Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ЖАС БУЫН ӨКІЛДЕРІ ЕРТЕДЕН КЕЛЕ ЖАТҚАН ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРЫНЫҢ БІРІ -  «АСЫҚ АТУДАН» ЖАРЫСЫП, БАҚТАРЫН СЫНАП КӨРДІ.

Асық ату – тарихы тереңде жатқан, ежелден атадан балаға мирас болған ұлттық ойындардың бірі. Өз атауына  сәйкес ойынды қыздыра түсетін де, қызықтыратын да асықтың өзі. Кезінде бір ауылдың жастары түрлі пішіндес асықтарды жинап та жарысқан.

Бүгінде ептілікті, икемділікті, ұқыптылық пен сергектікті талап ететін «Асық ату» ойыны тек балалардың ғана емес, ересектер арасында да кең таралған.

Саран қаласының тұрғындары да ұлттық ойынды насихаттап келеді. Орта буын өкілдерімен бірге жастарымыз белсенділіктерін көрсетіп, ұлттық құндылыққа асылдың сынығындай, көненің көзіндей қарауда.  «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының қосымша білім беру педагогы, «Қазақ күресі» спорттық үйірмесінің жетекшісі Нұрлан Рахимбаевтың айтуы бойынша,  аталмыш орталықтың мұрындық болуымен жыл сайын «Асық атудан» жарыстар ұйымдастырылып келеді.

Таяуда орталық пен білім ордалардағы спорттық секцияларға қатысатын балалар арасында ұлттық ойыннан сайыс өткізілді. Салауатты өмір салтын ұстануға, ұлттық спорт түрлерін дәріптеуге бағытталған ойынға 23 оқушы қатысуға ниет білдірген.  

Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан «Асық ату» жарысына қатысуға ниет білдірген жастар қатары көп болды. Жас буын өкілдерінің ойынға деген қызығушылығы жылдан жылға артып келе жатқаны көңілді марқайтып отыр.

-              «Асық ату» бойынша өткізілген жарыста балалардың басым көпшілігі ережесімен таныс болды. Білмеген қатысушыларға бірден түсіндіріп, ойын барысымен таныстырып отырдық. Бір қуантарлығы, жастардың ұлттық ойынға деген қызығушылығы жылдан-жылға артуда. «Қазақ күресі» спорттық секциясында жаттығып жүрген балаларымыз да қатысып, белсенділіктерін көрсетті, - деп атап өтті «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының қосымша білім беру педагогы, «Қазақ күресі» спорттық үйірмесінің жетекшісі Нұрлан Рахимбаев.

Орталық стадионда өткен жарыста қатысушылар ең алдымен ойынның ережесімен, мақсат-міндеттерімен, ойнау техникасымен танысты. Кейін жас ерекшеліктеріне қарай орта және кіші топқа бөлінген мектеп оқушылары кезекпен-кезек асық атудан қабілеттерін машықтап, сынға түсті.

Нәтижесінше орта топ ойыншылары бойынша Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушылары барлық жүлделі орындарды алып кетті. Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің білім алушылары: Саят Бектибаев  3-орынмен,  Мади Шакен 2-орынмен және Санжар Саттаров 1-орынмен марапатталды. 

Кіші топта да аталмыш білім орданың балалары  ептілігімен көзге түсті. Тәттімбет Елеубеков 3-орынға, Жәңгір Елеубеков 2-орынға және Меиржан Орынбек 1-орынға ие болды.

Барлық қатысушылар Саран қаласының «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының грамоталарымен салтанатты түрде марапатталды.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА