«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді қазақ. Иә, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет. Адам бар жерде тұрмыстық түйткілдердің тумауы мүмкін емес.
Қайырымдылық жасау үшін асып-тасып бай болудың қажеті шамалы, ең бастысы мейірімді жүрегің мен таза ниетің болса жеткілікті. Кез келген қиын жағдайда адам баласы әр түрлі бағытта көмек қолын соза алады. Біреулер жаны жабырқау жүргендерді жұбата отырып күлкі сыйлауы мүмкін, ал, біреулер қиын сәтте қол ұшын беріп, көмек жасайды. Міне, сондай игі істі қала әкімі Ержан Темирхановтың бастамасымен Саран қаласының мәдениет және тілдерді дамыту орталығы ұйымдастырды.
11 маусымда Саран қаласының Мәдениет үйінде жұлын бұлшықетінің атрофиясына шалдыққан Айкүміс Сәрсен есімді бүлдіршініміздің еміне көмек ретінде «Жақсылық жаса» атты қайырымдылық концерті өтті.
Көмек қолын сұраған Айкүмістің анасы Қарлығаш Саматқызының жанайқайына бей-жай қарамаған Саран қалалық жастар ресурстық орталығының еріктілері концерт барысында арнайы жəшік қойып, концертке жиналған халықты қайырымдылық жасауға шақырды.
Бүлдіршіннің еміне қаржы қажеттігін естіген көрермендер мүмкіндігінше жəшікке қаржыларын салып, бұл іске немқұрайлы қарамайтындықтарын білдірді.
Ал Қарағанды облысының Саран қалалық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы қамқорлығындағы жандардың қолдарынан жасалған бұйымдарын ұсынса, «Балқаймақ» аспазханасы жаңа піскен нан өнімдерін, Арина Меркудинова есімді дизайнер қызымыз табиғи тастардан жасалған бұйымдарын, «Зубков» жеке кәсіпкерлігі ойыншықтар мен шарлар сатып, қайырымдылық шарасына өз тараптарынан атсалысып жатты.
Ал Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өңірдің күміс көмей әншілері мен мәдениет майталмандары тегін өнер көрсетіп, мерекелік кешке өз үлестерін қосты.
Ең бір қызығы, Семей ядролық полигоны сынақтарының салдарынан кемтар болып туылған, десе де тағдырына мойымай, керісінше бар күш-жігерін күреске арнаған атақты суретші, Семей ядролық полигоны орналасқан жерден 100 шақырымдай жердегі Қарқаралы ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылының тумасы Кәріпбек Күйіков те Айкүміске қолдау көрсетуге арнайы ат басын терлетіп келген екен біздің шаһарға.
«Достар, күнделікті күйбең тірліктің қамы ешқашан бітпейді. Аз болса да, жоқ дегенде бір-екі минут уақытымызды қайырымды іске арнап тұрсақ, ол өзімізге сауап. Қай-қайдағы ішімдік пен темекіге күнде жұмсап жүрген тиын-тебендеріңізді, бүгін сауапты іске арнасаңыздар деген тілегім бар. Айкүміс жарық дүниенің есігін ашып, табалдырығын ерекше адам ретінде аттаған екен. Сол себепті де оның дамуында ерекшелік бар. Бірақ ол әр бүлдіршінге тән қарапайым тірліктер мен іс-әрекеттерді жасай алмайды, қарапайым балалар құсап есік алдына шығып, жүгіріп, ойнай да алмайды, тіпті анасына ыдыс аяқ жуып көмектесе де алмайды... Естеріңізде болсын, сіз берген әрбір тиын, Айкүміс үшін оған қанат бітіретін үлкен үміт, сонда ғана ол қарапайым қыз бала секілді өмірдің қызығына қанағаттана алатын болады. Таңдау сіздің өз еркіңізде, ал мен сіздерді дұрыс таңдау жасап, менің үндеуіме қолдау көрсетесіздер деп үміттенемін», - деп жазыпты инстаграм әлеуметтік желісінде Кәріпбек аға.
Айкүмісте 2 типті жұлын бұлшықетінің атрофиясы. Бұл ауыр генетикалық диагноз, ағзадағы ақуыздың сіңірілмеуі, онда барлық бұлшықеттер біртіндеп әлсірейді, бала қозғалуды тоқтатады, содан кейін дем алуды. Қазір мемлекет бұл ауруға шалдыққан балаларға көмектесе бастаған, алайда Айкүміс жасына байланысты ол тізімге енбей қалып отыр.
Генетикалық аурудың қауіптілігі сол, уақтылы емдемесе бұлшық етпен қоса жүрек пен өкпе семіп, бүлдіршін өліп кетуі мүмкін. Әлемде бұл дертке дауа болар үш-ақ препарат бар. Бірақ олар өте қымбат. Мәселен, «Спинраза» 53 млн теңгеден асады. «Рисдиплам» –145 млн, «Золгенсма» шамамен 1 млрд теңге. Айкүміске керегі осы ең қымбат «Золгенсма» препараты.
Сәбидің сауығып кетуі үшін Zolgensma деген укол қажет болғаны бұған дейін ғаламторда көп айтылған болатын. Әлемдегі ең қымбат укол 1 миллиард теңге тұрады. Қайырымды жандардың арқасында бірнеше сома қаражат жиналды. Десекте, жиналған қаражат Айкүмістің еміне қажет сомаға жетпей тұр.
Қайырымдылық концерттен түскен қаржы Айкүмістің анасы Қарлығашқа табысталды. Енді Айкүмістің еміне 630649098 теңге қаражат жинау қалды.
«Бізге қол ұшын созған Саран қаласының әкімдігіне, Мәдениет үйіне, қаланың ерікті жастары мен кәсіпкерлерге шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Әсіресе, осындай қиын кезеңде бізбен бірге қайғымызды бөліскен қала әкімі Ержан Темирхановқа алғыс айтамыз. Ержан Оралұлын барлық әкімдерге үлгі десек, артық айтпаған боламыз! Неге десеңіз, ол кісі осынау қысылтаяң сәтте бізге тек сөзбен ғана емес, сонымен қатар нақты іспен қолдау көрсетіп, қол ұшын созды», - деді өз кезегінде кішкентай бүлдіршіннің анасы Қарлығаш Саматқызы.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Фото: Султанбек Егембергенов