САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ НАКОЛОГИЯЛЫҚ МӘЖБҮРЛЕП ЕМДЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАНДАРЫ КӘСІБИ МЕРЕКЕГЕ ОРАЙ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ГРАМОТАСЫМЕН МАРАПАТТАЛМАҚ.
Елімізде жаздың шайма жуақ күндерімен бірге коса келетін айтулы мерекелер көп. Солардың бірі – адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жандарға арналып отыр.
Маусымның әр үшінші жексенбісі – денсаулығымыз сыр беріп, жанымыз қысылғанда көмек қолын созуға қашанда дайын тұратын медицина қызметкерлеріне арнайы құрмет көрсетілетін, еселі еңбектері еленетін күн. Осы айтулы датаға орай Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық психикалық денсаулық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорыны Саран қаласының накологиялық мәжбүрлеп емдеу орталығының ұжымымен тілдесіп, қалыптасу тарихына көз жүгіртіп, тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.
Наркологиялық қызметтің негізін қалаушы және облыстық наркодиспансердің бірінші бас дәрігері – Мельников Евгений Александрович болды. 1985 жылға дейін наркологиялық диспансер РТБ зауытының өнеркәсіптік кәсіпорнында бөлімше ретінде жұмыс істеген. Онда бір жағынан науқастарға ем шаралары көрсетіліп, тәуелділіктен емдесе, екінші жағынан емделушілер жұмыс та істеді.
1985 жылдан бастап облыстық наркологиялық диспансер 290 төсектік қалалық наркологиялық аурухана болып қайта құрылды. Ол кезде мекемені қиын сәтте кадрды сақтап қалуға бар күшін жұмылдырған Н.А. Чуйкин басқарды. 1993 жылдың қаңтар айынан бастап облыстық наркологиялық аурухана «Қарағанды облыстық медициналық әлеуметтік көмек орталығы» болып өзгертілді. Бұл уақытта Алимбаев Бекым Абусанович директордың қызметін атқарған. 2005-2010 жылдар аралығында Ескалиева Алтынай Төкенқызы басқарған уақытта «Жол картасы» бойынша орталыққа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кейін орталықты 2010 жылдан бастап 2013 жылға дейін Сагинов Азим Мусанович басқарды. 2015 жылы Қарағанды облыстық медициналық әлеуметтік көмек орталығы «Мәжбүрлеп емдеудің облыстық наркологиялық ұйымы» болып қайта құрылды. Ол кезде басшының қызметін Бекембаев Жаксылык Рахманберлинович атқарды. Ал, 2020 жылдың мамыр айынан бастап орталықтың басшысы болып Кажикаримов Сапар Сауменович тағайындалды.
2021 жылы орталық Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық психикалық денсаулық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорыны Саран қаласының накологиялық мәжбүрлеп емдеу орталығы болып қайта құрылды. Осы уақыт аралығында тарихы тереңде жатқан орталықта Труханов Н.И., Камзиев Э.К.,Чередников Г,М., Алимбаев Б.А., Лубанец Н.В., Салдин Н.М., Пятыгина Л.В., Волкова Л.И., Сидоренко М.В., Молчан М.И., Волков В,В., Новиков Г.Ф., Заренков Г.Г., Черткова Л.А., Лазаренко В.И., Кусатпаева Б.С., Попечителева А.Н., Бородина Ш. сынды талай білікті мамандар, дәрігерлер қызмет етті.
Қазіргі уақытта орталықта 85 медицина қызметкері қызмет етуде. Дәрігерлер таңғы сегізден бастап жұмыс орнына келіп, қызметтеріне бел араласа кірісіп кетеді. Ең алдымен науқастардың қал-жағдайын бақылап, түнгі кезекшілікте жиналған мағлұматтармен танысады. Ақ халатты абзал жандар науқастармен жеке де топтық жұмыстарды да атқарады. Тек олармен ғана емес отбасыларымен де тығыз жұмыс істейді. Емделіп шыққан науқастарды назардан тыс қалдырмай, әрдайым бақылауда ұстап отырады.
Аталмыш орталықтың нарколог дәрігері Данагүл Садыкованың айтуы бойынша, орталықта жұмыс істейтін дәрігерлердің негізгі міндеті – науқастарды созылмалы алкоголизмнен, нашақорлықтан және уытқұмарлықтан тәуелділіктен емдеу.
«Біздің пациенттерімізді медицина қызметкерлері қарайды. Атап айтқанда, дәрігерлер оңалтудың емдік бөлігімен айналысса, психологтар жеке және топтық тренингтер өткізеді. Сондай-ақ пациенттер еңбек оңалтудан өтеді» - деп атап өтті Данагүл Аманжолқызы.
Бүгінде орталық ұжымы наркологиялық қызмет ардагерлерімен кездесулерді өткізуді дәстүрге айналдырып отыр. Кәсіподақ салтанатты, мәдени іс-шаралар ұйымдастырады, облыстық қоғамдық іс-шараларға белсене қатысады. Кәсіби мерекеге орай да еселі еңбектері еленіп, ерекше ықыласқа бөленеді.
- Кәсіби мерекеге орай барлық ақ халатты абзал жандарға, ең алдымен зор денсаулық, отбасыларына амандық тілеймін. Еліміз тыныш, аспанымыз ашық болын. Әлбетте, одан әрі де науқастарды емдеуді, құтқаруды, көмектесуді жалғастыратын боламыз. Сондай-ақ, биыл екі қызметкеріміз Қарағанды облыстық психикалық денсаулық орталығының грамотасымен марапатталатын болады, - деп атап өтті Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық психикалық денсаулық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорыны Саран қаласының накологиялық мәжбүрлеп емдеу орталығының басшысы Сапар Кажикаримов.
Асқан жауапкершілікті талап ететін дәрігер мамандығын игеру үшін көп еңбек ету қажет. Әлемдегі ең қасиетті мамандықтың иелерін біз де кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз. Еселі еңбектеріңіз еленіп, халықтың алғысына бөлене беріңіздер.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА
Фото: Камила ОСПАНОВА