ЖЕТПІС ЖЫЛҒА ЖУЫҚ ТАРИХЫ БАР ҺӘМ БҮГІНДЕ ЕҢСЕСІН ТІКТЕП ӨРКЕНДЕП ӨСІП КЕЛЕ ЖАТҚАН КЕНДІ ӨЛКЕ САРАН ШАҺАРЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК САЛА ТӨҢІРЕГІНДЕ АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН ІЛКІМДІ ІСТЕР ЖЕТЕРЛІК.
Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейінгі аралықтағы маңызды мәселелер мен күрмеуі қиын күрделі шаруалар да шешімін тауып келеді. Жетімін жетелеп, жесірін жерге қаратпай, үйсізге үміт, күйсізге күліп қарайтын мейірімді шаһарымыз қай кезеңде де бауыр басқанға да, сасқанға да сая болған һәм күні бүгінге дейін солай. Ендеше, Саран шаһарындағы дертке шалдыққандарға демеу болатын орталықтар мен мейірімді мекемелердің атқарып жатқан қызметтеріне атбасын тіреп көрсек.
Өмірде жүректі елжірететін де, көңілді қынжылтатын да жағдайлар кездеседі. Біріне қуанып, біріне қуарып екі түрлі сезімнің етегіне еріп өмір өрнегін саламыз. Сүрінгенге сүйеніш, тайғанға таяныш болу – қазақы қанымызда қашаннан бар қасиет. Біреудің жоғына жомарттық танытып, қолыңнан келсе қолдау білдіру, қолтығынан демеу, жақыныңа жанашыр болып, жат адамға да жәрдемдесу – пендеге деген іштарлығыңды жойып, өмірге деген құштарлығыңды оятатын ғажап сезім емес пе? Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда адалдық пен адамдықты, мейірім мен махаббатты, қамқорлық пен қайырымдылықты насихаттап қана қоймай, іс жүзінде игілікті шаралар атқарып келе жатқан Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының» Қарағанды облысы Саран қаласының Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ орталығын айтуға болады.
2010 жылы негізі қаланған Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы - психоневрологиялық патологиялары бар 18 жастан асқан адамдардың тәулік бойы тұрақты тұруына арналған стационарлық үлгідегі ұйым болып табылады.
Мұндағы 1 және 2 топтағы мүгедектердің барлығы арнаулы әлеуметтік қызмет алушылар қатарына жатады.
Ұйымның негiзгi мiндеттерiне келсек, ол, ең алдымен, осы стандартта белгiленген көлемдерге сәйкес арнаулы әлеуметтiк қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, қызмет алушылардың жеке қажеттiлiктерiн ескере отырып, олардың жеке даму деңгейiн арттыруға, әлеуметтендiруге және кiрiктiруге бағдарланған арнаулы әлеуметтiк қызметтiң сапасы мен тиiмдiлiгiне ұдайы назарда ұстау да біздің мекеменің негізгі міндеттері болып есептеледі.
Сонымен қатар, ұйымда, біріншіден, қызмет алушыларды қабылдағасын, олардың сырқатын, хал-ахуалының ауырлығын, жасын ескере отырып орналастырады, оларды жаңа жағдайға бейiмдеу жөнiнде iс-шаралар өткiзеді, екіншіден, қызмет алушылардың жеке басына қол сұғылмаушылық пен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етеді. Одан бөлек, қолайлы моральдық- психологиялық жағдай жасау, қызмет алушыларға осы стандартқа сәйкес сауықтыру және әлеуметтiк оңалту ем-шараларын ұсыну арқылы жан-жақты көмек көрсету де – мекеменің негізгі функцияларының бірі. Сонымен бірге, мүгедектерге әлеуметтiк, медициналық және кәсiптiк оңалту жүргiзіледі, қызмет алушылар мен олардың отбасы мүшелерi әлеуметтiк қызмет көрсетудiң көлемi мен түрлерi, iшкi тәртiп ережесi туралы хабардар етіледі. Оның сыртында еңбектi ұйымдастыруды жақсарту, персоналдың бiлiктiлiгiн арттыру және қаржы-шаруашылық қызметiн сауатты жүргізу сияқты күнделікті ағымдағы жұмыстары жетіп артылады.
Қазіргі таңда Саран қаласының Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында қамқорлыққа алынған 519 науқас жандар бар. Оларға жұмыс өтілі 3 жыл немесе одан да көп жылды қамтитын жоғары санатты һәм білікті 48 медицина қызметкерлері қызмет етеді. Олардың қатарында стамотологтар да, терапевт-дәрігерлер де, гинекологтар да, хирург та, психиатр да, әлеуметтік қызмет түрлерін көрсететін медициналық білімі бар мамандар да бар.
Оңалту іс-шараларын ұйымдастыру үшін емдеу, еңбекке баулу, оқыту, мәдени және тұрмыстық қызмет алу үшін барлық жағдай жасалған. Ол науқастардың гигиеналық нормалар мен талаптарға сәйкес дамуын қамтамасыз етеді.
Қызмет алушыларды қабылдау және орналастыру қабылдау бөлмесінде жүзеге асырылады, онда антропометрия, денені санитарлық өңдеу және жалпы практика дәрігерінің алғашқы тексеруі жүргізіледі, содан кейін қамқорлықтағы адам жағдайының ауырлығын, жасын және жынысын ескере отырып, тұрғын корпустарына орналастырылады. Тұрғын корпустарында мүгедектерді арбамен тасымалдауға арналған 4 лифті мен 15 пандус қарастырылған. Медициналық - әлеуметтік мекеменің ғимараты ЖӨБ жалпы ауданы 23676,3 ш.м. құрайтын 5 га аумақта орналасқан. Үш қабатты екі тұрғын корпустан, әкімшілік-медициналық корпустан, білім беру корпусынан (еңбек терапиясы шеберханалары), монша - кір жуу кешенінен, қазандықтан, гараждан, көкөніс қоймасынан, мәдени ойын-сауық блогы бар асханадан тұрады. Мекеменің аумағы абаттандырылған, бұталар мен ағаштар отырғызылған, сонымен қатар шағын сәулет нысандары, самалжайлар мен спорт алаңдары бар жеке учаскелер де бар.
Қамқорсыз қалғандарға қамқор болып, тумаса да туысындай, жат болса да жақынындай жәрдемдесіп, кішілік пен кісіліктің, махаббат пен мейірімнің мекеніне айналған Саран қаласының Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы сондағы науқас жандардың мәңгі тұрғылықты мекеніне айналып, кеуделеріне сөнбес сәуле сыйлап тұрғандай.Шапағат Қосшығұлов
Фото: Камила ОСПАНОВА