да өз жалғасын таппақ.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА